Жеңіс сарбазы

Жеңіс сарбазы

9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесі қарсаңында Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Жеңіс сарбазы» тақырыбында іс-шара өтті. Мақсаты – Халық Қаһарманы Р. Қошқарбаевтың ерлігін еске алу және өскелең ұрпаққа насихаттау. 

Аталған іс-шараға Қарулы күштер ардагерлері қоғамдық бірлестігі Шымкент филиалының төрағасы, полковник Онбаев Серікбай Мейірбекұлы, тыл ардагері, Шымкент, Арыс қалаларының құрметті азаматы Шерім Медеу, Желтоқсан ақиқаты РБҚ ШҚ төрайымы Оспанова Гүлмира, Семей-сынақ қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары Қарабеков Өмірхан және де ШҚ №6698 әскери бөлімінің сарбаздары мен Түркістан облыстық Білім басқармасы Жастар үйінің тәрбиеленуші жастары қатысты. 

Іс-шарада қонақтар жастарға өнегелі, қанатты сөздерін айтып, елжанды, жігерлі қайратты болуға шақырды. Отанын қорғау әр азаматтың қасиетті борышы. Себебі, біздің ата-бабамыз осы ұрпақ өрбітіп, өсіп-өніп отырған жерімізді кезінде қасық қаны қалғанша жаудан қорғаған. Кейбіріміздің атамыз тіпті соғыстан оралмай, сүйегі бөтен елде жерленді. Соның бәрі ұрпақ қамы үшін екендігін айтты. Қазіргі жастар аталардың сол ерлігін ұмытпай, елімізді одан әрі өркендетіп, дамыған елдердің сапына қосу үшін сабағымызды жақсы оқып, білім алуымыз керек деді жиналған қауым. Сонымен қатар, С. Нұрмағамбетов атындағы №72 ЖОББ мектеп оқушылары автомат шашу, ОЗК өнерінен көрініс көрсетті. Жастардың уақытты тиімді ұйымдастыру орталығы «Балөнер» жас актерлер мектебі әншілерінің орындауында патриоттық әндер шырқалып, Р. Қошқарбаевтың өмірі мен еңбек жолы және батырдың ерлігі туралы баяндама оқылды.