ӨШПЕС СӘУЛЕ ЖАҚҚАН ШАҢЫРАҚҚА 30 ЖЫЛ

ӨШПЕС СӘУЛЕ ЖАҚҚАН ШАҢЫРАҚҚА 30 ЖЫЛ

Киелі мекен – Түркістанның төріндегі Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі Журналистика кафедрасының құрылғанына биыл 30 жыл. Осы бір мерейлі дата қарсаңында құтты шаңырақтан түлеп ұшқан талантты шәкірттердің лебізін оқырман қауымның назарына ұсынсақ дейміз.

Мен оқуға түскен жылы университеттің қазіргі ғимараты әлі бой көтермеген, бірақ құрылысы басталып жатқан-тын. Сол кезде іштей тезірек құрылыс бітіп, тіпті соңғы 4-ші курста болсын жаңа зәулім ғимаратта білім алсақ қой деп армандайтынмын. Ол арманым да орындалды. Ең алғаш Түркістанға барып оқисың дегенде шаң басқан ауылдық жерге бармаймын деп жылағаным есімде. Бірақ, ақ шағаладай әдемі жатақхана, кафедрадағы мейірбан ұстаздарымды, өзім сияқты арманшыл, қияли болса да әрқайсысының өзіндік амбициясы бар группаластарымды көріп, Түркістанда оқып жатқанымды ұмытып та кеттім. 

Мені әсіресе таң қалдырғаны, бірінші курстан бастап ұстаздарымыз қамқорлығына алғаны. Біздің алдымызда оқуға түскен 2-3-4 курстың студенттерімен таныстырды. Бір-бірімізбен араласып, бауырмал болуға шақырды. Бізге тек білім беруді ғана емес, адами қасиеттерді де сіңіруге тырысқаны көңіліме жылылық ұялатты. Себебі, жатақханада алғашқы айларда үйді сағынып, жалғызсырайтынмын. Кафедрамыз мен ойлаған кітапта оқып алған «қатал декан, қатал оқытушылар, әр сессия сайын қалтырайсың, құлап қалуың мүмкін» деген мифтерді жоққа шығарды. Сейдолла Садықов, Бекжігіт Сердәлі, Әтіргүл Тәшім, марқұм Әлімбет Бостанов, Досымбек Нысанбаев, Бақытжан ағай, Сахиба апай, Үміт Зұлхарова, Асхат, Әлия апайлардың тәлімін, қамқорлығын көріп өстік. Кейбір ұстаздарымды тентектеу мінезіммен ренжітіп алған кездерім де болды. Алайда Сейдолла ағай студенттерге еркіндікті өте жақсы беретін. Батыл, ойымызды ашық айта алатынбыз. Әсіресе, группаласым Айгүл екеуміздің еркелігімізді, бұзықтығымызды көтеретін. Қазіргінің тілімен айтқанда «талай косяктарымызға» көз жұма қарап, «Бұлар ақылды дәйістер» деп мейірімді жүрегімен ұрысқансып алатын. Оның бәрібір жүрегінің түбінде зілі жоқ ұрысуын біліп алған группаластар да еркінситінбіз. Қазір ойлап қарасам, ұстазымыз бізден маман ғана емес, жүзі жарқын, батыл адам да дайындағысы келген екен ғой. Ұстазым Сейдолла ағайға мың да бір алғыс, сізге осы жазбам арқылы басымды иемін. 

Түркістанды мен білім алып жүрген жылдары ұстаздарым «Көресіңдер, бұл қала рухани астана» болады дегенді жиі айтатын. «Жақсы сөз – жарым ырыс», деген, расында арада көп жылдан соң 2018 жылы Түркістан облыс орталығына айналды. Көркейді, дамыды. Біз оқуды 2003 жылы тәмамдадық. Халықаралық оқу орнында түрлі шетелдік студенттермен бірге білім алдық. Қоғамдық мәдени өмірге де белсене араластық. Марқұм аңызға бергісіз Рахманқұл Бердібайды тірідей көрген бақытты студенттер едік. Өте мықты, білімді ұстаздардың лекциясын тыңдадық. Мақсат Әліпхан, Жанымгүл Камалқызы, Ахмет Оғұр, Мақсат Шотай, Болат Қорғанбеков, марқұм Жұмабай Әбіл т.б. атай берсем көп. 

Иә, талай қызықтарды сыйлаған, жаныма өшпес сәуле жаққан жып-жылы шаңыраққа биыл 30 жыл толып жатыр екен. Жаза бергім, айта бергім келетін естеліктерім көп. Журналистика кафедрасының мерейтойы құтты болсын! Қазақ БАҚ-ның бағына, келешегіне әлі талай талмай қызмет етіп, мықты сөзі өткір жазарман, айтарман журналистер легін дайындап шығара беретіндеріңізге сенімім мол. Сіздер біздерді «болды оқу бітіріп кетті» демей, еске алып, шақырып кеш өткізіп тұратындарыңыздың өзі нағыз мейірімнің, адамгершіліктің қайнар көзі ғой. Жасай беріңіздер, аман болыңыздар, ұстаздарым! Сіздермен мақтанамын!

Жансая Сыдықбай, 

«Turkistan Media Holding» қызметкері, 2003 жылғы түлек.