ОТЫЗЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

ОТЫЗЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Журналистика кафедрасына 30 жыл. Осынау атаулы мереке қарсаңында оқу орнының 1999 жылғы түлегі, сатирик-жазушы, Қазақстан Жазушылар және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағы Сатира кеңесі төрағасының орынбасары Үміт Зұлхарованың өзі ұшқан ұясына деген құттықтау лебізін ұсынып отырмыз.

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік универитетінде Журналистика кафедрасы ашылған 1994 жылы мен Түркістандағы Араб тілі институтының 2-курсына өткен болатынмын. Оқу корпусымыз қазақ-түрік университетіне тиіп тұр. Университеттің студенттеріне қарап қызығамын. «Қалайда журналистиканы оқимын» деген арман-мақсатымды іштей әлдилеп жүретінмін. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде бастаған жазуымды Араб тілі интитутында оқып жүргенде де тоқтатпадым. Қазақ-түрік университетінің «Ясауи университеті» газетіне жазған-сызғандарымды жіберіп тұрдым. Арасында кейбір мақалаларым жарияланғанда төбем көкке жеткендей мәз боламын. 

Институттың 2-курсын бітірген соң жазғы каникул кезінде тәуекел етіп университеттің журналистика кафедрасына құжат тапсырып көргім келді. «Журналистикаға түсе алмасам Араб институтындағы оқуымды жалғастыра беремін, журналистикаға түссем, мына оқуымды тастаймын». Алдыма осындай мақсат қойып, оқушы кезден жазған мақала-өлең, әңгімелерімді жинақтап, тас түйін боп оқуға құжат тапсырдым. Бағым жанып оқуға түстім. 

Қиындықпен жеткен оқуым ғой, сабақты ыждаһатпен оқыдым. Шағын ғана кафедрамыз, оқытушы ағай-апайларымызбен еркін араласушы едік. Қызықты кештер ұйымдастырып, белсенді болдық. Қалада тәжірибеден өтетін радио-телеарна, газет-журнал, жалпы ақпарат құралдары жоқтың қасы болса да, жалғыз телеарнамыз – «Түркістан тынысы» телеарнасын айналшықтап, ақпарат жинап, университеттің «Яссауи университеті» газетіне барынша атсалысып, белсеніп жүруші едік. Осының бәрі мамандығымызды шын қалағандықтан, шын сүйгендіктен еді. Қазіргідей керемет жағдайда оқымасақ та, өзімізше бақытты, өзімізше өмірімізге риза едік. Білімді іздеген адам оны қайда жүрсе де, қандай ортада жүрсе де қол жеткізеді. Шағын ғана қалада оқығанымызбен, алған біліміміз үлкен қалалардың жоғары оқу орындарынан кем болған жоқ. Қиындықтарға қарамастан оқытушыларымыз жоқтан бар жасап, қолдарынан келгенше білімдерін аямады, біздің нағыз маман болып шығуымызға барын салды. 

Студенттік жылдарымыз Кеңес үкіметі тараған тұстағы дағдарыспен тұспа-тұс келіп, ауыр кезеңде оқыдық. Студенттік жылдарды ойласам мұздай кітапханада бүрісіп кітап, газет-журнал ақтарып мәлімет іздеген, жатақхананың аяз қарыған бөлмесінде қабат-қабат киініп, көрпеге оранып, сығырайған шырақтың жарығымен таңға дейін көз ілмей емтиханға дайындалатын сәттер көз алдыма келеді. Қазіргідей бәрі дайын заманда өмір сүрмесек те, арманымыз асқар таудай еді. Сол асқақ арманымыз бен үмітіміз жетелеп, қаншама қиындықты артқа тастадық. 

Компьютермен емін-еркін жұмыс істеп, іздеген ақпаратыңды ғаламтордан бір минутта тауып ала салатын қазіргі заман емес. Кітапханада кітап қоры аз. Барының өзі көбіне орыс тілінде болатын. Сонда да керекті материалды тірнектеп жүріп іздеп тауып, орыс тілінен аударып, сабаққа мұқият дайындалушы едік. 

Қазір Түркістан адам танығысыз өзгерді. Университеттің мүмкіндіктері тіпті керемет. Студенттер керекті ақпаратты оңай алады, тәжірибеден өтуге барлық жағдай бар: телеарна, радио, газет, сан алуан сайт-порталдар, әлеуметтік желі... Бірақ жастардың көңілін алаңдататын артық ақпарат көп. Содан ба екен, осы күні қиындыққа мойымайтын, талапшыл, ізденімпаз жастар қатары азайып бара жатқандай. Десе де тоқырау жылдарындағы қиындықты қазіргі ұрпақтың басына бермесін. Жастардың қазіргі жан-жақты дамыған оқу ордамыздың мүмкіндіктерін пайдаланып, біліммен барынша сусындап, жаңа бағытқа бет бұрған журналистиканың қыр-сырын толық меңгеріп, өз саласының мықты мамандары болып шығуларына тілектеспін. 

Құрметті менің ұшқан ұям, құрметті ұстаздарым! Отыз жылдық мерейтой құтты болсын! Отыз жыл аз уақыт емес. Ендігі іргетасы берік, айтарлықтай тарихы бар ұжымсыздар. Бұдан ары қарай да еліміздің өркендеуіне өз үлесін қосатын мықты мамандар қатарын көбейте беріңіздер дегім келеді.

qazaquni.kz