ШУАҚТЫ ОРДАМЫЗҒА - 30 ЖЫЛ

ШУАҚТЫ ОРДАМЫЗҒА - 30 ЖЫЛ

Халықаралық Қожа Ахмет Ясауи университеті Журналистика кафедрасының негізі 1994 жылы қаланды. Бүгінде 30 жылдық мерейтойын атап өткелі жатқан Журналистика кафедрасынан талай талантты түлектер түлеп ұшты. Атаулы мереке қарсаңында оқу орнының ұлағатты ұстаздарының шәкірттері туралы жазбасын оқырман назарына ұсынбақпыз.

Бүгінде кафедрада 120-ға жуық студент білім алуда. Кафедрада студенттердің оқу тәжірибелік базасы ретінде «Yasaui тv», телестудиясы, «Yasaui FM» радиосы жұмыс істейді. Сонымен қатар, биылғы оқу жылында дуальды білім беру бағытында халықаралық «Turkistan» телеарнасы жанынан дәрісханамызды ашылды. Телеарнада ашылған аудиторияда магистр оқытушылар, практик-мамандар Самат Сүлей, Жанерке Хумар студенттерге дәріс беріп, телевидениенің мүмкіндіктерін молынан пайдаланып, білімдерін шыңдай түсуге жағдай жасалуда. 

2021 жылы Қазақстандағы журналист мамандарын даярлайтын ЖОО-лар арасында өткен пәндік олимпиадада І-орынды иеленіп, ауыспалы кубокты жеңіп алдық. Сөйтіп, 2021 жылы пән олимпиадасын Ясауи университетте өткіздік. Сонымен қатар, студенттеріміз (қажетті шарттарды орындап, тесттен өтіп) университеттің Орхун, Мевлана және ERASMUS ұтқырлық бағдарламаларына қатысып, Түркияның жетекші университеттерінде 1 семестр оқып келіп жүр. Жол шығыны біздің университетке тиесілі болса, ал басқа шығындарды серіктес университет көтереді.Сонымен қатар, тиімді меморандум түзудің нәтижесінде Түркияның TRT елеарнасында өндірістік тәжірибеден өтуге мүмкіндік туды. Тұңғыш рет биылғы жылы 5-ақпан -5 наурыз аралығында 6 студентіміз TRT-де өндірістік практикадан өтіп келді. Алдағы уақытта Түркиямен ынтымақтастықты арттыра отырып, қосдипломды білім беру бағдарламасына қол жеткізу көзделуде.

Бітірген түлектеріміз медиа саласында жемісті еңбек етіп жүр. Есімін мақтаныш етер түлектеріміз аз емес. Атап айтқанда: «Тарлан» Платиналы сыйлығының иегері Лира Қоныс пен «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Назира Байырбек – АҚШ-та, Гүлзада Қалиева, Гүлнар Маманова – Түркияда докторантурада оқып жүр. PhD, профессор Молдияр Ергебеков Сүлеймен Демирел университетінің «Журналистика» кафедрасында, Алматы Менеджмент университетінде (AlmaU) «Медиа және кино» факультетінің деканы қызметін атқарған-ды, бүгінде әріптесіміз. 

Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Айгүл Сейілова, Айнұр Мәуленова, Айнұр Қалдарбек – «Qazaqstan» ұлттық арнасында, Жолдыбай Базар – Eqemen Qazaqstan газетінде бөлім меңгерушісі; Мөлдір Мырзақасымова – «Қазақфильм» киностудиясында сценарист-редактор; Азамат Тілепов пен Алуа Тұрсынхан – «Қазақ радиосында», Динара Балаубекова – «Хабар» агенттігінде, Меруерт Палмаханова «ҚазТрансОйл» АҚ PR және ішкі коммуникациялар департаментінің директоры, Мөлдір Нәлібаева – Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінде, Нұралы Жылысбаев – «Шеврон» мұнай компаниясында, Алмат Алтай мен Бахарнұр Жұмаділ – Сыртқы істер министрлігінде қызмет атқаруда.

Түлектеріміздің арасынан бірнеше газет бас редакторлары мен медиа менеджерлер шықты. Атап айтсақ, 2008 жылғы түлегіміз Ғани Жәпишев – «Қазақстан – Ақтөбе» ТВ директоры, Жадыра Нармаханова – «Ұлан» газетінің бас редакторы, Мәлік Дәулетов – «Түркістан» қалалық газетінде бас редакторы, ЖШС директоры, Жәнібек Нұрыш – «Оңтүстік Рабат» газетінде бас редакторы, Гүлмира Аймағамбет – «Астана ақшамы» газетінің редактор орынбасары , Гүлмира Садықова – «Қазақ үні» газетінің жауапты хатшысы қызметін абыройлы атқарып келеді. Қанат Жүнісбеков, Мақсұт Айтжанов, Перизат Биназарқызы, Айжан Ермекқызы – «Оңтүстік» телеарнасында; Мариям Әбсаттар, Нұркен Қалижанұлы, Жансая Сыдықбай, Шынар Болат, Нұрлан Сұлтанбек – «Turkistan» медиа холдингінде, Жадыра Қожахметова, Бағдәулет Анарбай Түркістан облысы баспасөз қызметінде, Гүлнар Абдужаппарова – Түркістан облыстық ІІД департаменті баспасөз қызметінің басшысы, Гаухар Қабылбекова – Түркістан қаласы әкімінің баспасөз хатшысы. Өзінің жеке медиасын құрып, медианарық айдынына шыққан талапты да, талантты түлектеріміздің бірі халықаралық «Сара сөз» журналының бас редакторы Гүлжаз Қарыбекқызының есімі бүгінде бауырлас Түркияда да танымал. 

Диқан өзінің төккен терін күзгі өнімдерімен өлшейтініндей, біздің де ұзақ жылдар сарп еткен еңбегіміздің өтеуі де, бағасы да жыл сайын ұшырып жатқан түлектерімізбен өлшенбек. Сол себепті де аудиторияда отырып білім алған, тәлім алып түлеп ұшқан әрбір шәкіртіміз біздің жүрегімізде із қалдырады. Олардың жетістігі мен «кетігін тауып кірпіш болып қаланғаны» бізді қуантады. 

Әтіргүл Тәшім, 

ҚР Журналистер Одағының мүшесі, Түркістан.