Кішкене қызға күрделі ота жасалды

Кішкене қызға күрделі ота жасалды

Таяуда ғана Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының хирургтері өңешті тоқ ішігімен алмастыру бойынша күрделі операция жасады. Үш жасар қыз байқаусызда тұрмыстық тазартқышты ішу салдарынан өңешін тыртық етіп алған. Өңештің күйіп қалуы – химиялық немесе термиялық факторлардың әсерінен балалардағы өңештің зақымдануы. Өкінішке орай, балалардағы өңештің химиялық күйіктері ата-аналардың қауіпті тұрмыстық химиялық заттарды дұрыс сақтамауының салдарынан туындап отыр.

Өңеш күйгеннен кейін 70-80% тыртықтың тарылуы пайда болады. Өңештің тыртықты тарылуы кезінде барлық балаларға алғашқы кезде гастростома салынады. Кейін жіппен өңешті арнайы буж арқылы ұзақ уақыт сүмбілейді. Бірақ, 20-30% жағдайда сүмбілеу әдісі өңештің бойын толығымен тыртықтануына әкелуіне байланысты қолдануға келмейді. Аяқ астынан осындай кеселге душар болған балалардың дені көбінесе мүгедектікке ұшырап жатады. Тіпті өлімге апарып соқтыратын жағдайлар да аз емес.

Бір жылдың ішінде Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына республиканың әр өңірінен осындай жағдаймен 100-ден астам бала келіп түсетінін ескерсек, ата-аналардың балалардың өміріне қауіп тудыратын дәрі-дәрмек және тұрмыстық химиялық заттардың орнына аса мұқият болуы қажет екендігін баса айтқымыз келеді. 

Жуырда ғана, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына Қызылорда облысынан өңештің күйіктен кейінгі тыртықты тарылуы диагнозымен 3 жастағы қыз бала шұғыл түрде түсті. Кішкентай науқас «Таза қазан» тазартқыш сұйықтығын ішіп қойған. Күйіктің салдарынан балада өңеш саңылауының толығымен тыртықтанған. Орын алған жағдайға байланысты алғашқы кезеңде науқастың толық тамақтануы іштің алдыңғы қабырғасына шығарылған асқазандағы арнайы түтік арқылы жүргізілген. Ойламаған жерден осындай қауіпті дертке шалдыққан қызға өңешті толығымен тоқ ішекпен алмастыру отасы жасалды.

Осынау күрделі операцияның ерекшелігі – ас өтпейтін өңешті тоқ ішекпен алмастыруында. 

Ұзақтығы 6 сағатқа созылған ота нәтижесінде тоқ ішектің бір бөлігі кеуде қуысы арқылы жүргізіліп, одан әрі мойындағы өңештің жұтқыншақ бөлігімен жалғастырылды. Мұндай күрделі операциялар кәсіби шеберлікті, зор біліктілікті және мол тәжірибені талап етеді. Бұл отаны Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының білікті дәрігерлері хирургия бөлімінің меңгерушісі Мөлдір Қалабаева, Нұржан Афлатонов, Нышанбек Шыланбаевтар бірлесе отырып, сәтті жасап шықты. Нәтижесінде бала ауыз арқылы өздігінен тамақтана алатын деңгейге жетті. Яғни ендігі жерде өңештің қызметін тоқ ішектің бір бөлігі жүзеге асырады.

Бүгінгі күні баланың жағдайы жақсарды, Мадина есімді кішкентай пациентіміз жоспарлы бақылауға түсіп, өздігінен тамақтануда.  

Атап өте кетейік, шетелдік хирургтарды тартпай өңешті ауыстыру бойынша операциялар Қазақстанда тек Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында жүргізіледі. Жылына орта есеппен осындай 6-7 операцияда түрлі әдістерді қолданады. Бір жылдың ішінде Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында еліміздің әр өңірінен балалардың ас қорыту ағзаларының туа біткен ақаулары мен жүре пайда болған ауруларына 400-ден астам күрделі операциялар жасалады.

Соңғы уақытта өңештің бітелу себептері химиялық заттардың дұрыс сақталмауынан орын алуда. Мұның салдары балалар өңешінің қатты күйіп қалуына әкеліп соқтыруда. Осы орайда педиатрлар барлық ата-аналарды химиялық заттарды, қазан тазартқыш сұйықтықтарды сақтауға салғырт қарамауға шақырады. 

qazaquni.kz