Қазақ тілінің этносаралық қатынас тіліне айналуына Ассамблеяның қосар үлесі мол болмақ - Елнұр Бейсенбаев

Қазақ тілінің этносаралық қатынас тіліне айналуына Ассамблеяның қосар үлесі мол болмақ - Елнұр Бейсенбаев

Құрметті достар! 

Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысы болды. Жыл сайын Бірлік күні қарсаңында өтетін осынау дәстүрлі алқалы жиында Мемлекет басшысы еліміздегі қазіргі ахуалға, су тасқынының салдарларын жою шараларына, Ассамблеяның маңызына, жүргізіліп жатқан реформаларға жан-жақты тоқталып, «Біз күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана болашақ жетістіктердің тұғырын қалап, саясатта, экономикада, мәдениетте және әлеуметтік салада түбегейлі өзгерістер жасай аламыз» деп атап өтті. 

Сонымен қатар, Президент «Бірлік пен ынтымақ – ешқашан ескірмейтін құндылықтар» екенін тағы да шегелеп, осы бағыттағы нақты міндеттерді белгілеп берді. Бұл ретте, еліміздегі этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуда Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы зор. Бұл ұйым ширек ғасырдан астам тарихында өзінің қажеттігі мен өміршеңдігін көрсетті. Қазіргі су тасқынына байланысты орын алып жатқан күрделі жағдайда да Ассамблея зардап шеккендерге көмек қолын созуда белсенділік пен ұйымшылдық танытуда. 

Сонымен қатар, Президент ұсынған еліміздің жаңа идеологиялық доктринасын жүзеге асыру мен қазақ тілінің этносаралық қатынас тіліне айналуына да Ассамблеяның қосар үлесі мол болмақ. Бұл ретте Парламент Мәжілісінің депутаттары этносаралық ахуалға қатысты жұмыстарды жүйелі жүргізуде Ассамблеямен қарым-қатынасын одан әрі күшейте түсетін болады. Мұны Мемлекет басшысы осынау жиында нақты тапсырды. Біз бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан біртұтас ұлт ретінде Президентіміз межелеген қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасайтынымызға сенімдімін.

Елнұр Бейсенбаев,

Қазақ үні