«Кітап шоу» фестивалі – 2024

«Кітап шоу» фестивалі – 2024

 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқықты қорғау күні қарсаңында Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен «Кітап шоу – 2024» фестивалі өтті. Кешті Түркістан облысының құрметті азаматтары Өтепберген Қуанышбаев, Бақытжан Жармаханұлы, Кеңес Мәрсәлі, Хамза Файызұлы және Қазақстан Республикасы «Құрмет» орденінің иегері, тарих ғылымының кандидаты Баян Адырбек құттықтау сөз алып, фестивальді ашты. 

Кітап мерекесіне Түркістан және Кентау қалалық Түркітілдес халықтар кітапханасы мен Сауран аудандық орталық кітапханалары қатысып, келушілерге арнайы жасақталған көрме-инсталляцияларын ұсынды. 

Фестиваль аясында «Әдеби шаңырақ» айдарында ақын, дәстүрлі әнші, ХҚТУ-нің спорт және өнер факультеті, «Орындаушылық өнер» кафедрасының оқытушысы Мұсаев Жанғали Есқалиұлы мен ұстаз, ақын, мемлекеттік «Шапағат» төсбелгісінің иегері Бимырзаева Әселмен сырлы сұқбат өтті. «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында таңдалған жазушы Бердібек Соқпақбаев шығармаларының негізінде «Балалық шаққа саяхат» еңбегі бойынша Түркістан қаласы «АКА», «Арманда, кемелден, асқақта» шығармашылық орталығының өнерлі балалары қойылым көрсетті.

Кеш соңында «Фараб» кітапханасының директоры Жанат Сәдібекқызы қорытынды сөз алып, Түркістан және Кентау қалалық және Сауран аудандық орталық кітапханасының, Түркітілдес халықтар кітапханасының директорлары Коккулова Гүлнар, Малдыбекова Гүлзада, Құрышбаева Мария, Нальшеева Құндызайға Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Оспанова Бақытжамал Қайырбекқызының алғыс хатын табыстады. Кітап күніне белсенді қатысқан өнерапаз балаларға кітапхана директорының алғыс хаты берілді.