Филологтар съезі: Әліпби Т-34 нұсқасы қолдау алды

  16-17 мамыр күндері Астанада филологтардың бірінші съезі (тәуелсіз филологтарымыз осы сөзге әлі балама таба алмапты) болды. Түске дейінгі жұмыс біршама білім беру мекемелерімен танысу форматында өтіп, түстен кейін жиын қатысушылары алты секция бойынша мәслихатқа көшті. Біз үшін бастысы да, өзектісі де әліпби болғандықтан, «Түркі елдеріндегі латын графикасының негізінде жаңа ұлттық әліпбиді енгізу: проблемалары және оларды шешудің жолдары» деген тақырыпта өткен Дөңгелек үстел шарасына қатысу маңызды болды. Шараны Ғылым комитеті төрағасының орынбасары А.Қ. Төлешов мырза ашып, лингвокомиссия құрылғандығын және жаңа әліпби мәселелері жөнінде бірнеше шара өткендігін айтып өтті. Аталмыш комиссияға қазақ ғалымдарынан басқа түркі елдерінен де сарапшылар тартылғандығы мәлім болды. Одан әрі жүргізуді бұрынғы бас мүфти, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры Дербісәлі Әбсаттар мырза қолға алып, алғашқы сөзді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Малбақов Мырзабергенге берді. Бас тілтанушы болашақ әліпбиге таңарлық алты белгіні санамалап шықты, сондай-ақ, бетке ұстар 4 ұстаным бар екен: фонология бойынша қазақ тілінің дыбыс жүйесіне бағынуы; - графология жағынан латын таңбаларының классикалық мазмұнынан ажырамауы; - ұлттық келбетінің болуы (оның қандай екені бәрібір түсініксіз болып қалды); - түркілік ұстаным, яғни жалпытүркілік бірігу ісіне қайшы болмауы. Оған қоса, бүгінде жобаларды негізгі үш топқа бөлуге болатындығын келтірді. Алайда, қазақ тілі мәселелерін бірден бір шешетін басты мекеме басшысының бұл уәждері әлі ғылыми жағынан мойындалған немесе саяси бекітілген дегеннен гөрі, жеке ғалымның пікірі деуге тура келеді. Себебі, аталмыш институт бұған дейін әліпбиге қатысты дәйекті тұжырымды ұсынып, оны ғылыми ортада талқылаудан өткізгені беймәлім. Оның үстіне әліпби үдерісіне ғылыми мониторинг жасалып отырмағаны өз алдына. Келесі кезекте латын жазуына бізден бұрын өткен түркі елдерінің ғалымдарына сөз берілді. Атап айтсақ, Өзбекстан қазағы, филология ғылымдарының докторы Махамбет Жүсіпов өз елінің латыншаға өткеннен кейінгі графологиялық  алуан жағдайға ұшыраған ақуалына тоқталды. Ол кісінің айтуынша, Өзбекстандағы латыншаға көшкен өзбек пен қарақалпақ мектептерін былай қойғанда, 449 қазақ мектебі, 68 қырғыз, 380 орыс және 180 тәжік мектептері ештеңе болмағандай кирилше оқып жатыр. Бұл жағынан елде психолингвистикалық және социолингвистикалық мәселе қалыптасып, екі алуан графологиялық қабылдау санасы қалыптасып отырған көрінеді. Алайда, ол кісі аталмыш мәселенің бұған дейінгі тілдік және ментальдық жағынан алуандық болып келгенін сөз ете қоймады. Шамасы, ақпарат қабылдау көзінің алуандығы да адам санасының қалыптасуына әсері бар дегенді айтқысы келсе керек. Алайда, орыстілді қауымнан өзгесі ақпаратты өздерінің оқу тілдерінде алып жатқанына күмәніміз бар, демек, бұл - социолингвистің сарабы емес, филолог-ғылымның жеке уәжі ғана екенін ескерейік. Пікіршінің дерегіне қарағанда, ол елдегі өзбектің сандық үлесі 78 %, қазақтар саны - 820 мың, тәжіктер - 700 мың, 1 миллион 600 мыңдай орыстар бар. Алайда, М.Жүсіпов мырза Қазақстанда қазақтілді ақпаратпен қамту орыстілді көзге қарағанда алты есе аз болғандықтан, жаңа жазудың әлеуеті тиісінше  6 есе аз болуын ескеріп, соны бірден қолға алу мәселесін айтқаны барынша құнды шықты. Содан кейін сөз алған әзербайжан бауырымыз, Тіл білімі институты директорының орынбасары Махмудов Месуд Әзербайжанда латыншаға көшу емес, латынша әліпбиді қалпына келтіру саясаты жүргенін баса айтты және ол саясат түпкілікті жүзеге асып, бүгінде күн тәртібінен алынғандығын келтірді. Дегенмен, әзербайжанда жергілікті халық үлесі 94 пайыз екенін ескерсек, бұл тілдік орта үшін барынша мол мүмкіндік екені рас. Келесі кезекте қырғыз бауырымыз, Бішкек университеті Лингвистика және әлем тілдері институтының директоры Мұсаев Сыртбай Жолдошұұлы сөз алды. Ол кісінің айтуынша, қырғыздар 1995 жылы латын қарыпты әліпбиге даярланып, өтіп кете жаздаған. 34 дыбыстан тұратын қырғыз тілінің жаңа әліпбиі 28 әріптік әліпбиге әзірленген екен. Алайда, түрлі саяси жағдайлар қолбайлау болғаны бар, басқасы бар, бүгінге дейін бұл мәселе саяси ортада онша сөз болмай отырғандығын, алайда гуманитарлық сала мамандары мен ғалымдар арасында барынша өзекті екендігін жеткізді. Қырғыз ғалымы: «Егер сіздер өтсеңіздер - біз де қарап отыра алмаймыз!» - деді. Әрбір сөйлеушіге сұрақ қойу мүмкіндігі берілсе де оны, барынша пайдаланған бірі кісі болды. Ол - техника ғылымдарының докторы, математик Алтынбек Шәріпбаев еді. Оның сауалы кімге қалай қойылса да, классикалық А-26 әліпбиіне негізделмеген әліпби техникалық жағынан ұтымды бола ма дегенге сайды. Ақырында, сөз алған Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, белгілі қазақ фонологы Жүнісбек Әлімхан мырза әңгімені ширата  отырып, әліпбиді арақашықтыққа сөз тасушы байланыс құралы емес, оны мектепке аман-есен қалай жеткізіп, сіңіреміз деген мәселе маңыздырақ және тілді техникаға емес, керісінше техниканы тілге бейімдеу керек дегендей уәжімен технократтарды бір тұқыртып өтті. Фонолог-ғалым ортаға «Әркім өз міндетін атқарсын: фонологтар дыбыс жүйесін жаңа әліпбиге аман-есен өткізумен, графологтар әріптің тыңғылықты әрі жеңіл де жүйелі болуын қамтысын, грамматиктер емле-ережелерді жөндесін, филологтар жаңа әліпбидің қолданымын тексерсін, ал қолдарынан келсе, ақпараттық технологтар жаңа әліпбиге қажетті барлық программаларды қолға алсын, сонда бәріміз де міндетті теңдей бөліп, күрделі мәселені оңайлатамыз және тездетеміз» дегендей уәж тастады. Әрине, анда-санда қоғамды дүрліктіріп қоятын мұндай отырыстар алуан пікірді бір арнаға ұйыстыруда пайдасы зор. Осы жолы алдыңғы отырыстарда болған екіұдай пікір бір бағытқа ауысқандай әсер бар: А-26 форматы моральдық жағынан ұтылып, қатысушылардың құрамына қарай ма екен, Т-34 нұсқасы рухани қолдау алған секілді. Бұл да алға қарай бір қадам деуге болады. Өйткені, осы жолы қарама қарсы осы екі ұстанымның бір-бірімен ешқашан бірігуі мүмкін еместігі айқындалды. Алайда, бұл іргелі мәселе тиянақты түрде мемлекеттік міндетке айналып отыр деуге болмайды. Себебі, әлі күнге әр түкпірде жеке бастамамен жүрген ғалымдар анда-санда дөңгелек үстелде бас қосқанмен, үдерісті бір ұяға айналдырған жағдай жасалған жоқ. Тіпті, бұл Тіл білімі институты тарапынан да нақты зертхана ашып, мемлекеттік жоба ретінде қолға алынбай отыр. Ал, Білім және ғылым министрлігі тарапынан құрылған Лингвистикалық комиссияның ғылыми тұрпатынан гөрі қоғамдық сипаты мол екенінде сөз жоқ. Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева айтқандай, ғалымдарды бір аптаға бір орынжайға қамамасақ та, бір орталық етіп, бастарын қосып, ортақ міндетті әлі мойындарына жүктеген жоқпыз. Сондықтан бұл мәселеде әлі мемлекет тарапынан тиянақты қолға алынған шара бар деуге болмайды. Сырым Дат Abai.kz