«Ақ жол» талабы ескерілді: Үкімет ҚҚС арттырудан бас тартты

«Ақ жол» талабы ескерілді: Үкімет ҚҚС арттырудан бас тартты

Қосылған құн салығы (ҚҚС) көтерілмейді, сондықтан үкімет бюджет кірісінің басқа көзін іздеуі керек. Бұл жайлы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты, - хабарлайды «Қазақ үні». 

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қосылған құн салығының ставкасы көтерілмейді. Бюджет кірістерінің басқа көздерін табуымыз керек», – деді Бектеков.

Бұл орайда үкімет басшысы Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне республикалық бюджеттің шығыстарын да, кірістерін де сапалы жоспарлауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Әсіресе, Қаржы министрлігінің тарапынан кеткен қателіктерге тоқталып өтті. Жалпы экономикаға теріс әсер етуі мүмкін тәжірибелер қайталанбауы керек екенін айтты.

Еске сала кетейік, былтыр қазан айында «Ақ жол» демпартиясы қосылған құнға салынатын салықты көтеруге қарсы шығып, осы мәселе бойынша парламенттік тыңдау өткізуді талап еткен болатын

Сол кезде «Ақ жол» демпартиясының төрағасы Азат Перуашев Ұлттық экономика министрлігі ұсынып отырған тәсіл салықтың баға өсімі инфляциясын ескермейтінін, инвестициялық ахуалды нашарлатып, жасырын айла-шарғыларды анықтап, көлеңкелі экономиканы қысқартудың орнына, керісінше, адал кәсіпкерлерге қысымды арттырып, оларды көлеңкелі іспен айналысуға итермелейтінін айтқан еді. 

2023 жылдың 13 қазанында «Ақ жол» демпартиясы Үкіметтің ҚҚС арттыру жоспарын қатаң сынға алып, партия лидері сайлаушылардың өтінімдері бойынша Үкіметтің атқарған жұмысы туралы сөйлеген сөзінде мұның не саботаж, не сауатсыздық екенін айтты. Фракция жетекшісі Демпартияның мұндай арттыруға қарсы екенін жеткізіп, басқа фракцияларды да бизнесті қорғауға шақырған.

- Оларға жұмыс жасауға мүмкіндік беріңіздер - несиелерді қазіргі 22-23%-дан тым болмағанда 10-12%-ға дейін төмендетіңіздер; тарифтердің бөтеннің қалтасына емес, энергетиканы жаңғыртуға жұмсалуын қамтамасыз едіңіздер; президент тапсырғандай, әлеуметтік тауарлар үшін салықты азайтыңыздар. Ал, сіздер керісінше ҚҚС-ты 12-ден 16%-а дейін көтермексіздер. Бұл саботаж ба, сауатсыздық па? - деген еді А. Перуашев. 

Енді «Ақ жол» демпартиясының талабы ескеріліп, үкімет ҚҚС арттырудан ресми түрде бас тартты. 

«Ақжолдың» айқын жеңісі барша кәсіпкерлерге ақ жол ашсын дейміз. 

А. Тасқараұлы, 

Қазақ үні