ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНДАҒЫ ҚАРЖЫ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫНДАҒЫ ҚАРЖЫ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

Тұрғындар зейнетақы қорындағы қаражатқа жиі алаңдап жататыны белгілі. Әйтеуір, қаржының айналымда жүргенін іштей сезсе де, қандай мақсаттарға пайдаланып жатқанынан бейхабар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық айналымға түсетін зейнетақы активтерін тек қана нарық талаптарына сай қолдану керегін айтқан болатын. Осы ретте, жаңадан тағайындалған Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров зейнетақы қорының қанша қаражаты қандай экономикалық жобаларға жұмсалатынын айтып берді.

 «Қазір Ұлттық банк осы қордың басқарушысы ретінде сол қордың инвестициялық бағыттарын айқындайды. Яғни, қандай құралдарды инвестициялау керегіне, одан түсетін табысқа, табыс тұрақтылығы немесе салымдардың сақталуына басымдық беріледі. Біз Үкімет деңгейінде осы белгіленген инвестицияларды қай салаға жіберу керегіне жауаптымыз. Яғни қазіргі уақытта екі үлкен ұлттық холдинг бар – «Бәйтерек» және «Самұрық қазына», солардың инвестициялық жобаларын қарастырып жатырмыз. Яғни ол екі холдинг Ұлттық банк үшін кредиттік сенімділігі жағынан жоғары қарыз алушы болып саналады. Сондықтан онда салынған ақшалар кепілді түрде нарықтық табыспен қайтарылып отырады», - деп түсіндірді министр.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта зейнетақы қорынан 1-1,5 трлн. теңге алу жоспарланып отыр.«Мемлекет басшысы айтқандай, бұл қаражатты экономиканы дамытуға, экономиканың инфрақұрылымын дамытуға, өңдеуші өнеркәсіптерді дамытуға жұмсаймыз деген жоспарымыз бар», деді Н. Байбазаров.