АУЫЛДАҒЫ АУРУХАНА АСТАНАДАҒЫДАН АСЫП ТҮСПЕСЕ, КЕМ ЕМЕС!

АУЫЛДАҒЫ АУРУХАНА АСТАНАДАҒЫДАН АСЫП ТҮСПЕСЕ, КЕМ ЕМЕС!

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса Сауран ауданында жаңадан ашылған “Авиценна” емхана-ауруханасына барды. Нысан толығымен заманауи техникалармен жабдықталған, тегін дәрілер беретін дәріханасы, ота жасайтын бөлмесі, қабылдау бөлмесі, асханасы, жедел жәрдем көрсетуге арналған көлігі де бар.

Бұл медициналық нысанға қазіргі таңда 7400 адам тіркелген. Ауруханада бір уақытта 103 адам жатып, ем ала алады. Ал емханада күніне 150-200 адамға ем-дом шаралары жасалады.

Мұнда бас-аяғы 50-ден астам ақ халатты абзал жан жұмыс істейді. Ең төменгі жалақы 200 мың теңге. 

Ескі Ихан ауылында 20 000 халық бар. Бұл емхана болашақта, ем алушылардың қатарын көбейтін, сапалы медициналық көмек беруді жоспарлап отыр. 

“Авиценна” емхана-ауруханасын кәсіпкер Адылбек Усманқұлов өз ақшасына тұрғызған. Ғимарат мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізде ашылған. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса нысанды толығымен аралап шығып, осындай емхана әрбір ауылда болу керектігін жеткізді. 

-Бір-екі жыл бұрын ғана жаңадан ашылған Сауран ауданы Ескі Ихан АУЫЛЫНДАҒЫ АУРУХАНА АСТАНАДАҒЫДАН АСЫП ТҮСПЕСЕ, КЕМ ЕМЕС!-деді Қазыбек Иса өз ризашылығын білдіріп. -Бізде әлі көп жерде, тіпті астаналардағы, облыс орталықтарындағы емханалардың өзінде сағаттап кезекте тұрып, ауруыңа ауру жамап қайтасың… Бұндай бітпейтін кезек, біріне-бірі сілтеу тіпті сау адамның өзін ауру қылады. Ал бұл жерде, ауылдағы емхана мен аурухана кешені түгел соңғы озық технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған барлығы. Бәрін қанттай қатырып жасаған, әр кабинет сағаттай сартылдап істеп жатыр, кезек күтіп, аяғы талып тұрған адам жоқ! 

Туған жерге тағзым етіп, әлеуметтік қолдау жасап, “Авиценна” емхана-ауруханасын салып берген Адылбек Усманқұлов бауырымызға зор алғыс айтамыз!

Сондай-ақ емхананың ісіне сәттілік тілеп, денсаулық саласына қатысты күрделі мәселер болса, парламентке жазуды, бірлесіп шешуге шақырды.