ҚАРТТАР ҮЙІНЕ ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАЖЕТ

ҚАРТТАР ҮЙІНЕ ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАЖЕТ

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса Шымкент қаласына келгенде, қариялардың қал-жағдайын сұрамай кете алмайтының айтып, Шымкент қаласында орналасқан Түркістан облыстық «Қарттар мен мүгедектер үйіне» ат басын бұрды. Алдымен ол қарияларды Жаңа 2024 жылмен құттықтап, оларға мықты денсаулық, ұзақ өмір мен амандық тіледі. 

Бұл мекемеде «Ақ жол» демократиялық партиясының ең белсенді мүшесі, ең жасы үлкен блогер Мәмбет Құрманбаев тұрып жатыр. Кездесу барысында қариялар өздеріне тиісті мәселелерді көтерді. Мысалы, зейнетақылары толығымен қолдарына берілсе, қарттар үшін қоғамдық көліктерде жолақы тегін болса, оларға берілетін дәрі-дәрмектердің формулярын бұларға қажетті дәрілермен толықтыру қажеттігі туралы айтты.  

Қарттар үйі тұрғыны, ҚР Журналистер одағы мүшесі, ақын Мыңжасар Дәрменов 18 жыл бойы газға қосыла алмай, жылына 1 мың тонна көмір жағып келген Қарттар үйіне газ жеткізуге депутаттық сауал жолдап, зор ықпал еткен Қазыбек Исаға арнаған ықылас жырын оқып, табыс етті.

Сонымен қатар іс-шарада Қазыбек Жарылқасынұлы «Қарттар үйінің» 21 қызметкерін “Ақ жол” партиясы қатарына кіргізіп, оларға салтанатты түрде мүшелік куәліктерін табыстады.  

Айта кету керек, “Қарттар мен мүгедектер үйі” мекемесі басшысы Шәрбат Оразалинованың айтуынша, 2022 жылы Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” партиясы төрағасының орынбасары Қазыбек Иса талай жылдан бері көмір жағып келе жатқан осы мекемеге газ жеткізіп беруге ықпал еткені үшін Қарттар үйінің тұрғындары мен қызметкерлерінің 90 пайызы “Ақ жол” партиясына өткен. 

Кездесу соныңда қариялар Қазыбек Исаға Ақ батасын беріп, Ақ жол тіледі.

Іссапар барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.

“Халықтың алғысы да, айтар арызы да аз емес. Қарттар үйінде тұратындардың қала автобустарында тегін жүруді сұраған өтініштерін бүгін елмен кездесудің қорытындысы бойынша Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбековке кіргенде көтердім. Сонымен қатар Тіл орталығына ғимарат керектігін жеткіздім. Қаланы дамытуға қайратты қарыммен, жастық жалынмен қарқынды кірісіп жатқан әкім бұл екі мәселенің де шешілетініне уәде берді.

Басқа да маңызды мәселелерді қозғап, олардың бәрі ретімен шешілетін болып жатыр” деді Қазыбек Иса сөзінің қорытындысында.

Қазыбек Исаның Оңтүстік өніріндегі іссапары жалғасуда.