Елордалық «Алпамыс» мектебі Халықаралық мектептер кеңесіне қабылданды
2023 ж. 21 желтоқсан
1168
0
Елордалық Алпамыс мектебі Council of International Schools – Халықаралық мектептер кеңесіне қабылдануына байланысты құттықтауларды қабылдады.
Бүгінде CIS жаһандық қауымдастығы әртүрлі елдердің 1400-ден астам флагмандық мектептері мен оқу кешендерін біріктіреді. Халықаралық мектептер кеңесі – білім мекемелерін аккредиттейтін және білім саласындағы жаңашыл, озық идеяларды алға жылжытатын әлемге әйгілі ұйым.
Беделді клубқа қосылу арқылы қазақстандық «Алпамыс» мектебі отансүйгіштік пен ұлттық құндылықтарға деген адалдықты тәрбиелеудегі, жаһандық азаматтықты қалыптастырудағы миссиясын растады, сондай-ақ оқу үдерісінің жоғары стандарттары мен балаға қолайлы, жайлы ортаны қалайтынын дәлелдеді.
«CIS қауымдастығы Алпамыс мектебіне қолдау көрсетуге дайын және әлемдік білім беру саласының болашағын қалыптастыратын бірлесе атқаратын бастамаларды асыға күтеді», - деп жазды педагогикалық ұжымды, оқушыларды және олардың ата-аналарын құттықтаған Халықаралық мектептер кеңесінің атқарушы директоры Джейн Ларссон.
«Алдымыздағы келесі міндет – Халықаралық мектептер кеңесінің аккредитациясынан өту, оқу үдерісінде жаңа жетістіктерге жеткізетін мектептің өзіндік экожүйесін қалыптастыру бойынша жұмысты жалғастыру», - дейді Алпамыс мектебінің директоры Мейрам Жәкенов.