ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ – БҮКІЛ АДАМЗАТТЫҢ ПАРЫЗЫ

ТАБИҒАТТЫ ҚОРҒАУ – БҮКІЛ АДАМЗАТТЫҢ ПАРЫЗЫ

       Адамзат қашанда табиғатқа тәуелді болған, онсыз өмір сүре алмас та еді. Жұмыр жер бетіндегі халық санының артуы, шаруашылық салаларының дамуы адамның табиғатқа тигізер кері әсерін арттыра түсті. Орманды жерлердің өртенуі, кәсіптік әрекеттердің жерді жұлмалап жұтатуы, қоқыстың шектен тыс көбеюі, жануарлар санының азаюы адамның ойланбай жасаған іс-әрекетінің нәтижесі. Соның бәрі айналып келгенде адамдардың өздерінің тіршілігіне қауіп төндіріп отыр...

          Адам баласы аспаннан аяғы салбырап түсе қалған жоқ, ол да сол табиғаттың туындысы. Адамзаттың табиғатқа деген қарым-қатынасы, жанашырлық сезімі тарихи дәуірлерден қалыптасқаны белгілі. Ақша жасаймын деп аласұрған қазіргілердей емес, бұрынғылар қоршаған ортаға түсіністікпен қараған. Қазақ халқы ұлан байтақ даланы ғасырлар бойы мал шаруашылығына дұрыс пайдалана білді. Әрбір түліктің өзіне тән өрісін тандай біліп, жазда жайлауға көшіп, қыста қыстауға қонып, күзде күзекте отыруы табиғатқа деген қамқорлығының нақты көрінісі. 

        Бүгінгі жағдай мүлдем өзгеше. Жер бетіне төнген экологиялық қауіпті жағдай бүкіл әлемді алаңдатып, ғалымдар мен сала мамандары дабыл қағуда. Біздің елімізде де жағдай оңып тұрған жоқ. Қалаларымыз көк түтінге көміліп адамдардың денсаулығын бұзып жатыр. Ормандарымыз өртеніп, өзен-көлдеріміз суалуда. Соған қарамастан қоршаған ортамызды қорғауға әлі де құлықсызбыз, жер асты байлығын сүлікше сорып, есепсіз жұмсаудамыз. Жоғары мінберден әлсін-әлсін айтылып қойғанмен, табиғат қорғауға келгенде нақты іс жоқтың қасы. Соңғы жылдар әлем бойынша қоршаған ортаны қорғау туралы мәселе жаппай шұғыл көтеріле бастаған соң біз де үн қосқан болдық. Үкімет құрамында арнайы Экология және табиғи ресурстар министрлігі құрылды. Бұл сала бұрындар әртүрлі министрліктерге қосақталып келгенмен құзыреті кең, қоршаған ортаны қорғау жұмысын дұрыс жүргізуге толық мүмкіндіктері болды. Ешкім олардың қолын байлаған жоқ. Ең бастысы соған деген шынайы ниет жетіскен жоқ, әлі де солай.

    Енді міне, еншісін бөліп алып, жеке шаңырақ көтергенмен осы саланың жұмысы жүріп кетеді дегенге сенім аз. «Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мониторинг, «жасыл экономиканы» дамыту, қалдықтармен жұмыс істеу (медициналық, биологиялық және радиоактивті қалдықтарды қоспағанда), табиғи ресурстарды қорғау, олардың ұтымды пайдаланылуын бақылау және қадағалау, орман шаруашылығы, жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар салаларында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру, басқару процестерін үйлестіру салаларында басқаруды жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады» - делінген ресми деректе. Ашық деректерде министрліктің өзінде қанша адам қызмет істейтіні туралы айтылмаса да штаты кемшілік көріп жатпағаны белгілі, алатын жалақылары да жоғары. Құрамындағы түрлі департамент және басқа бөлімдерін айтпаған күннің өзінде министрдің өзінің бес бірдей орынбасары бар екен. Сала жұмысына жылына миллиардтаған қаржы бөлінеді. Министрліктің еншісі бөлініп, міндеті анықталып, жұмыс істеуге барлық жағдай жасалғанмен нәтиже ойдағыдай емес. Ормандарымыз әлсін-әлсін өртеніп, өзен көлдеріміз тартылып, Теміртау қаласында қардың орнына күл жауғанын айтсақ та жеткілікті шығар. Оған қарсы қатаң шараларды қолданып, нақты нәтиже шығарған үкіметті көрмедік осы күнге дейін. 

     Осы маңызды мәселенің енді екінші қырына көз жүгіртіп көрелік. Мемлекеттік органдардың жұмысы неге нақты нәтиже бермейді? Биліктегілерге қоршаған ортаның таза болуы мүлдем қажет емес пе? Жоқ, олар да таза ауамен демалғысы келері анық. Бірақ ауаны аяусыз ластаған Л. Миттал сияқты ірі кәсіпорын иелеріне сөзін өткізе алмай, байлардың алдында бейшара күйге түскен биліктен нақты қадам күтудің өзі қиын-ау. Осы тектес сұрақ көптің көкейінде бұрыннан бері жүргені белгілі. Демек, халық, барша тұрғындарымыз табиғатымыздың таза күйінде сақталуын қалайды. Олай болса мелекеттің, жердің, судың иесі халықтың өзі олигархтар мен Үкіметке қатаң талап қойып, белсенділік көрсетуі керек. Оны қалай іске асыруға болады? 

      «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үні шықпас» дегенді қазақ атамыз босқа айтпаған. Бірді-екілі табиғат жанашырларының жанайқайын жиі естиміз. Әлеуметтік желілерге шығып, қоршаған ортаны қорғау керектігі туралы айтуындай-ақ айтып келеді. Бірақ олардың пікірі мен ұсыныстары үнемі ескеріле бермейді. Бұл жерде алдымен қоғам болып, дәлірек айтсақ қоғамдық ұйымдар бірінші бас көтеруі керек. Ал қоғамдық ұйымдардың ішінде саяси және өзге де партиялардың ықпалы бар екені белгілі. Табиғат пен қоршаған ортаны қорғау бағытындағы арнайы партия бізде тым кеш тіркелді. Оның алдында Мэлс Елеусізов «Табиғат» одағын құрып ондаған жылдар жұмыс жүргізгені көпшілікке аян. Ашығын айту керек бұл ұйым Балқаш, Сорбұлақ, Арал, Семей мәселелерін тұрақты көтеріп, елімізде ұлттық табиғи парктердің қалыптасуына өз үлестерін қосты. Экоблоктар құруды қолға алып іске асырды. Бірақ М. Елеусізовтің осы одақты арнайы партияға айналдыру жоспары іске аспады, оған кедергілер көп болды, ол өз алдына бөлек әңгіме. Ең бастысы қандай партия, қандай қоғамдық ұйым болса да бірігіп, қоршаған ортамызды, туған табиғатымызды қорғауға міндеттіміз.

    Бүгінгі күні елімізде табиғатты қорғауды мақсат тұтқан, ресми тіркелген партия бар. Ол – «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» қоғамдық бірлестігі, қысқаша атауы – «Baytaq» Жасылдар партиясы. 2022 жылдың 24 қыркүйегінде партияның тұңғыш съезі өтіп, партия бағыты анықталып, басшылығы сайланды. Ал 2022 жылдың 30 қарашасында партия ресми түрде тіркелген партиялар тізіміне енді. 2023 жылы 20 қаңтарда Байтақ партиясы сол жылғы парламент сайлауына қатысып, партиядан тізім бойынша 20 кандидат ұсынылды. Қажетті дауыс жинай алмаған Жасылдар партиясы өкілдері Мәсжіліске өте алмады. Бірақ бұл партия жұмысына кері әсер етпеуі керек, қайткен күнде де өздері қабылдаған бағдарламаларын іске асыруға міндетті. Еліміздегі ең жас партия ретінде оның болашағы алда деп есептейміз. Дегенмен «Құрылғаннан бері бұл партия ұжымы не бітірді, қандай игі істер атқарды?» деген сұрақ қоюға тұрғындарымыз толықтай құқылы. Енді соған тоқаталып көрелік.

      Алматы қаласы еліміздегі ең алып қала ғана емес, сонымен бірге экологиясы да тұрғындарын алаңдатып отырғаны белгілі. Осыны ескерген «Байтақ» жасылдар партиясы Төле би мен Наурызбай батыр көшелерінің қиылысында өзінің қоғамдық қабылдау бөлмесін ашты. Бұл тұрғындарға партия өкілдерімен тікелей араласуға, өз пікірлері мен мәселелерін білдіруге, мүмкіндік береді. Ол азаматтардың саяси шешімдерге өз үлесін қосып, пікір алмасу және диалог алаңын қамтамасыз етеді. Қазірдің өзінде тұрғындардан көпжылдық емен ағаштарының кесілуі, қаланың жасыл қорының азаюы және өзге де бірқатар проблемалар туралы арыз-шағымдар түсіп жатыр.

Сондай-ақ, қала тұрғындарынан Алматы облысында атом электр станциясын салу туралы сұрақтар келіп, атом электр станциясын салудың қажеттілігі мен қауіпсіздігіне қатысты түсініктеме беруді сұрайды. Қоғамдық қабылдау қызметкерлеріне Алматы қаласында осы тақырыпта көрнекті ғалымдардың, сарапшылардың қатысуымен дөңгелек үстел өткізу ұсынылды. «Байтақ» партиясының Алматы қаласындағы қоғамдық қабылдау бөлмесі қоғамның өзекті мәселелерінің шешімін табу үшін Алматы қаласының билік органдарымен және әкімшілігімен белсенді өзара іс-қимыл жасауды көздейді. Партия азаматтық бастамаларды қолдап, қала тұрғындарының, қауіпсіз, лайықты өмір сүруі үшін практикалық шешімдер ұсынады.

     Кеше ғана 46 кеншіні қара жерге көмген қаралы күнді бастан кештік. Қаншама отбасының шаңырағы шайқалып, қаншама бала жетім қалды. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жұмысына қатысты қоғамда жылдар бойы талай рет сын айтылмғанмен нақты шаралар қолданылмай келді. Енді міне соның салдарын көріп отырмыз. Қазан айының басында Астандағы «Silteme» баспасөз клубында «Байтақ» партиясы, «ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті» РММ қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беруді жарамсыз деп тану туралы сот талабы және «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Болат департаменті үшін қоғамдық тыңдау хаттамасы тақырыбында баспасөз конференциясын өткізген болатын.

Партия экологияға зиян келтіріп жатқан ірі ластаушылардың әсері туралы көптеген қоғамдық тыңдауларға үнемі қатысады және сараптамалық пікірлер айтып келеді. «Байтақ» партиясы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ БД тарапынан қоршаған ортаға зиян келтіріп жатқандығын бірнеше рет көрсетті және тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік уәкілетті орган атмосфералық ауаны ластап, қоршаған ортаға залал келтіргені үшін кәсіпорынға қомақты сомада айып та салды. Бірақ ол Л. Митталға маса шаққан құрлы әсер етпеді. Рұқсат беру құжаттары жұртшылықтың ескертуін ескермей, сондай-ақ экологиялық заңнаманың талаптарына қайшы келетін жобалау құжаттарындағы көптеген математикалық қате-кемшіліктермен берілгендіктен, барлық рұқсат беру құжаттары сот тәртібімен берілген сәттен бастап заңсыз және жарамсыз деп танылуға жататыны айтылды.

     Партия экологиялық құжаттамаға рұқсат беру туралы шешім қабылдау кезінде мемлекеттік органға ұсыныстар мен ескертулерді жіберу үшін қоғамдық тыңдаулар өткізу кезінде табиғат пайдаланушылар ұсынатын жобалау құжаттамасына талдау жүргізуді жоспарлап, оны бастап кетті. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің осы мәселеде ашық болғанын талап етті. «Мысалы, біз жоғарыда аталған табиғат пайдаланушы бойынша, оның экологияға рұқсат алғандығы туралы материалдарды сұрағанда жауап берілмеді. Мұндағы негізгі қорытынды осы құжаттамада коммерциялық құпия болуы мүмкін. Біздің ойымызша дәл осы жерде қоршаған ортаның ластануына және халықтың денсаулығына әсер ететін негізгі себеп тұр. Осы ретте интернет-ресурста I санаттағы объектілерге берілген экологиялық рұқсаттың көшірмесін, ремедиация бағдарламасын және оны орындауды орналастыру қажет. Алайда комитет қандай да бір себептермен мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысын орналастыру жөніндегі талаптарды орындамай отыр» - деді баспасөз мәслихатында партия өкілдері.

   Ең бастысы, ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес атмосфералық ауаға ластаушы заттардың нормативтен тыс шығарындылары және ластаушы заттардың нормативтен тыс төгінділері экологиялық залал деп танылмайды. Бұған дейін қоршаған ортаға келтірілген залалды экономикалық бағалау ережелері болған (535-Қаулы), ал бүгінгі күні ластаушы кәсіпорындарға көбіне әкімшілік жауапкершілік қана артылған. Қоршаған ортаны ластаудың барлық түрін ескере отырып, экологиялық залал ұғымына шұғыл өзгерістер енгізу керек және экономикалық бағалау ережелерін қайтару қажет. Сонымен қатар, эмиссиялар үшін төлемдер нақты көрсеткіштер бойынша емес, лимиттер бойынша алынуы керек. Сонда кәсіпорын иелері артық лимит сұрамауына мүмкіндік туады деген пікірлер айтылды.

     2023 жылғы 17 тамызда «Байтақ» жасыл партиясы ұйымдастырған «Қазақстан су ресурстарының проблемалары» атты дөңгелек үстел өткізілді. Аталған іс-шарада сарапшылар қауымдастығы су шаруашылығы мәселелерін жүйелі шешу шараларын айқындады.

     Президенттің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауы Су ресурстары және ирригация министрлігін құрды. Жолдаудың тапсырмаларын іске асырудың келесі кезеңдері кадр резервін құру және гидротехниктер мен су дипломатиясын даярлау үшін институт құру болып табылады. «Байтақ» партиясы су ресурстарын тиімді басқару үшін кадр резервінің жобасын ұсынады» атты баспасөз конференциясы өткізді.

       «Байтақ» Жасылдар партиясы сонымен бірге «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңға «Экологиялық таза өнімдер стандартын» енгізуді ұсынды. Бұл стандарт экологиялық өнім сапасын арттыруға, адамдардың денсаулығын сақтауға және өндіруші кәсіпкерлерге де пайдалы болмақ.

     Бүгінгі күні қоршаған ортаны қорғау әлем бойынша өте күрделі мәселеге айналып отырғанын айттық. Оны әсте естен шығаруға болмайды, күнделікті тіршілігіміздің тұтқасына айналдыруға тиістіміз. Осы тұрғыдан қарасақ «Байтақ» жасылдар партиясының алдында шетсіз, шексіз жұмыстар тұр. Партия жауапкершілігі жоғары маңызды істі мойнына алып отыр десек те болады. Партия жиналыстар өткізіп қана қоймай экологиялық талаптар мен ережелерді бұзған кәсіпорындарға қатаң талап қоя білуі маңызды. Бұл істе қатардағы қоғам мүшелерін кеңірек тартып, мәселенің мәнін түсіндіру тиімді. Қажет болса кейбір ережелерге өзгерістер енгізуді ұсынып, заңды бұзушылардың ісін сотқа дейін жеткізу тәжірибесін енгізуі керек. Бұдан да басқа нақты шараларды қарастырса артықтығы болмайды.

Зейнолла ҚАБИОЛЛАҰЛЫ