ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОННЫҢ ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕГІ ОРНЫН ҰМЫТПАЙЫҚ
2023 ж. 30 қазан
859
0
Қазіргі инновацияға толы заманда жас бүлдіршіндерге, мектеп табалдырығын аттаған оқушы балаларға сапалы контент шығару – негізгі мәселелердің бірі. Контент деп кез -елген мәлімет, видео-файл, сурет, бағдарлама т.б. құжаттарды айтамыз. Заманауи қоғамның тілдік қолданысына айналып кеткен бұл сөздің баламасы жаңа бір бағыт, бағдар, жаңалықпен топшыланып отыр. Мультимедиялық агенттіктерге де контент ұғымы кіріп алды.
Бүгінде Қазақстанда балаларға арналған 103 БАҚ тіркелген екен. Оның 68-ін газет-журнал, 6-ын интернет-басылым, 1-ін телеарна құраса, қалған 3-ін агенттік ақпарат құрайтын көрінеді.
Сондай-ақ республика аумағында 25 шетелдік телеарна хабар таратады. БАҚ аудиторияны кеңейту үшін үнемі жаңа контент жасаумен айналысып, балалар мен ересектерге қызықты және пайдалы болуы үшін отбасылық көруге арналған әмбебап телебағдарламаларды өндіріп жатыр-мыс. Шетелдегі жасөспірімдерге арналған контентпен еліміздің контентін салыстыруға келмейді. Себеп неде? Себеп контент шығаратын, бұл істі жауапкершілігіне алатын блогер, адамдардың болмауында деп пайымдаймын. Болған жағдайда да олардың жасап жатқан бағдарламасы сапа жағынан ақсап, біраз өзгертулерді қажет етеді.
Әлеуметтік кеңістікте көп отбасылардың баласына салғырттық танытып, жылап мазасын алса, смартфонды не болмаса теледидар сынды гаджеттерді жетектетіп қоя салатыны бәрімізге мәлім. Шындығында, бұл –қоғамның бір дерті. Психологтер ересектер балаларымен бірге фильмдер, телешоулар және интернет бағдарламаларын жиі көруге кеңес береді. Себебі, бұл ата-аналарға балаларының қалаулары мен қызығушылықтарын жақсы білуге көмектесіп, отбасындағы өзара түсіністікке ықпал етеді. Иә, толықтай келісемін, балаңның немен қызығатынын осы шақтан бақыламасаң, кейін бармағыңды тістейсің.
Бұл бағытта түркістандық ағайындардың осы мәселеге ерте мән беріп, небір тиімді іс-шараға мұрындық болғанын лайықты бағалағанымыз ләзім.
Мысалы, Түркістан облыстық Ішкі саясат басқармасының ұрпақ тәрбиесі негізіндегі «Jas Túrkіstan – 2019» республикалық балалар шығармашылық марафонынын биік дәрежеде өткізгені есімізде. Онда еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған балалар мен жасөспірімдер басылымдарының жетекшілері, ақын-жазушылар мен драматургтер, аударма және анимация саласының мамандары, БАҚ өкілдері, педагогтер мен мектеп оқушылар талай тақырыпты қаузады. Жеткіншектер психологиясы тақырыбына, халықтық мұралардың жастар тәрбиесіне әсері, келешектегі Ұлттық мүдде мәселелеріне арналған қаншама маңызды ойлар қозғалып, баяндамалар жасалды, қызу пікірталас өтті. Іс-шара аясында республикалық, сондай-ақ өңірлік басылымдардың түрлі көрмесі ұйымдастырылды. Ең сүйініштісі, осынау іс бүгін де сәтті жалғасып келеді.
Иә, Қазақ елінде балаларға арналған мерзімді басылымдардың болуының маңызы зор. Балалардың оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында, оқулықтарды, кітаптарды түрлі-түсті мұқабада, негізгі тақырыптың қысқа-нұсқа әрі қызықты болуы тиіс. Одан бөлек басылымдардың электронды нұсқасы да қолжетімді, сапалы шықса нағыз керек дүние болар еді. Себебі, балалар ноутбук, планшет және смартфондардың тек ойын-сауық қана емес, оқу-білім үшін де жасалғанын түсінуі қажет. Бұл, мысалы, тілдерді үйрену, әртүрлі курстарға жазылу, пайдал.
Қорытындылай келе, өсіп келе жатқан жас буынның саналы ұрпақ болып қалыптасуы үшін сапалы дүниелер қажет. Контентті кез келген нәрседен ойлап табуға болатыны бесенеден белгілі. Мысалға, балаларды әр жас бойынша кітап оқытқызып, кітап бойынша соған жарыс ұйымдастырса, кейін сол жарыстың жүлдесі ретінде қомақты сома немесе бір сыйлық берсе, балалар кітап оқымайды деп кім айтты? Ендеше тың дүниеге ұмтылып, балалардың дамуына үлесімізді барынша қосуымыз керек.
Әсет Қали,
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің
4-курс студенті