АНА МЕН БАЛА — АЯЛЫ ҚОЛДА
2023 ж. 30 қазан
990
0
Ана мен баланы қорғау – әрбір мемлекеттің, қоғамның басты міндеті. Елдің дамуында ана мен бала өмірі маңызды кезекте. Сол себепті бүгінде ана мен баланы қорғау мәселесі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
1948 жылы қабылданған Адам құқықтарының жалпығы бірдей декларациясында «Ана мен бала ерекше қамқорлық пен көмек алуға толықтай құқылы» делінген. Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас конференциясы 1952 жылы ананы қорғау туралы Конвенцияны қабылдаса, ал 1989 жылы Бала құқықтары туралы Конвенция қабылданды және бұл Конвенция балалардың денсаулығына толықтай кепілдік бере алады.
Жалпы, дүниежүзіндегі статистикаға сүйенсек, күн сайын 1500-ге жуық әйел мен жасөспірім қыз жүктілік пен босанудың салдарынан қайтыс болып жатады. Жыл сайын 10 млн-ға жуық әйел жүктілік кезіндегі проблемаларға тап болып, соның салдарынан әртүрлі аурумен ауыратын және мүгедектігі бар балаларын тастап кетуде. Сондықтан осындай ахуалды мәселелердің алдын алу мақсатында халықаралық келісімдерді ратификациялап, ана мен баланы қорғау туралы тиісті заңдар қабылданды.
Елімізде ана мен баланы қорғау саласында реформалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Президентіміз Қ.Тоқаев өз Жолдауында отбасылық-демографиялық ахуалдың алаңдаушылық тудырып отырғанын жеткізіп, ажырасу санының артуы, толық емес отбасы, некесіз бала туу, балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау мәселесі әлі күнге дейін өзекті мәселенің бірі екендігін алға тартты.
Ана мен баланы қорғаудың негізгі заңнамалары көптеген мемлекеттердің Конституцияларында арнайы қабылданған. Отбасы кодекстерінде, бірқатар заңдарда, атап айтқанда, «Бала құқықтарының кепілдіктері туралы», «Денсаулық сақтау туралы» өзге де заңнамалық актілерде бұл мәселелер тайға таңба басқандай көрсетілген.
Ана мен бала құқығын қорғау еліміз үшін қашанда маңызды. Себебі, мемлекеттің ең басты қазынасы – адам. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналарды қадірлеп, құрметтеу, сонымен бірге болашағымыздың кепілі болатын жасөспірімдердің құқықтарын бақылау келелі міндет. Әйел заты әрдайым біздің қоғамымыздың тең құқылы мүшесі, ал ана — оның ең ұлы тұлғасы. Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген құрметті арттыруға тиіспіз және олардың ар-ожданының, құқықтарының тапталуына жол бермеуіміз керек. Ал, балалар – қоғамның ең әлсіз және қорғансыз бөлігі.
Бұл тұрғыда біздің Түркістан облысында жергілікті билік тарапынан атқарылып жатқан игі әрекеттер көңіл қанаттандырады. Мәселен, таяуда Сайрам ауданында он үш көп балалы анаға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерінің табысталуы туралы жалғыз мысал талай жәйтті аңғартатыны анық.
Аудан әкімінің орынбасары М.Оразалиев елдімекендегі демографиялық өсімге айтарлықтай үлес қосқан осынау әйелерге лайықты марапаттарын табыстап тұрып оларға елдің болашақ иелерін тәрбиелеу ісінде зор табыс тіледі.
Осы орайда аталған Сайрам ауданында ғана он үш мың көпбалалы ана бар екенін айта кетейік. Олардың 144-і – батыр аналар. 402-сі І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған. Ал мыңға жуық әйел өңіріне «Алтын алқа» белгісін тақса, үш мыңдай ана «Күміс алқа» белгісінің иесі.
Иә, біздің жерімізде туған әрбір сәби – Қазақ елінің азаматы. Сондықтан дүниеге келген әр сәбиді мемлекетіміз ұдайы қамқорлыққа алуға тиіс.
Жұпар Ақын,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті