БӘРІ ДЕ БАЛА-ШАҒА ҚАМЫ ҮШІН

БӘРІ ДЕ БАЛА-ШАҒА ҚАМЫ ҮШІН

Түркістан – тек қазақ халқына ғана тән емес, сонымен қоса барлық түркі халықтарына ортақ қасиетті мекен екені мәлім. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қоныс бүгінде тарихтан тағылым беретін көне тарихи шаһарға айналды. Қамбасы қазынаға толған ырысты өңір қазіргі таңда көптеген салалар бойынша алдыңғы қатарда. Шет мемлекеттермен де серіктестік орнатып, әлемде ірі жобалардың жүзеге асуына ықпал етуде.


Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросы берген мәліметке сәйкес, аталған қала демографиялық ахуал бойынша да алдыңғы орында. Демек, мұндағы сәбилердің дүниеге келу көрсеткіші жоғары екендігін айқындап тұр.

Айрандай ұйып отырған облыс халқы береке-бірлігімен де көпке үлгі. Ежелден талай дүлдүлдер, ақын-жазушылар өмір сүрген Түркістан облысы өз қасиетін, маңыздылығын әлі күнге дейін жоғалтпаған. Керісінше, мұнда келушілер саны, киелі Түркістанды көргісі келетіндер саны күн санап артуда. Яғни, түркі халқына ортақ шаһардағы туризм саласы да қарқынды дамуда.

Өз елімізден ғана емес, өзге елдерден қасиетті мекенді көріп, алып шаһарды аралауға келетіндер де көбеюде. Бұның өзі ел экономикасының дамуына әсер етуде. 

Статистикалық деректерге сәйкес халық саны 2 млн. 929 мың адамды құраса, облыстағы қаңтар-тамыздағы халықтың табиғи өсуінің абсолюттік көрсеткіші 30 мың адамды құраған. Оның ішінде 36,7 мың туу дерегі тіркелген. 

Облысқа 2023 жылғы қаңтар-тамызда 25591 адам келген (облыс ішіндегі көші-қонды есепке алмағанда) (2022 жылғы қаңтар-тамызда 19359 адам), 39294 адам кеткен (30955 адам), көші-қон ағыны бойынша абсолюттік ауытқу айырымы 13703 адамды (теріс) құрады, ал 2022 жылғы қаңтар-тамызда – 11596 адам (теріс).

Сондай-ақ халықтың табыс табу көрсеткіші де анағұрлым артқан. Мәселен, халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы қаржылай табысы 101690 теңгені көрсетіп, 2022 жылмен салыстырғанда 19,2 пайыз өскен.

2023 жылғы ІІ тоқсанда қызметкерлерге есептелген орташа айлық атаулы жалақы 299042 теңгені құрап, 2022 жылдың ІІ тоқсанына қарағанда 12,2% өсті. Осы тоқсанда нақты жалақы индексі 97,5 пайыз құрап, облыстағы жалақы мөлшерінің де артқанын айқындап отыр. 

Ежелден-ақ ер түріктің бесігіне айналған киелі мекеннің бүгінгі ахуалы көңіл қуантарлық. Тұрғындарының саны бойынша да жоғары орында тұрған іргелі шаһардың ішкі экономикасы да дамып, сыртқы елдермен де байланыс нығая түскен.

Ең бір сүйініштісі, кейінде Түркістан облысында орта білім ошақтарының саны көбейгені байқалады. Бұған да қоса 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық-пилоттық жобасы боынша 63 мектеп салу көзделіп отыр. 

Қазір 29 мектептің құрылыс-монтаждық жұмыстарын жүргізетін жобалық мекемелер мен мердігерлер белгіленіп те қойды. Бұл білім шаңырақтары оқушыларды келесі жылы-ақ қабылдауға даяр тұрады. Ал қалған 34 мектептің құрылысы алдағы жылы басталып, 2025-ші жылы аяқталады деп жоспарланды. 

Осылайша, облыстағы апатты жағдайда тұрған сегіз мектептің үшеуінің ділгірлігі ұлттық жоба аясында толықтай шешіледі. Сондай-ақ үш ауысыммен оқуға мәжбүрлік қаупі төнген 21 мектептің 14-індегі ауыртпалық қазірдің өзінде жеңілдетілді. 

Тағы бір қуантатыны, Түркістан облысындағы ауыл медицинасы жаңаша деңгейге көтерілген. 

Жетісай ауданындағы Асық ата, Атакент, Мырзакент поселкелерінде, сондай-ақ Кентау мен Түркестанда озық тәжірибе орталықтары ашылды. 

Мұның бәрі сайып келгенде ана мен балаға қамқорлық мүддесінен туындайтыны түсінікті болар. 

 Алтынай СЕЙТКЕН, 

Әл-Фараби атындағы 

Қазақ ұлттық университеті, 

Журналистика факультетінің 

3 курс студенті