БЕЙКҮНӘ БАЛДЫРҒАНДАР ҚОРЛАНБАСЫН

БЕЙКҮНӘ БАЛДЫРҒАНДАР ҚОРЛАНБАСЫН

Елімізде «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заң бұдан төрт жылдай бұрын қабылданыпты. Құқық саласының қай қызметкері болсын осыдан кейін отбасылық бағыттағы қылмыстың айтарлықтай азайғанын айтар еді. 

Әлбетте, белгілі бір шаңырақ астында болып жататын зорлық-зомбылық жағдайы біздің ғана бас ауруымыз емес, төрткүл дүниеге тән жәйт екені аян. Мысалы, Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне қарағанда, жер шарында үш жүз миллиондай бала екі-төрт жас аралығында үнемі ата-анасы мен тәрбиешісінің тарапынан таяқ жейтін көрінеді. Сол секілді әрбір бес әйел мен он үш ер адам бала кезінде зорланған боп шығады. 

Мұндай ахуалдың бір «ғажабы» – сәбидің жан-тәнін жаралап, оның психикасына ғұмыр бойы өшпейтін із қалдыратын сонау зәбір ақыр соңында мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын тежейтіні дәлелденіпті. Иә, жастайынан күйзеліске түскен азаматтар өзі туып-өскен елін өркендетіп жарытпайды екен. 

Одан соң сол жастайынан соққы жегендер өз бетімен ғана тыныш жүрсе бір жөн – есейгенде қоғамның берекесін кетіретін қылмыскер атаулы да, негізінен, осынау «бүлінгендер» қатарынан шығатыны түсінікті шығар. Әмбе бұл келеңсіздік ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, айналасына зиянын тигізіп отырмақшы. Ендеше отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу аса маңызды міндет болып саналады. Сондай-ақ тиісті мекемелердің ата-аналарға тәрбие ісін жақсартуға жәрдемдесуі, заң ісін жетілдіруге ықпал етуі де мемлекеттің дамуында айрықша орын алмақшы. 

Міне, осы мәселеге Түркістан аймағында жіті мән берілетіні қуантады. Мысалы, Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиевтің төрағалығымен құқық қорғау органдарының жетекшілері және Бала құқықтары жөніндегі уәкілінің, өзге де мекеме өкілдерінің қатысуы арқылы өткен облыстың үйлестіру кеңесінің отырысы осының бір айғағындай болған еді. 

Аталмыш жиында кәмелетке толмаған жеткіншектердің құқын қорғаудағы тиімділік, құқық бұзу мен қылмыстың алдын алу, сондай-ақ қашып жүрген әкелер­ден алимент өндіру мәселелері талқыланды. 

Мәжілісте Түркістан облысы бойынша кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс жыл басынан 8,2% артып кеткені, ал бұған қарсы атқарылған шара 9,4% өскені айтылды. 

Жастардың құқық бұзу се­бептері мен құзырлы орган­дардың сол келеңсіздіктің алдын алу шараларының тиімділігі жайы сараланды. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның үйлестірушілік ролі мен профилак­тикалық әрекетті күшейту бойынша ұсыныстар ортаға салынды. Облыстык прокуратураның жасөспірімдер қылмысының алдын алу бойынша бірлескен кешенді жоспары алға тартылды. 

Расында да, еліміз мейлін­ше өркениетті дәуірге аяқ басқанымен белгілі үйелмен­дердегі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары жиі ұшырасатыны жасырын емес. 

Ал біздің Ата заңымызда адам­ның қадір-қасиетіне қол сүғыл­майды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп тайға таңба басқан­дай анық көрсетілген. Осыны қоғам мүшелерінің ескермейтіні қынжылтады. 

Бір жақсысы, Түркістан облы­сының бірқатар ауданында тұрмыс­тық зорлық-зомбылыққа тап болған азаматтарға жәрдем қолын созатын заңгерлер мен психологтер, әлеуметтік қызметкерлер еңбек етеді. Бұл мамандар шаңырақтағы кикілжіңнің себеп-салдарын анықтап, қолайсыз оқиғалардың алдын алады. 

Бүгінде Түркістан облысында, сондай-ақ, балалар мүддесін қорғауда талай игілікті іске ұйытқы болып жүрген ювеналдық сот жұмыс істейді. Оның басты діттегені – қателескен жеткіншектерді жазалап, жауапкершілікке тарту емес, оларды түзу жолға салып, дұрыс бағыт сілтеу. 

Түркістан облыстық кәме­летке толмағандар істері жөнін­дегі мамандандырылған аудан­аралық сотының төрағасы Бақтыбек Сауранның айтуынша, мұндағы қызметкерлері ұдайы елдіме­кен­дерге шығып, оқу орындары мен еңбек ұжымда­рында кездесулер өткізуді үрдіске айналдырған. Сон­дай-ақ тұрғындармен жүздесіп, елдің құқықтық сауатын ашуға күш салады. 

Отбасылық сот бағдарламасы бағытында ұтқыр іс жүргізетін судья-медиаторлар, көбінесе, ерлі-зайыптылардың ажырсауы ісімен шұғылданатын секілді. Мұндай жағдайда, негізінен, балалардың зардап шегетіні түсінікті. Сол себепті, ювеналдық сот мамандары мұндай отбасыларды қалайда сақтап қалуға мүдделілік танытпақшы. Мысалы, кейінде ажырасуға ниеттенген 137 шаңырақтың 69-ы медиаторлардың сәтті жұмысы арқасында қайта табысқан көрінеді. 

Бұған қоса аталмыш соттың игі қадамдары нәтижесінде кәмелетке толмаған жастар арасындағы құқық бұзушы­лықтың айтарлықтай азайғаны туралы мысалдарды да көптеп келтіруге болады. 

– Біз мүмкіндігінше отбасы институты мен үйелмендік құн­дылықтар дәрежесін арттыруға күш саламыз. Өйткені, тату үйдің баласы да бақытты. Олардың құқы тапталмауы керек, – дейді Бақтыбек Смағұлұлы.

Қ.САҒАТҰЛЫ