«БАТЫР АНАЛАР» МАРАПАТТАЛДЫ
2023 ж. 30 қазан
361
0
Республика күніне орай Сауран ауданында ақ жаулықты 20 батыр ана марапатталды. Оның 6-ауы «Алтын алқа», 14-і «Күміс алқа» иегері. Аудан әкімінің орынбасары Серік Садибаев алтын құрсақты аналарды қабылдап, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерін табыс етті.
Түркістан облысы – еліміздегі халық ең тығыз қоныстанған аймақ. Мұнда 2 миллионнан астам адам тұрады. Қазіргі таңда Түркістан облысында 90 мыңнан аса көпбалалы отбасы бар. Бұл еліміздегі көпбалалы аналардың үштен бірі Түркістан облысында тұрады деген сөз. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелерінің басым бөлігі оңтүстік өңірден, еліміздің әрбір 7-ші сәбиі осы өңірде дүниеге келеді. Біздің ардақты батыр аналарымыз бала тәрбиелеп қана қоймай, түрлі салаларда жемісті еңбек етіп жүр. Кәсіпкерлік саласында табысқа жетіп жүрген аналарымыз да баршылық. Түркістан облысындағы барлық кәсіпкердің 32 пайыздан астамы – әйелдер. Өңірде кәсіпкерлікке бет бұрған әйелдердің басым бөлігі тігін шеберханасын, кондитерлік цехтар, оқыту орталықтарын ашып, түрлі қызмет көрсету салаларында жұмыс атқарып жатыр.
Сауран ауданында 2023 жылдың 3 тоқсаны бойынша әйел азаматшалардың саны 50 073 болып, халықтың 50,7 % құрап отыр. Ал 18 жасқа дейінгі 4 және одан көп баласы бар отбасы – 5050 болса, «Батыр аналар» – 122, көпбалалы аналар саны – 7729. І, ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталған аналардың саны 235-ке жетіп отыр. Аудан көлемінде «Алтын алқа» және «Күміс алқа» атанып жатқан аналар жылдан-жылға еселене түсуде. Қазіргі таңда «Алтын алқа» алған аналардың саны 494 болса, «Күміс алқа» алған аналардың саны – 1828. Аудан еліміздің демографиялық көрсеткішіне үлкен үлес қосып отыр.
qazaquni.kz