«ҚАМҚОРЛЫҚТА» КЕЗЕКТІ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖИЫНЫ ӨТТІ
2023 ж. 30 қазан
251
0
Ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Қазақстан халқына жолдауында әлеуметтік әлсіз топ мүшелеріне психологиялық, моральдық қолдау көрсетуге басымдық берген болатын. Жолдаудағы көрсетілген бағыттар бойынша Түркістан қаласында түрлі жүйелі жобалар, іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Сондай игі шараның бірі – «Қамқорлық» жанұя орталығында өтті. Жиын мақсаты әлеуметтік әлсіз отбасы, топ мүшелеріне әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету.
Айта кетелік, жалпы Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің негізгі міндеті – тұрғындарды жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету және азаматтық хал актілерін тіркеу болып табылады. Ал, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде халықты әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік саясаты негізгі бес бағытта жүргізіледі. Атап айтқанда: – еңбек қатынастарын үйлестіру, аз қамтамасыз етілген азаматтарды әлеуметтік қорғау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау, азаматтық хал-актілерін тіркеу, арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамту. Бөлімде мемлекеттік қызметтің тізіліміне сәйкес оның 22 түрі көрсетіледі.
Атаулы іс-шараға Түркістан қалалық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің» басшысы Элмира Бейсенова және әлеуметтік әлсіз топ мүшелері қатысты. Жиында қатысушыларға арнайы дайындалған концерттік сценарий қойылып, мерекелік дастархан жайылды.
Өз кезегінде сөз алған «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің» басшысы Элмира Тұңғышбайқызы шаһардағы әлеуметтік бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталып, келушілерге ізгі тілегін жеткізді. Басқосу соңында қатысушыларға сыйлықтар табысталды.
Жалпы, «Қамқорлық» жанұя орталығы – өмірлік қиын жағдайға тап болған көпбалалы, толық емес, аз қамтылған, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға және мүгедектігі бар тұлғаларға кешенді кеңес беру арқылы тұрақты әлеуметтік қолдау көрсетумен келеді. Сонымен қатар, аз қамтылған, мүгедектігі бар отбасы мүшелеріне тұрмыстық депресиядан шығару үшін психологиялық қолдау көрсету, бейімдеу шараларына қатыстыру, арнайы мамандық оқу курстарын ұйымдастыру және құқықтық кеңес беру қызметін көрсетеді.