ЖЕТІСУ ӨҢІРІНІҢ ДАМУ ҚАРҚЫНЫНА ОҢ БАҒА БЕРІЛДІ

ЖЕТІСУ ӨҢІРІНІҢ ДАМУ ҚАРҚЫНЫНА ОҢ БАҒА БЕРІЛДІ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу өңіріне іс-сапармен барды. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы мәлімет берді. 

Аймақ әкімі Мемлекет басшысына өңір экономикасының барлық негізгі саласының дамуында оң үрдіс сақталып отырғанын айтты. Облыстағы өндіріс көлемі 5,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 1,7 пайызға ұлғайған. Сауда мен құрылыс салаларының даму көрсеткіштері 1,6 есе өсіп, 198,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Бейбіт Исабаев облыстың өнеркәсіп өндірісінде 533 кәсіпорын жұмыс істейтінін, онда 26,6 мың адам еңбек етіп жатқанын жеткізді. Биыл жалпы құны 46,9 миллиард теңге болатын 14 нысанды іске қосу жоспарланған.

Сонымен қатар облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақсу қант зауытына толық жөндеу жүргізіліп, іске қосылғаны туралы айтты.

Көксу қант зауыты да 70 мың тонна қант өндірген. 

Облыста су жүйесін қайта жаңарту және салу үшін 22 жобаның іске асырылып жатқаны туралы баяндалды. 22 елді мекен, соның ішінде Талдықорған қаласына газ құбыры тартылып, 288 мың адам көгілдір отынмен қамтылған. 

2023-2025 жылдары 8,8 мың орындық 16 жаңа мектеп салу жоспарланған, соның ішінде 6600 орындық 7 оқу ордасы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынады және 1800 орындық 2 мектептің құрылысы биыл басталған.

Денсаулық сақтау саласы бойынша 8 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. 

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін тағы 59 нысан салу жоспарланған. 

     Мемлекет басшысына биыл облыста 14 спорт нысаны салынып жатқаны жөнінде айтылды. Ал демеушілер есебінен Талдықорған қаласында «Jetysu Аrena» жабық спорт кешені іске қосылған. Биыл облыстық маңызы бар 221 шақырым жол мен 73 елді мекендегі 249 шақырым ауылішілік жолдарды салу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

      Қасым-Жомарт Тоқаев облыстың даму қарқынын оң бағалап, осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруды тапсырды.