Асқар МАМЫРБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан облыстық сәулетшілер Одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстанның Құрметті сәулетшісі БІЗДЕ ЖОБА, ЖОСПАРСЫЗ ІС КӨП

d188d18bd0bcd0bad0b5d0bdd182-5d188d18bd0bcd0bad0b5d0bdd182-3

– Құрметті Асеке! Сұхбатымызды бірлестікте Қазақстан Сәулетшілер одағының қанша мүшесі бар, қоғамның бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай, сол жөнінен бастасаңыз..

Сәулет және қала құрылысы қызметінің қоғамдағы маңызына сәйкес, осы салада қызмет атқарып жүрген білікті маман-сәулетшілердің басын құрап отырған біздің бірлестікте қазіргі таңда Қазақстан сәулетшілер Одағының 54 мүшесі топтасқан. Олардың ішінде мемлекеттік қызметте, атқарушы органдарда, жобалау мекемелерінде, т. б. қызметте жүрген мамандар бар. Қоғамымыздағы оңды өзгерістермен қатар сәулет, құрылыс саласындағы келеңсіздік те бізді бейтарап қалдыра алмайтындығы белгілі.

             Облыс аумағындағы елді мекендердің сәулеттік сипаты, жекелеген кейбір ғимараттарды қоспағанда, қанағаттандырарлық дәрежеде деп айта алмаймын. Өзіндік кескін-келбеті қалыптаспаған, инфрақұрылымнан жұрдай, көлік, коммуникациялық жүйесі жоқ елді мекендер қаншама! Осы істерді жүзеге асыруға тиісті басқармалар мен аудандардағы бөлімдердің   іс-қимылын бақылап, мүмкіндігі барынша қол ұшын созатын қоғамдық ұйымның болуы заңдылық деп білемін. Сонымен қатар, Одақ мүшелерінің мұң-мұқтаждарын ескеру, әлеуметтік жағдайы мен қоғамдағы тіршілігі қалыпты деңгейде болуына жағдай жасау, ең бастысы шығармашылық саласындағы еңбегін бағалай отырып, жергілікті және мемлекеттік деңгейде марапаттауға ұсыну арқылы шабыттандырып отыру - Одақтың басты міндеттерінің бірі болып саналады.

– Облыс елді мекендерінің бас жоспармен қамтылуы қай дәрежеде және елді мекендердің құрылысы жобаға сай жүргізілуде ме?

– «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңның 47-бабына сәйкес, тұрғындарының саны 5 мың адамнан асатын елді мекендер белгіленген тәртіппен бекітілген, қолданыстағы бас жоспармен қамтамасыз етілуі тиіс. Олардың саны облыс бойынша - 58. Қазіргі таңда 11 қала мен аудан орталығының бас жоспары жасалған. Бірақ, түгел жасалып біткен жоқ. Өйткені, 2006 жылдың соңында бұл жұмысты қаржыландыру тоқтатылған. Қалған 47 елді мекеннің 35-де бас жоспар жоқ, басқасындағы - 1970-80 жылдары жасалған, есепті мерзімі өткен, жарамсыз. Демек, ірі елді мекенннің 80% бас жоспарсыз.

           Бұл - елді мекендер құрылысы бей-берекет салынып жатыр деген сөз! Басқасын былай қойғанда еліміздегі халқының саны жағынан 3-ші қала - Шымкенттің бас жоспарға сәйкес құрылысы сын көтермейді. Бұл мәселе туралы 5-6 жылдың көлемінде айтылып та, жазылып та жүр, бірақ тұщымды жауап, көзге көрінген нәтиже жоқ. Бұрынғы бас жоспар жарамсыз болып қалған, жаңа жоспар бекітілмей жатыр. Жалпы, бас жоспар іске асуы үшін, сол жоспардың негізінде орындалатын аумақтардың егжей-тегжейлі жоспарының (ПДП) жобасы болуға тиіс.

              Көше «қызыл сызықтары», инфрақұрылымдары, құрылыс жоспары анық көрсетілген құжаттар - әкімшіліктің құрылыс саласын дәл және анық болжауына, соған сәйкес жұмыс істеуіне көп көмегін тигізеді және ең бастысы, мемлекет қаржысын үнемдеп жұмсауға ықпал етеді. Қазір өзіміз куә болып отырғандай, Шымкент қаласында ПДП болмауы салдарынан көптеген ықшам ауданда мектеп, балабақша, емхана ғимаратын салатын жер таппай қиналудамыз. Қаланың солтүстігіне, оның ішінде «Асар» ықшамауданы бар, электр желісін тартуда да көптеген қиындыққа тап болып, желіні мың бұралтып өткізуге тура келді. Қаншама қаражат ысырап болды. Мұндай мысалды көптеп келтіруге болады. Әрине, бас жоспарды жасау мемлекеттің едәуір қаражатын керек етеді. Осыны ескере отырып, шағын елді мекендердің бас жоспарының сәулеттік шешімін ғана жобалап, жергілікті деңгейде бекіттіріп алуға болады. Оны бұлжытпай орындап отыру жергілікті әкімдердің басты міндетінің бірі болуы тиіс. Сонда елді мекендердің инфрақұрылымдарының дамуы да жүйеге түсер еді. Жүйелі құрылыс бар жерде сәулет те болады!

        Облыс аумағындағы қалалар мен  аудандардың әулет бөлімдері бар. Мемлекеттен қаржыландырылатын конституциялық бөлімдер болып табылатын осы мекемелермен қарым-қатынастарыңыз қалай, бөлім басшыларының арасында сәулетшілер Одағының мүшелері бар ма?

– Облыстағы 15 аудан, қала сәулет және қала құрылысы бөлімдері меңгерушілерінің 9-ы (60%) сәулетші, 6 (40%) инженер-құрылысшы мамандықтарының иелері. Осының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Республиканы айтпағанның өзінде, облыс жоғары оқу орындарының өзі жыл сайын ондаған, тіпті жүздеп сәулетші мамандарына диплом береді. Олардың жұмысқа орналасу мәселесімен айналысып жатқан ешкім жоқ. Әркім өз бетінше жұмыс табуға әрекет жасайды. Талай табалдырықты тоздырып, тауы шағылғандар, бұл мамандықты тастап, күн көріс қамымен өзге салаларға кетіп жатыр. Бұл, әрине, өкінішті жағдай. Экономиканың негізгі қозғаушы күшінің бірі құрылыс екенін ескерсек, бұл саланы жүйелі түрде қалыптастырудың бір тетігі - бас жоспарды негізгі құжат ретінде қабылдап, оны бақылауды тиісті мамандар арқылы іске асыруды қамтамасыз ету. Бас жоспардың жүзеге асуына бірінші жауапкер - ол әрине, сол аумақтың бас сәулетшісі. Сондықтан, ірі елді мекендердің бәрінде маман-сәулетші қызмет атқаруы керек. «Дипломмен - ауылға» деген мемлекеттік бағдарламаның ішінде сәулетші мамандар да міндетті түрде болуға тиіс деп есептеймін. Сәнді ғимарат, жайлы тұрғын үйлер, жүйелі инфрақұрылымдары бар ауылға басқа маман иелері де атбасын бұрары сөзсіз.

          Тағы да ескере кететін мәселе, қандай да бір елді мекен болсын, жаңадан салынатын ғимаратқа сәулет-жоспарлау тапсырмасы беріліп, бекітілген жоспарға сәйкес салынуы тиіс. Бұл тапсырманы да беріп, бақылау жасайтын-маман сәулетші. Қарамағында 1-2 адамы ғана бар ауданның бас сәулетшісі-бұл жұмыстарды атқаруға мүмкіндігі де, уақыты да жетпейді.

         Шымкент қаласындағы 3 ауданда кеңес дәуірінде тиісінше 3 сәулет бөлімі жұмыс істеген. Қазір бұлардың бәрі қысқарып  кетті. Соның салдарынан аудан көлеміндегі құрылыс нысандары бақылаусыз қалды десе болады. Қалалық сәулет бөлімі бұл ауқымды жұмысты атқаруға үлгіре алмайтындығы айтпаса да түсінікті. Ал, ауылдық жерлерде Одақ мүшелері бар ма деген сұраққа оралсақ, облыстағы аудан, қалаларымызда 14 Одақ мүшесі қызмет атқаруда. Олардың 7-і мемлекеттік қызметте болса, 7-і жобалау мекемелерінде.

– Жер телімдеріне байланысты дау-дамайлардың болып тұратыны жасырын емес, жер телімдерінің қабаттасуы, «қызыл сызық» мәселесі, жер асты, жер үсті коммуникацияларына салынып кеткен ғимараттар, т.б. құрылыс ережесіне сай келмейтін нысандар туралы не айтасыз?

– Бұл сұрағыңызға Шымкент қаласын негізге ала отырып жауап берейін. Естеріңізде болса, осыдан 4-5 жыл бұрын қалалық сәулет басқармасын облыстық сәулет басқармасының құрамына қосып жіберді. Оның үстіне, жер бөлу мәселесінде қалалық жер комитетіне басымдық берілді де, олар өз жанынан жоба жасаумен, сәулет-құрылыс тапсырмасын берумен айналысатын жекеменшік мекемелер ашты. Құрамында кәсіпқой сәулетші- жобалаушылары жоқ осындай мекемелер тарапынан жекелеген тұрғын аудандарға   бас жоспарлар, анығын айтқанда, нобайлық сызбалар жасалынып, бекіттіріп алды да, жер бөлуге кірісті. Былықтың бәрі сол кезден басталды. Жер телімдерінің қабаттасуы, коммуникация жүйелерінің бұзылуы, немесе тіптен болмауы, ең бастысы, бас жоспарға негізделмеуі - көптеген заң бұзушылықтарға алып келіп, жер иеленушілер бір-бірімен соттасып жатты. Ақырында қаланың бас жоспары жарамсыз болып қалды. «Қызыл сызықты» белден басып ғимараттар салу, жер асты, жер үсті коммуникацияларының қорғалу аймағын өрескел бұзып құрылыс салудың куәсі болдық. Өкінішке қарай, бұл ғимараттардың көпшілігі жеке мүліктерді заңдастыру (легализация) аясында құжаттандырылып кетті. Оның салдарын жою ұзаққа созылары даусыз. Кәсіпкерлікті қолдау деген жалған ұранмен, «қызыл сызық» бойымен құрылыс жүргізуді жоспарлап, оны бекіткен жағдайларды да көріп отырмыз. Бұл қай заңға сәйкес іске асырылғаны бізге белгісіз.

               Кезінде сот арқылы тоқтатылған құрылыс нысандары да бұзылмай, біртіндеп қайта жалғасын табуда. Оған көптеп мысал келтіруге болады.

– Қазақта «келісіп пішкен тон-келте болмайды» деген нақыл бар. Біздің естуімізше, қалалық және аудандық әкімдіктерде қала құрылысы Кеңестері бар көрінеді. Сол Кеңестердің жұмыс істеу қарқыны қалай? Жоғарыда айтылған даулы мәселелер сол Кеңестерде талқылана ма, және одан атап айтарлық қандай нәтижелер бар?

– Әрине, болашақ ғимараттардың  жобасын, әсіресе, бас жоспарды жалпы талқылаулардан кейін бекіткен тиімді екені даусыз. Облыстық сәулет басқармасында, қала, аудан сәулет бөлімдерінде қала құрылысы Кеңестері болуы тиіс. Бірақ өкінішке қарай, көпшілік аудандарда бұл Кеңес жасақталмаған, барларының өзі тек қағаз жүзінде ғана болып отыр. Өйткені, өзім бір мүшесі болып табылатын облыстық және Шымкент қалалық қала құрылысы Кеңесінің отырысы соңғы 4 ай көлемінде бірде-бір рет өткен жоқ. Бұл нені білдіреді? Әрине, Кеңес ұйымдастырушыларының салғырттығын, істі кеңеспей-ақ шеше салатындығын көрсетеді. Бұл мәселеде мен мынаны ұсынар едім: ауданы 100 шаршы метрге дейінгі ғимараттарды (бас жоспар бойынша маңызды болмаған жағдайда) қала, аудан бас сәулетшілері жеке бекітіп, одан жоғары көлемдегі ғимараттарды қала құрылысы Кеңесінің талқысына салып барып, бекітсе. Астана, Алматы қалаларындағы қандай да болмасын құрылыс нысандары   Кеңестің талқылауынсыз бекітілмейді. Бұл мәселеде біз көп артта қалып қойдық. Ал аудандарымыздағы қала құрылысы Кеңестері мүлдем істемейді десе де болады.

– Біздің білуімізше, облыс көлемінде жобалау құқығына ие жүзге тарта мекемелер бар көрінеді. Солардың жұмыстары туралы, сәулеттік туындылары заман талабына сай ма, олай болмаса кемшіліктерді жоюға қандай шаралар қолдануға болатындығы туралы ой қозғасаңыз.

Саны бар, сапасы жоқ жобалау  мекемелері жетіп артылады. Басым  көпшілігінде сәулетші мамандар жоқ. Барларының өзінде көп жағдайда тәжірибесіз жас мамандар, жобаның сәулеттік кескінін интернет арқылы көшіруге кіріскен. Сәулеттік жоспарлары жарымжан, өзіндік стилден жұрдай. Бұларды тексеріп, сараптамадан өткізетін -сараптау мекемелерінің бірде-бірінде маман сәулетшілер жұмыс істемейді.

              Қандай да болмасын жобалау мекемелері жұмыс жасау үшін облыстық сәулет- құрылыс бақылауы басқармасынан жұмыс түрлеріне лицензия алады.

             Сол кезде жобалау мекемесіндегі мамандардың біліктілігі тексеріледі. Тексеру барысында мекемедегі жобалаушы-сәулетшінің біліктілігіне айырықша назар аударып, бұрынғы істеген жұмыстарына сараптама жасай келе, рұқсат қағазы дайындалса.

           Өйткені, болашақ жоспарлардың, ғимараттардың жобасы ең бірінші сәулетшінің сызбасынан бастау алады ғой.

            Тәжірибесіз, шығармашылық деңгейі төмен сәулетшілерден жасақталған жобалау мекемесінің туындыларынан қайбір оңған дүние шығар дейсіз?

            Міне, біздің қалаларымыздың үлкен ауылға айналып бара жатқандығының түп-төркіні сол кемшіліктеріміздің барлығынан болса керек.

– Бәрімізге белгілі- облысымыздың едәуір бөлігі, оның ішінде облыс орталығы-Шымкент қаласы да бар, сейсмикалық тұрғыда қауіпті аймақта орналасқан. Құдай бетін аулақ қылсын, әлемнің әр түкпірінде зілзала салдарынан ғимараттар қирап, адам шығындары болып жатады. Сол шығындардың алдын алу үшін, құрылыс саласында қандай шаралар қолданылуда, сол туралы да айтып өтсеңіз.

– Ол рас, облысымыздың көптеген аудандары сейсмикалық тұрғыда қауіпті аймаққа орналасқан. Жаратқан иеміз «Сақтансаң-сақтаймын» дейді екен. Ғимараттарымыздың сәулетті болуы- басты мақсатымыз болса, қауіпсіздігі де жоғары болуын қамтамасыз етуіміз керек.  Сейсмикалық тұрғыдағы қауіпсіздігі қарастырылған, құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес жасалған жоба- сараптамадан өткізілгеннен кейін құрылысқа рұқсат беріледі. Содан кейінгі мәселе- құрылыс мекемесінің жауапкершілігінде. Оларды да құрылыс барысында арнайы мекемелер тексеріп отырады. Бұл енді, жаңа құрылысқа байланысты әңгіме. Сондай-ақ облыс көлемінде салынғаныныа 50-60-жыл болған көпқабатты тұрғын үйлер де бар ғой. Солардың жай-күйін арнайы тексеруден өткізетін мезгіл жетті. Нарық экономикасының бастау алар тұсында- қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің төменгі қабатынан жаппай сауда, бизнес мекемелері ашылды. Жасыратыны жоқ, көп үйлердің беріктігін әлсіретіп алдық. Оның үстіне тозбайтын дүние жоқ, біршама уақыт өткен соң құрылысты қайта құру болатыны сөзсіз. Көршілес Қытай, Ресей мемлекеттеріндегі 1940-50 жылдарда салынған көпқабатты тұрғын үйлерді жаппай бұзып, орнына жаңа құрылыс салып жатқанының куәсі болып отырмыз. Сондықтан біздің де мықтап ойланғанымыз абзал. Тағы да бір алаңдарлық жағдай- соңғы 5-6 жылдың көлемінде салынған жекеменшік тұрғын үйлер сейсмикалық қауісіздікке жауап бермейді. Саз балшықтан салынған бұл үйлердің сәулеттік келбеті де, қауіпсіздігі де нормаға сай емес. Осы мәселелер бойынша арнайы комиссия құрылып, жұмыс бастау керек деп ойлаймын. Орайы келгенде айта кететін тағы бір мәселе, жобалық-сметалық құжаттарға, құрылысқа өткізілетін тендерлер туралы. Құрылыс нысанының құны- жобада көрсетілген жалпы жұмыстардың жиынтығынан шығатыны белгілі. Тендер өткізушілер кей жағдайларда құрылыстың құнын едәуір төмендетіп жіберетінін байқап жүрміз. Оның үстіне сол сомадан алынатын бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген бар. Сонда құрылысты жарты құнына қалай салуға болады. Кімнен, нені «үнемдеп» жатырмыз?

Сәулетіміз, қауіпсіздігіміз қайда қалды!? Ойланатын мәселе көп.

– Қоғамдық бірлестік болған соң, әрине, сіздердің басты мақсаттарыңыз-сәулет саласындағы азаматтардың мұң-мұқтажына, мазалаған ойларына байланысты жұмыс атқарасыздар. Бұл сіздің кәсібіңізге байланысты болса керек. Ал, азамат ретінде қоғамда болып жатқан өзге мәселелер туралы да ойыңызды білсек...

Қалай болғанда да жалпы қоғамдағы түйткілді мәселелер азамат ретінде мені де мазалайтыны даусыз. Айтар болсам, біздің саламызға байланысты- жобалық сметалық құжаттардың мемлекеттік тілге көшуге құлықсыздығы, елді мекендердегі көрнекі жарнамалардың, көше атаулары, мекеме маңдайшаларының қазақ тілі тұрғысынан жарымжандығы, соған жауапты мемлекет қызметкерлерінің салғырттығы, жастарымыздың қазақ әдебиетін оқымайтындығы, Ана тілімізге бастау беретін - аналарымыздың (әсіресе жастар жағы) өз балаларымен орысша сөйлесуі мазалайды. Сондай-ақ «Жол картасы» бағдарламасы аясында қаламыздың ықшам аудандарындағы ішкі орамдағы автокөлік жолдарын қолданыстағы құрылыс нормаларына сәйкестендірмей, жобасыз (оның ақшасын үнемдей ме білмедім) сол бұрынғы қалпынша жолдарды, автотұрақтарды кеңейтпей қайта құрып жатқандығы мазалайды. Бұдан 30-40 жыл бұрындары бір аулада 15-20 автокөлік блса, қазір ол 4-5 есеге артқан. Соған қарамастан жолдардың ені баяғысынша қалған, нәтижесінде-көліктерін сыйғыза алмай, ертелі-кеш айқай-шу, жүйкелері тозған тұрғындар...

              Мені тағы бір мазалайтын нәрсе-қалалық, облыстық маңызы бар құрылыс нысандарының жобасына бәйге жарияланбайтын болды. Бірнеше жобаны талқылап, ішінен үздігін таңдау арқылы салынған құрылыс өзгеше болмай ма? Әйтеуір біздің басшылар «үнемшіл» болып кетті. Одан байып жатқанымыз шамалы. Әдеміліктен қаражатты аямай-ақ қояйықшы. Ақиық ақын Мұқағали айтпақшы – «әдемілік бізге көптік етпейді»!

 

Өмірзақ АҚЖІГІТ