Баян ЖАНДОСОВА: БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫНА ҚОЛ СҰҒЫЛМАСЫН

Баян ЖАНДОСОВА: БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫНА ҚОЛ СҰҒЫЛМАСЫН

 Отан деген ұлы ұғымның өзі отбасынан басталса керек. Танымал деген тұлғалар да қарапайым үйелменде тәрбиеленіп өседі. Сондықтан да отбасы мәселесіне қай елде де үлкен мән беріледі. Мемлекеттің дамуы мен қуатты болуы да түптеп келгенде әрбір отбасымен тығыз байланысты. Бес саусақ бірдей емес демекші, еліміздегі шаңырақтың барлығы бірдей бақытты өмір сүріп жатыр деу қиын. Оның өзіндік себептері көп. Осы жайында тілішіміз «Республикалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы және Түркістан облысы филиалдарының төрайымы Баян Жандосовамен әңгімелескен еді. 

– Білуімізше сіз ұзақ жылдар ұстаздық етіп, жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беру жұмысымен айналысып келдіңіз. Бүгінгі қызметіңіз де сол балалардан алыстап кете қоймаған секілді. Біздің оқырмандарымызға «Әйелдер кеңесі» қоғамдық ұйымының жұмысы жайлы айтып берсеңіз.

– Ия, мен қырық жыл ұстаздық еттім. Бүкіл саналы ғұмырымды балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруге арнадым десем болады. Қазір де атқарып жүрген қызметім отбасымен, балалармен тікелей байланысты. Отбасы – шағын мемлекет деп жатамыз. Ол рас. Қоғамның өзі сол жекелеген отбасылардан тұрады. Әрбір отбасы бақуатты, бақытты болса мемлекетіміздің де қуатты екенін, дамыған ел екенімізді көрсетеді. Зейнеткерлікке шыққан соң да екі-үш жылдай ұстаздық етіп, 2016 жылы «Республикалық әйелдер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалы төрайымы қызметіне тағайындалдым. Бұл жерде менің белсенділігім мен ұстаздық тәжірибем ескерілсе керек. Әрине, алдын ала әңгімелесу түріндегі тестілеуден өттім. Кейін Түркістан облысы қайта құрылғанда аймақпен қоса Шымкент қаласындағы осы қызметті қоса атқару маған жүктелген болатын.

     Алдымен біздің ұйым негізгі төрт бағыт бойынша жұмыс істейтінін айтуым керек. Бірінші – әйелдерді бүгінгі заман талабына сай қоғамдық өмірге бейімдеу. Екінші – әйелдердің денсаулығын қорғау. Үшінші – жастармен белсенді жұмыс жүргізу. Төртінші – қайырымдылық, әлеуметтік жағынан әлсіз қамтылған отбасыларына материалдық көмек көрсетуді ұйымдастыру.

       Бірінші бағыт бойынша біз облыс аудандарымен қоса алғанда «саясаткер әйелдер» клубын аштық. Оның негізгі мақсаты әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейтіп, белсенділігін арттыру. Әйелдер мен жастардың мемлекеттік қызметтегі және лауазымды орындардағы санын 30 пайызға жеткізу керектігі жайында Президенттің Жолдауында да айтылған болатын. Алғашқы кездің өзінде 200 белсенді нәзік жандар оқытылып, сертификаттар берілді. Нәтижесі жаман болған жоқ. Солардың бірқатары қазір түрлі деңгейдегі әкімдіктерде, депутат болып сайланып мәслихаттарда еңбек етуде. Қазіргі кезде әйелдердің денсаулығы көбірек алаңдатады. Бала болмағандықтан ажырасу да орын алады. Бұл бағытта да сәбилі болам дегендерге репродуктивтік ем үшін арнайы квота ұйымдастырылады. Оның санын көбейтуды талап етіп отырмыз.

– Бүгінгі күні отбасындағы зорлық-зомбылық қоғамды ерекше алаңдатып отырғаны белгілі. Оның алдын алу үшін қандай жұмыстар істеліп жатыр?

– Отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы аяусыз күрес жүргізу қажет. Жұмыссыз қалып, ішкілікке салынған әкелер тарапынан мұндай қылмыс орын алып жатқаны жасырын емес. Қазір жаңа заң қабылданып, қолданылатын шаралар қатаңдатылды. Бұл жерде әкімдік қызметкерлерімен, учаскелік полициямен, дәрігерлермен бірігіп жұмыс істеу ұтымды.Қазір орталықтар ашылып, сенім телефондары іске қосылған. Әкесінен зорлық көрген бір қызды қалаға көшіріп, мектепке оналастырдық. Әкеңе арыздандың деп қызын кінәлаған анасын құқығынан айырдық. Қазір сондай екі қызымыз жоғары оқу орындарында оқиды. 

– Қыздардың одан арғы тағдыры не болмақ?

– Әрине, олардың болашағы біздің назарымызда, тұрақты бақылауда ұстаймыз. Белсенді кәсіпкерлер, оның ішінде бизнес саласын меңггерген әйелдер қыздарды киіндіруді, өзге де шығындарын өз мойнына алып отыр. Енді біреулер олардың жыл бойығы оқу ақысын төлейді. Оқу орны басшыларымен келісіліп, оқу төлемақысы отыз пайызға төмендетілді. Енді біз министрлікке осындай зорлық-зомбылық көрген балаларға жоғары оқу орындарына түскенде арнайы грант бөлуді айтып, ұсыныс жасаудамыз. Жоғарғы жақтың бұған қарсылығы жоқ сияқты, қолдау көрсетеміз деп отыр. Бұл да бір игі іс болар еді.

– Қай салада болсын ділгір мәселе жеткілікті. Сіздердің қызметтеріңізге кедергі келтіретін жағдайлар бола ма?

– Біз әрбір отбасының бақытты болғанын қалаймыз. Оған кім қарсы болсын, кедергі жоқ десек те болады. Бірақ жұмыс нәтижелі болу үшін де жағдай қажет. Атақаратын жұмыс көп, сондықтан осы бағытта штатты кеңейту дұрыс болар еді. Тәуліктің кез келген уақытында мамандар жолға шығуына тура келеді, кейде тіпті алыс ауылдарға дейін барады. Осыған орай жұмыс тобына арнайы көлік бөлінсе деген тілегіміз бар. Бұның бәрі болашағымыз балалардың лайықты азамат болып өсуіне жасалып жатқан жұмыстар. Біз алдымен балаларымыздың құқығын қатаң сақтауға міндеттіміз.

Гүлмира САДЫҚ, 

Қазақ үні