Азат Перуашев: Су саласына көршілермен тіл табыса алатын білікті, беделді басшы керек

Азат Перуашев: Су саласына көршілермен тіл табыса алатын білікті, беделді басшы керек

Бүгін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялап, мемлекет дамуының алдағы кезеңдегі басым бағыттарын айқындап берді. 

Президент атап өткен түйткілді мәселелер қатарында су үнемдеу технологияларын енгізу, су ресурстары және ирригация министрлігі құру тапсырмаларын атап өту керек. 

Мемлекет басшысы су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс екендігіне айрықша назар аудартты.

«Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған байланысты журналистер «Су саласын сауатты басқара алатын маман резервте бар ма?» деп «Ақ жол» демпартиясының төрағасы Азат Перуашевке сауал қойған болатын. 

- Мен жазда бірқатар өңірлерді аралап, еңбек ұжымдарымен жүздестім. Соның ішінде, Талас өзенінің арнасын көрдік. Жамбыл облысы, Байзақ ауданы Мырзатай ауылдық округінің қуаншылықтан зардап шеккен шаруаларымен кездестік. Бір тірі өсімі жоқ, әбден қурап біткен беде алқабы бойында әңгіме құрдық. Бүгін Президент су үнемдеу технологияларын енгізу, жаңа министрлік құру секілді бірқатар тапсырмалар берді. Әрине, бұл қажет, себебі, су тапшылығы жаһандық сипат алып отыр. Сіз дұрыс сауал қойып отырсыз, кадр мәселесі өте өзекті. Мен Жамбыл облысындағы диқандармен жүздескенімде олар «Ислам Әбішев қайда?» деп сұрап, оның кезінде су мәселесі дереу шешімін тауып отырғандығын атап өткен еді. Қазақстан бүгінде көршілерден келетін суға мұқтаж болып отыр. Сондықтан, бізге ел ішіндегі мәселелермен ғана айналыспай, көршілермен де сауатты диалог құрып, тіл табыса алатын осындай білікті, білімді маман, қырғыз, өзбек тараптарымен тең дәрежеде сөйлесе алатын беделді басшы керек, - деді А. Перуашев. 


Еске сала кетейік, тамыз айының ортасында «Ақ жол» басшысы Жамбыл облысының диқандармен кездескен болатын. Диқандар беде ғана емес, жүгері, қант қызылшасы, жуа, дәнді-дақылды өзге де көкөністердің өнбей қалуының бірнеше кешенді мәселесін айтқан еді (https://akzhol.kz/kk/blog/sua-zru-zhambld-diandar-azhola-m-mtazhdarn-ajtt).