Балалардың тілегі орындалды: «Ақ жол» сынынан кейін Тараздағы субұрқақтар қосылды
2023 ж. 18 тамыз
757
0
Жуырда Жамбыл облысына жасаған сапары аясында «Ақ жол» демпартиясының төрағасы Азат Перуашев партия атынан сайланған қалалық маслихат депутаттарымен Тараз қаласының істемей тұрған субұрқақтарын аралап көріп, мәселенің мән-жайымен танысқан болатын.
Осыдан бір-екі жыл бұрын салынып, қараусыз қалған, тұрғындар сая іздеген аптап ыстықта бір күн де жұмыс істемеген субұрқақтармен танысып шыққан Мәжіліс депутаты телеграм арнасында осыған байланысты қала әкімдігін өткір сынға алған еді.
- Бірнеше қараусыз қалған субұрқаққа іргелес орналасқан үйлерден балалары жүгіріп келіп амандасып жатты. Субұрқақтарға қашан су берілетінін сұрады. Оларға не дейін? Бұл субұрқақтарға жүздеген миллион қаржы кетсе де, қараусыз қалып, қазірдің өзінде 80 млн тг астам қаржыға жөндеу жүргізу керектігін бе? Шенеуніктердің кезекті қисапсыз жауапсыздығы мен өз жерлестері мен халық қаржысына немқұрайлы қараудың тағы бір мысалы, - деп жазған еді А. Перуашев.
Аталмыш сыннан кейін, Тараз қаласы тұрғындарының хабарлауы бойынша, бүгін қаладағы барлық субұрқақтар іске қосылды. Тұрғандар қайта қосылған субұрқаққтарды суретке түсіріп, әлеуметтік желіге жариялап, «Ақ жол» партиясына алғыс айтуда.
Атап өту керек, істемей тұрған субұрқақтар мәселесін қалалық маслихатта «Ақ жол» демпартиясының депутаттары Бауыржан Найзақұлов пен Руслан Мырқалықов көтерген болатын.



