Бөгенбай ӘЛМАХАНОВ, Ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты: КЕЛЕШЕК БАЗАРДА ЕМЕС, БІЛІМДІ МАМАНДА...

– Кәсібіңіздің экономикамызға әсері қаншалықты деп ойлайсыз?

- Менің 1977 жылдан бастап айналысқан жұмысым жүгері селекциясы болды. Шын сүйіп атқарған және оның жемістерін көрген кәсібім жүгері дақылының жоғары өнімді, дүние жүзі стандарттарына сәйкес келетін будандары мен сорттарын шығару болды.

            Қай дақылдың болса да селекциясы өте ауыр. Көп еңбектенуді қажет етеді. Осылардың ішнде жүгері селекциясы ең қиыны. Соған қарамай еңбегіңнің жемісін көріп жатсаң, шығарған сорттарыңды елің қабылдап алып, егіс алқаптарында жайқалып тұрса өзіңді бақытты сезінесің. Еліңе деген сүйіспеншілігің арта түседі. Еңбегіңнің нәтижесін көрген сайын, өзіңнің қоғамға керек екеніңді, сол қоғамның бір мүшесі екеніңді түсінесің. Ал, бұл сезім өмірге деген құштарлығыңды арттырады.

– Мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайына қалай қарайсыз?

– Қазақ тілінің мүшкіл халін ойласам жылағым келеді. Мен тіл маманы емеспін. Кеңес Одағы кезінде орыс тілін білмегенім үшін талай қиындық көрген жанмын.

            Ол кезде сен тіл білмей, ойыңды жеткізе алмай тұрсаң, сауатсызсың дейді. Ал орысша сайрап тұрсаң, сенің басыңда түк жоқ болса да, сауаттысың деп арқаңнан қағатын.

            Тәуелсіздік алғалы бір сыпыра ілгерлеу болды деп жатырмыз.

            Меніңше, кейбір келелі істердің өзін кешігіп қолға алып жатқан сияқтымыз. Солардың маңыздысының бірі – ана тіліміз. Биліктегілер, президентімізден бастап шетелдерге барғанда, шетелден келген қонақты қабылдағанда орысша сөйлейді. Намыс қайда? Олар біз туралы не ойлайды? Өз елімізде тұрып қазақ тілі халінің қиын болуы – «Үйреніңдер, оқыңдар» деп ақша бөлу - биліктің әлсіздігі. Бізге кезінде орыс тілін ешкім ақша бөліп үйреткен жоқ. Орыс тіліне қажеттілік болды. Орыс тілін білмесең ешқандай жұмысқа орналаса алмайсың. Іс қағаздары барлық жерде дерлік орысша жүргізіледі. Бізге де сондай қажеттілік туғызу керек. Бұл басқа ұлтқа қысым көрсету болып саналмайды. Тіл үйрену деген - білім алу.

Жаратылыс – техникалық ғылым саласында қызметкерлерінің де ана тіліміз туралы өз пікірлерін айтатын кезі келген жоқ па?

Тыңдайтын құлақ болса ана тіліміз туралы әртүрлі мамандық иелері айтып та, жазып та жатыр. Менің өзім де «Ана тіліміздің қазіргі кездегі жағдайы, латын әрпіне көшу халқымызға не береді» деген тақырыпта мақала жазғанмын.

           Тағы бір ескерте кететін жәйт – ол халық аралық сөздерді аударғанның жөні осы екен деп, оңды солды әркім өз білгенінше аудара бермеу керек. Халықаралық сөздер жаратылыстық және техникалық ғылымдарда жиі кездеседі. Ғылыми термин дегеніміз, ол жаңалық ашқан ғалымның ашқан жаңалығына, жаңа туған балаға ат қойғаны сияқты қойған аты. Сол себептен де ол барлық ұлтқа ортақ. Сол ғалымға деген құрмет.

              Алланың берген денсаулығының арқасында еңбек етіп, маңдай терімізді төгіп, 18 сорттың (буданның) авторы атандым. Қазақстанның жері қаншалық кең болса, оның топырағы – ауа райы соншалық әр алуан. Сол себептенде біз шығарған сорттар (будандар) ең ерте мерзімде пісетіндері 80-85 күнде, ал кеш мерзімде пісетіндері 135-140 күнде толық пісіп, оруға дайын  болады. Өте ерте және ерте мерзімде пісетін жүгері будандары республикамыздың суарылмайтын, ауа райы өте нашар аймақтарына еккенде де толық дәнге толып үлгіреді. Яғни, гектарынан 50-60 центнер  өнім алуға болады. Сөйтіп әріптестеріммен бірге еліміздің солтүстік аймақтарында жүгері егуге болмайды деген пікірді жоққа шығардық.

– Ана тіліңізге қаншалық қызмет еттіңіз?

– Мен тіл маманы емеспін. Жаным ашығаннан болар жоғарыда атап өткен мақалам жан айқайым еді. Ана тілімнің осы саладағы қолданылу аясын кеңейтуге септігі тие ме деп, осы салада ізденіс жасап жатқан қазақ тілді жастарға бір пайдасы бола ма деген ниетпен ғылыми мақалаларымды Кеңес одағы кезінде де, қазірде қазақ тілінде жазып жүрмін. Кеңес одағы кезінде де балаларыма қазақша үйреттім, қазір немерелерім де қазақша сөйлейді.

– Өзіңіздің отбасыңыз туралыда айта кетсеңіз?

Жұбайым Әлібаева Фатима - жоғары білімді, кітапханашы. Қазір зейнетке шыққан. Алланың берген бір ұл, үш қыз, жеті немере, бір шөберем бар. Балаларымның бәрі жоғары білімді.

– Қазіргі жастарға айтатын қандай ақыл – кеңесіңіз бар?

– Егемендік алған жылдары туылған балалардың өзі 19 жасқа келді. Бұл дегеніңіз Одақты, Социализмді көрмей өскен жаңа ұрпақ. Одақтық кезеңде «Кеңес үкіметі далаға тастамайды, оқытады, жұмыс береді, үймен қамтамасыз етеді» деп өскен болсақ, қазір олай емес. Тек өзің талпынып, өз күніңді өзің көруің керек. Қазіргі жастардың өмірге көзқарасы, ойлау психологиясы біздерден өзгеше. Бір қуанарлық жайт жастарымыз дінге бет бұрыс жасап жатыр. Мешітке барып намаз оқитындардың 90 пайыздан астамы жастар. Жастар отанымыздың келешегі десек, олар осы атына лайық болып өссе екен деймін. Аллаға шүкір, жоғары оқу орындарында білім алу ақылы болып кеткеніне қарамастан, талапкерлердің талпынысы арта түспесе, кеміген жоқ. Бұрын шетелде білім алу былай тұрсын, барып көріп қайтудың өзі арман болса, қазір жол ашық. Жастарымыз осы мүмкіндіктерді кеңінен пайдаланып, қалаған білімдерін алуы керек. Келешек базарда емес, білімді мамандарда екенін түсінсе екен деймін.

- Әңгімеңіз үшін рахмет!

Ерұлан

КӨПЖАСАРҰЛЫ