Жетісу облысында орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі қалаларда 100% жетті

Жетісу облысында орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі қалаларда 100% жетті

Бүгінгі күні облыста орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі қалаларда Талдықорғанның 2 саяжай массивін қоспағанда 100% жетті, бұл 2 саяжайдағы су мәселесі шешілу үстінде, ал ауылдарда – 90,2% деңгейінде. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 2 ауылда ауыз су сапасы жақсартылды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің үйлестірумен Ескелді ауданы «Тау Жетісу» туристік нысанының базасында өткен брифингіде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев айтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Спикердің айтуынша, 2023 жылы 16 елді мекенде ауыз су жүйесінің құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуы тиіс. Соның нәтижесінде 213 км сумен қамту желісі салынып, қайта жаңғыртылатын болады, жыл соңына дейін орталықтандырылған суға Қаратал ауданындағы екі ауыл қосылады. 

- Дегенмен жер асты суларын пайдаланып отырған бірқатар елді мекендерде жер асты су көздеріне қосылуда қиындықтар бар. Осы мәселені шешу үшін 66 елді мекенде жер асты ауыз су қорын анықтау үшін геологиялық барлау жұмыстары жүріп жатыр, - деді Б.Исабаев. 

Жалпы 2025 жылға қарай орталықтандырылған сумен қамту деңгейі тұрғындар саны 20-дан аспайтын және ауыз су көздері жоқ 8 разъезд пен 12 елді мекенді қоспағанда 100% жетеді.