Азат Перуашев: Заңсыз шығарылған активтерді тергейтін парламенттік комиссия құрылу керек

Азат Перуашев: Заңсыз шығарылған активтерді тергейтін парламенттік комиссия құрылу керек

«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтың заңсыз алынған активтерді қайтару туралы Заң жобасы бойынша сөйлеген сөзі 

***

«Ақ жол» фракциясы 2013 жылдан бері заңсыз шығарылған капиталдарды қайтару мәселесін Парламентте үнемі көтеріп жүр, осы тақырып бойынша біз Үкіметке, Бас прокуратураға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және басқа да құқық қорғау органдарына ондаған депутаттық сауал жолдады. Осы жылдар бойы біз аталмыш мәселені Швейцария, Латвия, Болгария парламенттерінде, Еуропарламент депутаттарымен кездесуде және т.б. көтеріп келдік. 

2018 жылдан бастап Ұлыбританияда «түбі түсініксіз байлық» туралы норма енгізілгеннен кейін «Ақ жол» фракциясы осыған ұқсас механизмді біздің мемлекетте де қолдануды үнемі талап етіп келеді.

2016 жылдан бастап «Ақ жол» демпартиясының Саяси бағдарламасында капиталды қайтару және де-офшоризация мәселесіне жеке тарау арналған.

Сондықтан, біздің фракция бұл заң жобасын, әсіресе, біз бұрын ұсынған бірқатар нормаларды қамтитындықтан, құптайды. 

Дегенмен, заңсыз капиталдың бенефициарларына қатысты бұл заң жобасының «жұмсақтығы» туралы белгілі бір сұрақтар туындауда.

Бұл мұндай капиталдардың 100 миллион доллардан басталатын анық асыра көтерілген шегіне және олардың әшкереленген иелерінің жауапкершіліктен құтылу мүмкіндігіне байланысты.

Яғни, ұрлық үстінде ұсталса да, олар жымқырған қаржының бір бөлігін ғана қайтара алады, ал прокурорлар «түсініп, кешіруі» мәжбүр болмақ. 

«Ақ жол» фракциясы әділеттілікті қалпына келтіруді «кінәлілерді іздеу» науқанына айналдырып жіберуге болмайды деп есептейді

Заңның мақсаты өз идеясы мен қажырлы еңбегінің арқасында табысқа жеткен белгілі кәсіпкерлердің барлығын қудалау болмауы керек.

Әсіресе, кез-келген кәсіпкерлік бастама бұзушылық болып саналған кеңестік заңдармен кәсіп ашқандар туралы айтатын болсақ, себебі, нарықтық заңдар тек 90-жылдардың аяғында ғана жұмыс істей бастады. 

Бұл заңның объектісі тек өз еңбегімен емес, жемқорлықпен, билікті асыра пайдаланып, бөтеннің кәсібін басып алып, рейдерлік жолмен байығандар болуы керек.

Сонымен қатар, мұндай адамдарға бұл заңның әмірі жүрмеуі мүмкін. 

Бірінші. Әзірлеушілер белгілі бір шарттармен 100 миллион доллар немесе одан да көп сомаға заңсыз байып тұтылғандарды жазаламауды, тіпті заңсыз тәркіленген мүліктің бір бөлігін оларға қалдыруды ұсынады.

Ал, онда аса ірі көлемдегі сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары (189, 234, 365-баптар) болып жымқырылған қаржы көлемі 20 мың АЕК-тен, яғни, 150 мың доллардан асқан қылмыстар жатқызылатын Қылмыстық кодесті қайда жібереміз? 

Осының өзінде 5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеу жауапкершілігі көзделген.

Бұл жерде әрекеттердің ауқымы жағынан да, жазалардың ауырлығы жағынан да айқын қарама-қайшылық бар. Демек, велосипед немесе бір қап ұн ұрлағаныңыз үшін сізді түрмеге отырғызады, ал жүз миллион долларды ұрлағаныңыз үшін сізге түсіністік танытып, тіпті бір бөлігін қалдыруға да рұқсат бере ме?

Танымал телехикаяның әйгілі кейіпкері айтқандай: «Велосипедтерге қарағанда составтарды ұрлау әлдеқайда қауіпсіз».

Мұнымен біреу келісетін шығар, бірақ заң келіспейді, заң алдында бәрі бірдей.

Сондықтан заңсыз мүліктің пайда болуы рейдерлік жолмен, бөтеннің кәсібін тартып алумен немесе мемлекет қаржысын ұрлаумен байланысты екені анықталған жағдайда заң аясында әрекет ету қажет деп есептейміз.

Яғни, заңсыз капитал анықталған барлық жағдайда қылмыстық іс қозғалуы тиіс.

Және мұндай әрбір іс сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша тергелуі керек.

Сондай-ақ, 100 миллион доллар шегін тым жоғары деп санаймыз және оны неғұрлым ақылға қонымды параметрлерге дейін төмендетуді ұсынамыз. 

Екінші. Әзірлеушілер мән-жайды зерделегеннен кейін заңсыз активтері бар нақты тұлғаларды тізімге енгізіп, осы активтерді қайтару бойынша шаралар қабылдау туралы Бас прокуратураға ұсыныстар енгізетін «консультативтік-кеңестік орган» құруды ұсынып отыр.  

Алайда, бүкіл демократиялық әлемде биліктің жоғары эшелонындағы сыбайлас жемқорлыққа, мемлекеттік жүйеге қауіп төндіруге және басқа да ауқымды мәселелерге қатысты дәл осындай істерді қараудың жан-жақтылығы мен жариялылығын қамтамасыз ететін «парламенттік тергеу» институты жұмыс істейді.

Ал ұсынылып отырған функционалдық мүмкіндіктеріне қарайтын болсақ, «консультативтік-кеңестік комиссияның» орнына демократиялық мемлекеттердегідей заңсыз алынған активтерді тергеп, бас прокуратураға өз ұсыныстарын жолдайтын парламенттік комиссия құру дұрысырақ болар еді.

«Ақ жол» демпартиясы Парламентке кең ауқымды қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша «парламенттік тергеу» құқығын беру туралы көп жылдар бойы айтып келеді, бұл талқыланатын мәселелердің заңдылығын ғана емес, ашықтығын да қамтамасыз етеді. Капиталдың қайтарылуы, қоғам мен экономиканың де-олигархизациясы дәл осындай тақырыптар. Сондықтан, біз мәлімделген функцияларды депутаттық тергеу комиссиясына тапсыруды ұсынып отырмыз, оның құрамына депутаттардың өздерінен басқа қоғам және жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері кіре алар еді.

Бүкіл өркениетті әлемде осылай жасалады, өз саяси институттарымызға сенейік. 

Тағы бір айта кетерлігі, дамыған елдерде қазақстандық соттар мен құқық қорғау органдарына белгілі бір сенімсіздік бар. Қазақстанда сотталған, соның ішінде сыбайлас жемқорлық үшін, бірақ тұрып жатқан елдерінде табысты бизнесмендер немесе тіпті «саяси қайраткерлер» саналатын көптеген адамдарды атауға болады.

Сонымен қатар, бұл елдерде парламентаризм институты үлкен сенімге ие. Егер жемқор тұлғаларға қатысты парламенттік тергеу нәтижесінде талаптар қойылса, біздің ойымызша, мұндай шешімдердің шетелдік юрисдикцияларда түсіністік пен қолдауға ие болу мүмкіндігі жоғары болады.

Үшінші. Миллиондарды ұрлай отырып, айлакер кеңесшілердің көмегімен капиталды оның кем дегенде бір бөлігін анықтай алмайтындай етіп жасыру мүмкіндігі әрқашан бар.

Бүгінде кейбір жемқор шенеуніктердің ұзақ мерзімге қарамастан, бір-екі жылдан кейін шартты түрде бостандыққа шығып, жасырылған миллиондарға баратынына сенімді бола отырып, ең арсыз ұрлыққа баратындығы кездейсоқтық емес.

Сондықтан әшкереленген парақорлар шетелде жасырылған қаржыны пайдалана алмай, оларды Қазақстанға қайтаруға мәжбүр болатын шаралар қажет.

Осыған орай, сыбайлас жемқорлық қылмыстары және капиталды заңсыз шығару үшін сотталған тұлғалардың елден шығуына тыйым салу сияқты шектеу шарасын енгізуді ұсынамыз.

Егер оларды тәркіленген активтерге бару және сонда емін-еркін тұру мүмкіндігінен айырса, тіпті жымқырғанын тергеуден жасырып қалған күннің өзінде, Қазақстанда қалғасын ұрланған қаражатты, ең болмағанда, инвестиция түрінде қайтаруға мәжбүр болады.

Осы және өзге де ұсыныстарды «Ақ жол» демпартиясы жұмыс тобының қарауына жолдады.

Айтылған ескертулерді ескере отырып, қаралып жатқан заң жобасын қолдаймыз және әріптестерімізді Қазақстанды де-олигархизациялауға мүмкіндік беруге шақырамыз.

Назар салып, тыңдағандарыңызға рақмет.