Қазақстанды көп ұлтты санаған Көлгінов қызметінен кетті

Қазақстанды көп ұлтты санаған Көлгінов қызметінен кетті

Тамара Дүйсенова Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды, деп хабарлайды Ақорданың ресми сайты.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Тамара Босымбекқызы Дүйсенова Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды», - делінген құжатта.

Сонымен қатар, Премьер-Министрінің орынбасары Алтай Көлгінов қызметінен босатылды. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның «ҚАЗАҚ ЕЛІ - КӨП ҰЛТТЫ ЕМЕС, УНИТАРЛЫ МЕМЛЕКЕТ, Кульгинов мырза!» атты Парламентте ҚР вице-премьерін тағайындау алдындағы кандидатураны талқылау барысында Алтай Көлгіновты сынға алған видеосы әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырып, қолдауға ие болған еді.  Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Алтай Көлгіновке қарата бірқатар қатаң сын айтты. 

- Ең өзекті мәселе идеология. Бұл жерде кемшін тұстарымыз өте көп. Мысалы, кеше ғана Қызылжарда болған жағдайдың қызыл ұшқыны бізде отыз жыл бойы ешқандай идеологиялық жұмыс жүргізілмегенін дәлелдейді. Енді Үкімет ұлттық идеология тұжырымдамасын қабылдау керек. Бұл туралы екі рет депутаттық сауал жасадық, өзім бір рет арнайы сауал жасағанмын. Бұл мәселеде біздің тәжірибеміз бар. 2007 жылы «Ақ жол» партиясы ҚР ұлттық идеологиясы атты тұжырымдама қабылдаған. Енді ұлттық идеология тұжырымдамасын қабылдауды сіз өз мойныңызға алсаңыз. Өйткені, тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл толса да, кейбір шенеуніктеріміз «ұлт» десең, «қазақ» десең шекесі тырысып қалады. Қазақ тілін айтсаң, баяғыда Алаш десе атылып кететін, тіл десе түрмеге түсетіндей қалтырап отырады. Өткенде мен ауруханада жатқанда, зум арқылы бір жиынға қатыстық, сонда сіз «Қазақ деген сөзді айтпаңыздар» деп қалдыңыз. Бұл ұлттық идеологияға жауапты Қазақстанның вице-премьерінің айтатын сөзі емес. 

Екінішіден, ұлттық идеология мемлекеттік тілден басталады. Ал, мемлекеттік тіл туралы тұжырым жасалып, 2020 жылы сол кездегі Премьер-министр Маминге өткізілген. Сол күйі қозғалмай жатыр. Екі рет депутаттық сауал жолдадық, қозғалмай жатыр. 2012 жылы «Ақ жол» партиясы мемлекеттік тіл туралы заң жобасын әзірледі, Үкімет өткізбей қойды. Қазақ тілі туралы заңды қазақ үкіметі өткізбеді деп жазғанбыз сол кезде. Осы мемлекеттік тіл туралы тұжырымдаманы қолға алу керек. Мен өзім былтыр 31 тамыз күні сол тұдырымдаманы Жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке өткізгем. Осы мәселенің барлығын қолға алсаңыз... - деді Қ. Иса. 

Мәжіліс депутатының сыны мен оған қазіргі вице-премьер Көлгіновтің берген жауабының толық нұсқасын видеодан көре аласыздар.