«Қазатомөнеркәсіп» директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен кетті

«Қазатомөнеркәсіп» директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен кетті

«ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» тәуелсіз директоры – директорлар кеңесінің төрағасы Нил Лонгфеллоу қызметінен кететінін хабарлады.

Бұл туралы Qazaquni.kz “ҚазАтомӨнеркәсіп” баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін «Буденовское» мен Степногорск тау-кен химия комбинаты шетелдік компанияға сатылып кеткені туралы жазылған ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаның «ЕЛІМІЗДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН УРАН КЕНІШІ САТЫЛДЫ - ҚАЗАҚҚА КӨК ТИЫН ТҮСКЕН ЖОҚ» атты мақаласы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Әлеуметтік желіде үлкен қолдауға ие болды. 

- Кен орнын сату жөніндегі келіссөздер мен мәміле аса құпия, ең бастысы, оның нақты иесі – Қазақстан халқынан жасырын түрде өткен. 

“Ресей миллиардері Анисимов пен қазақстандық олигарх Клебановқа 1,6 миллиард долларға бағаланған кен орнын сатудан түскен 1 миллиард 200 миллион доллардан Қазақстан қазынасына түк те жоқ, тіпті салық ретінде де көк тиын да түспеген. Халық тағы да өз қазынасынан қағылды!”- деп жазады Қазыбек Иса.

Бұл мәміле туралы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының қаржылық есептері жарияланғаннан кейін ғана белгілі болған. 

Өткен аптада «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» акционерлердің жылдық жалпы жиналысының күн тәртібіне енгізілген негізгі мәселелер бойынша сырттай дауыс беру нәтижелерін жариялады. 2022 жылға компания 200 миллиард теңгеден астам дивидент төлейтіні хабарланды.