Дархан Қыдырәлі бір топ волонтермен кездесті

Дархан Қыдырәлі бір топ волонтермен кездесті

Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Астанада бір топ волонтермен кездесті. 

Басты себеп - 20-21 маусымда Астана қаласында Халықаралық волонтерлер форумының өтуі. Министр ерікті жастармен осы жиынның жай-жапсарын талқылады. 

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-ші сессиясында волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау туралы бастама көтерген болатын. Осыған орай жылда елордада волонтерлер бас қосады. 

- Жалпы ағайын боп асарлатып, ұлт болып үме жасау, жұрт болып жұмылу қанымызда бар қасиет. Сондықтан осы жолғы жиынның бас сөзі #Тектегі_ізгілікті_оят деп алынуының өзі тегін емес,- деді министр. 

Жиынға қатысуға қызығушылық танытқандардың көптігіне және волонтерлердің ұсынысына орай, өңірлік қатысушы-волонтерлерді іріктеу конкурсы өтті. Оның қорытындысына сәйкес 80 волонтер өңірлік делегаттар ретінде таңдалды. Сондай-ақ, министрдің сөзінше, арнайы акциялар ұйымдастыру жоспарда бар. Алдағы уақытта ол Астанада Халықаралық волонтерлік орталық ашылатынын да атап өтті.

Форумның дайындық жұмыстарына Қазақстандағы БҰҰ-ның Еріктілер бағдарламасының өкілдігі, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес Хатшылығы, «Ұлттық волонтерлік желісі» және басқа да волонтерлік және халықаралық ұйымдармен әріптестік қарым-қатынаста атсалысуда. Алыс-жақын шет елдерден, еліміздің барлық өңірлерінен делегаттар қатыспақшы.