Сең қозғалды: «Ақ жол» депутаттарының талабынан кейін ірі мұнай келісімдері бойынша ұлттық мүддені қорғайтын Жұмыс тобы құрылды
2023 ж. 28 мамыр
2325
4
«Ақ жол» депутаттарының талабынан кейін Үкімет ірі мұнай келісімдерінің болашағына қатысты Жұмыс тобын құрды.
"Ақ жол" фракциясының жер мен қазба байлықтарының халыққа тиесілі екені, ірі мұнай-газ кен орындары бойынша ӨБК шарттарын жариялау мен мұнай табысындағы Қазақстанның үлесін арттыру (https://akzhol.kz/kk/initiated-bills/a-zhol-ban-dejng-mnaj-gaz-salasnda-sheteldk-investorlarmen-zhasrn-zhasalan-kelsmsharttard-hala-zhariia-etud-talap-ett) қатысуы жайындағы депутаттық сауалына жауап ретінде Премьер-министр Ә. Смайылов Парламент депутаттарының, мемлекеттік органдардың және "Самұрық-Қазына" қорының қатысуымен біз көтерген мәселелерді зерттеу бойынша жұмыс тобы құрылғанын хабарлағанын бұған дейін жазған едік.
Енді елімізде ірі мұнай келісімшарттары бойынша ұлттық мүдделерді қорғау үшін жұмыс тобы құрылды.
Құжатта көрсетілгендей, жұмыс тобына мұнай өндіруші компаниялармен өнімді бөлу туралы келісімдер (ӨБК) бойынша болашақ соттарда Қазақстан Республикасының мүдделерін қорғау бойынша ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Өкімдердің орындалуын бақылау Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жүктелді. Жұмыс тобының құрамына Премьер-Министр, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары, Қаржы министрі, Энергетика министрі, Әділет министрі, «PSA» ЖШС бас директоры (келісім бойынша) кірді.
«PSA» ЖШС уәкілетті органы NCOC (Қашаған) және КПО (Қарашығанақ) консорциумдарына қарсы жалпы сомасы 16,5 млрд АҚШ долларына – Қашаған кен орнын игеру жобасы бойынша серіктестерден шамамен 13 млрд долларға және жоба серіктестері Қарашығанаққа шамамен 3,5 млрд долларға шағым түсірді. Бүгінгі таңда келісім тараптары «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (16,88%), ENI, Total, Exxon Mobil, Shell (барлығы 16,81%), CNPC (8,33%), Inpex (7,56%) болып табылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев фракция атынан мұнай-газ саласындағы шетелдік инвесторлармен жасырын жасалған келісімшарттарды халыққа жария етуді талап еткен болатын.