ӘБІЛАХАТТЫҢ ән әлемі

Жақында ХХ ғасырдың 50-70 жылдары аралығында ұлттық ән өнеріміздің алтын қорына «Әлі есімде», «Ақ сәуле», «Сағыныш екен бала кез», «Бейбітшілік сақталады», «Маржан қыз», «Жайық қызы», «Батыр бала Болатбек», «Қайдасыңдар, достарым», «Ұстазым менің, ұстазым» секілді таңғажайып әндерімен өз қолтаңбасын қалдыра білген, көрнекті композитор Әбілахат Еспаевтың 85 жылдық мерейтойына арналған ән кеші өтті. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі – Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза мен кештің ақпараттық демеушісі «Хабар» Агенттiгi АҚ-ның Бас директоры Гүлнар Ықсановалар кештің өтуіне қолдау көрсетті.

         Арада қаншама жылдар зулап өтсе де, Әбілахат Еспаевтың әндері өз өміршеңдігін дәлелдеп, ХХІ ғасырдың да есігін ашты.

          Нұрғиса Тілендиев пен Әбілахат Еспаев сынды таланттардың әндеріне әр берген, замандастары Шәмші Қалдаяқов пен Әсет Бейсеуовтің әндерін нақышына келтіре орындап, әнсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленген – Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғали Нүсіпжанов С.Тұрғынбековтың өлеңіне жазылған Әбілахат Еспаевтың әні – «Толқиды Тобыл» әнімен сахна шымылдығын түрді.

         Кеш барысында әнші Д.Маханбаева «Жеңеше», Т. Серіков «Ақ сәуле», М. Тоқашбаев «Туған ел», Е. Әбішев «Шофер келді қырманға», Нұрмағанбет пен Нұршатты «Ойлан, тап», Ә. Сламхан «Орамал», А.Жүнісбеков «Бойдақ болып жүрмін әлі», Т.Мамырханұлы «Сағыныш екен бала кез», Ж. Жексенұлы «Маржан қыз», Айгерім Қалаубаева «Батыр бала Болатбек», Жеңіс Ысқақова және Алтай Әліпқайыров «Қайдасыңдар, достарым?» атты әндерді орындап, жиылған жұртшылықтың көңілін бір серпілтті.

           Кеште Әбілахат Еспаевтың мұрасын жан-жақты насихаттап жүрген – Гүлсім Әбілахатқызы мен бүгінгі кештің ұйымдастырушысы Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалі дирекциясының Бас директоры, белгілі композитор, ұлтжанды азамат Қалдыбек Құрманәлілер сахна төрінен табылып, Әбілахаттың ән әлемі турасында сыр ақтарды.

         Сонымен қатар, композитор Қ.Құрманәлі ағамыз өз сөзінде ұстаздар қауымы мен шәкірттердің жүрегінен үлкен орын алатын «Ұстазым менің, ұстазым» атты әнінің авторы Әбілахат Еспаев сынды дарынды сазгерге Алматы қаласынан бір мектептің атын беру қажет екендігін атап өтті. Әрине бұлы ұсыныстың өте орынды екеніне ешкім дау тудырмасыанық.

         Әріп үйретуден бастап, оң-солымызды танытқан, оқыту арқылы жан-дүниемізді байытып, жаратылыстың небір құпиясына қанықтырған, бүгінгі дәрежемізге жеткізген ұстаздар қауымына өлмес туынды арнап, әннен мәңгілік ескерткіш орнатқан Әбілахат Еспаев ағамыз бұл құрметке әбден лайықты.

         Әбілахаттың әндерін әуелеткен ән кешін Аманжол Шамкеновтің өлеңіне жазылған «Ұстазым менің, ұстазым» атты әнді «Жігіттер» тобы орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

           Әбілахат Еспаев ағамыздың әндері ел аузында жүргенімен ол кісі көзі тірісінде не атақ-даңққа қызықпапты, не өз шығармашылығын насихаттап, концерт те ұйымдастырмаған екен.

Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында композитор Қалдыбек Құрманәлінің тікелей ұйымдастыруымен 2005 жылы, композитордың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында «Көктем – 3» мөлтекауданындағы 13-үйге Әбілахат Еспаевқа ескерткіш тақта орнатылып, осы сахнада салтанатты ән кеші өткен болатын. Сол сәттен бастап, композитордың мұрасын тұрақты насихаттау жұмысы өз жалғасын табуда.

           2005 жылдан бергі аз ғана уақытта Әбілахат ағамыздың ән кеші осымен төртінші рет өтіп отыр. Сәтін салса, қоңыр күзде 85 жылдық мерейтойы Елордамыз Астанада жалғасын табатын болады.

            Сонымен бірге композитордың мұрагері, техника ғылымдарының докторы – Гүлсім Еспаеваның құрастыруымен әндер жинағы жарық көріп, естелік кітабы дайындалу үстінде.

           Алдағы мақсат – Әбілахат Еспаевтың шығармашылығын түбегейлі зерттеп, мәңгі өлмес мол мұрасын ғылыми айналымға енгізу. Сондай-ақ, композитордың жарық көрмеген немесе аз айтылған әндерін әншілер қауымына ұсыну. Сонымен бірге CD, DVD дискілерін жарыққа шығару. Осындай ауқымды істер атқарылғанда ғана аты аңызға айналған, көрнекті композитордың қуатты шығармашылығы халқымен бірге мәңгі жасай бермек.

«Жас қазақ үні» - ақпарат