Егістікті арттыру үшін каналдарды күрделі жөндеуден өткізуге нақты шешім қажет
2023 ж. 03 мамыр
1221
0

Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрдің
бірінші орынбасары
Р. В. Склярға
Депутаттық сауал
Құрметті Роман Васильевич!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруды Үкіметке тапсырған болатын. Бұл «Аманат» партиясының сайлауалды бағдарламасында да қарастырылған. Түркістан облысы мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға өз үлестерін қосып келеді. Сондықтан, Түркістан облысының аумағында орналасқан магистральді каналдарды күрделі жөндеуден өткізу қажеттігі туындауда. Атап айтқанда:
Бірінші. 2010 жылы Жетісай ауданында К-28 каналының 5,9 шақырымы бетонмен қаптау және канал бойындағы гидроқұрылымдарды қайта құру бойынша құрылыс жұмыстары басталған болатын. Бірақ, 13 жыл өтседе К-28 каналының 1,9 шақырымы жөндеуден өтпеген. Сонымен қатар, К-30 магистральді каналында құрылыс жұмыстары 2012 жылы басталған. Бүгінгі таңға, магистральді каналдағы құрылыс жұмыстардың 42%-ы ғана орындалған. К-28, К-30 магистральді каналдардан 4600-ға жуық шаруалар 26 мың гектар жерге егін егіп, отбасыларын асырап отыр. Осындай жағдай «Достық» магистральді каналы арқылы келетін ағын суда да орын алған. Каналдағы ағын су шаруаларға жеткіліксіз болған жағдайда Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су көтеру арқылы қосымша ағын су алу көзделген. Алайда, су жеткізетін каналдың жақтаулары құлап, ұлтаны толып қалу салдарынан су өткізу қабілеті төмендеген. Канал жақтаулары құлау нәтижесінде оның арнасы канал жанында орналасқан мазаратқа жетіп, оны шайып кету қауіпі туындап тұр. Сондай-ақ, канал жанынан өткен К-30-ІІ каналына зиян келтіруде және канал жанында орналасқан электр бағаналарына, автожолға да қауіп төніп тұр.
Екінші. Сарыағаш ауданына ағын судың 90%-ы Өзбекстан Республикасынан бастау алатын Зах, Ханым және Үлкен Келес магистральдық каналдары арқылы келеді. 126,0 шақырымды құрайтын Ханым каналының 35 шақырымы бетонмен қаптауды қажет етеді. Аталған каналдан 5 ауылдық округі шаруаларының 7,4 мың га егістік жерлері ағын сумен қамтамасыз етілуде. Үлкен Келес магистральді каналының ұзындығы - 95,6 шақырым. Каналдың 36,0 шақырымы бетонмен қапталған, ал 59,6 шақырымы жер арналы.
Сондықтан, жоғарыда аталған Зах, Ханым және Үлкен Келес магистральдық каналдардың барлығы бетонмен қапталмағандықтан ағын судың 50-60%-ы жерге сіңіп, шаруаларға толық жетпеуде.
Үшінші. Келес ауданы аумағындағы Саңырау каналы 37.9 шақырымды құрайды. Саңырау каналынан 3 ауылдық округінің елді мекендеріндегі шаруалар егістік жерлеріне ағын суды пайдалануда. Саңырау каналы жыл сайын тазаланғанымен лайға толып, ағын су жерге сіңіп шаруаларға қажетті ағын су мөлшері жетіспейді. Саңырау каналын бетондау бойынша сметалық құжаттары дайындалып, облыстық ауыл шаруашылық басқармасына жолданған. Қажетті қаржы мерзімінде қаралмағандықтан ЖСҚ мерзімі өтіп кеткен.
Төртінші. Қазығұрт ауданындағы үлкен Келес магистральді каналының ұзындығы 95,7 шақырым, Қызылқия, Қақпақ, Шарбұлақ ауылдық округтеріндегі 9414 га егістік жерлерді ағын сумен қамтамасыз етеді. Каналдың 59,6 шақырымы жер арналы, 35 жылдан бері жөндеу жүргізілмеген. Соның салдарынан, 500 га егістік жерлерге ағын су жетіспейді. Каналдың 12 шақырым бөлігін бетонмен қаптау және 83,6 шақырым бөлігін ағымдағы жөндеуден өткізу қажет.
Сондықтан да, Үкіметке аталған аудандардың егістік көлемін арттыру мақсатында каналдарды күрделі жөндеуден өткізуге қысқа мерзім ішінде нақты шешім қабылдауды ұсынамыз.
Сауалға заңда белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз.
Құрметпен,
«AMANAT» партиясы
фракциясының мүшелері Т. Қырықбаев
Е. Әбдиев
Қ. Балабиев
Д. Исабеков
С. Пономарев
Ұ. Сәдібеков
М. Толықбаев
«Ақжол» партиясы
фракциясының мүшесі Қ. Иса