Тоқаев медсақтандыру қорына тексеріс жүргізуді тапсырды

Тоқаев медсақтандыру қорына тексеріс жүргізуді тапсырды

Президент денсаулық сақтау жүйесіндегі шешімін таппаған мәселелерді атады, деп хабарлайды Qazaquni.kz тілшісі.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметте өтіп жатқан еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте мәлімдеді.

Ұлттың дені сау және сауатты болуы – өте маңызды мәселе. Осыны ескермесек, экономиканы реформалау бос әурешілік болады. Бұл – мемлекеттің міндеті. Ең алдымен, адамдарға сапалы медицина қолжетімді болуы қажет. Денсаулық сақтау жүйесінде шешімін таппаған мәселе өте көп. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі осы саланы дамытуға тың серпін береді деп үміттенеміз. Алайда бұл жүйедегі қаржы айналымына бақылау жасалмайды, - деп атап өтті Президент.

Сонымен қатар ол ақпараттандырудың төмен деңгейі медициналық қызметкерге жүктеменің айтарлықтай артуына алып келді деп отыр.

Медсақтандыру қорының өңірлік комиссиясының қызметі әділ емес. Бұл денсаулық сақтау шығындарының өсуіне жол ашады. Медициналық қызметті бақылаусыз тұтыну аясында қымбат диагностикалық қызметтің көлемі 11 есеге артты. Елдегі стационарларда өткен жылдың соңында қаржы тапшылығы қатты байқалды. Бұл дегеніміз қаражаттың шын мәнінде маңызды бағыттан басқа жаққа бұрылатынын көрсетті. Үкімет өңір әкімдерімен бірлесіп Медсақтандыру қорының өңірлік филиалдарының қызметіне ревизия жүргізу қажет. Жемқорлықтың орын алу қаупі мен дәрімен қамтамасыз ету мәселесі сақталып отыр, - деді Мемлекет басшысы.

Президент оған жоспарлаудың тиімсіз жүйесі себеп болғанын айтты.

Әлі күнге дейін медициналық ұйымдар дәрілік құралдарға қажеттілікті «қолмен» жасайды. Медициналық техника бағасының өсуі де байқалды. Денсаулық сақтаудың интеграциялық платформасын іске қосу мәселесі шешілген жоқ. Жұмыс жүргізілуде және Үкіметтің жоспары көп. Бірақ тиімді және шұғыл іске асыру маңызды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, 2016 жылдың 9 қарашасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң жобасын талқылау барысында «Ақ жол» демпартиясының төрағасы Азат Перуашев мұның сақтандыру емес, бюджетке түспейтін қосымша салық не міндетті төлем екенін айтып, дабыл қаққан болатын. 

Сонымен қатар, 2017 жылдың 27 сәуірінде «Ақ жол» фракциясы БЖЗҚ мен МӘСҚ есептілігін бекітуді республикалық бюджет шеңберінде енгізуді және қор қаражатын пайдаланғаны үшін жеке жауапкершілікті енгізуді ұсынаған еді.

Биылғы жылдың наурызында сайлау алды үгіт-насихат кампаниясы аясында Талдықорғандағы көпсаласы аурухана қызметкерлерімен кездескен Азат Перуашев МӘСҚ қатысты партия ұстанымын тағы да еске салып, жеке шоттарды персонофикациялау қажеттілігін аттап өткен.