Мемлекет басшысы Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жұмысын сынға алды
2023 ж. 19 сәуір
878
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде ӘКК, тұрақтандыру қорларының жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Qazaquni.kz тілшісі.
«Отандық өнім көлемін арттырудан бөлек бағаның күрт өсуін болдырмау үшін тұрақтандыру қорларын дұрыс пайдалану қажет.
Бүгінде олар шашыраңқы әрі жабық әрекет етіп отыр. Сыбайлас жемқорлық схемалары ұдайы әшкере болып жатыр.
Сондықтан Азық-түлік корпорациясы мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардағы тұрақтандыру қорларының негізгі маңызға ие тауар бағасын интервенциялау мен сатып алудағы әлеуетін пайдаланып, үйлестіру жұмыстарын күшейту керек», - деді Президент.
Мемлекет басшысының пайымынша, бұл бағыттағы тәсілдердің бірізділігі, мемлекеттік компаниялардың баға ауытқуын төмендетуге бағдарлануы инфляцияға қарсы нарықтық құрал қалыптастыруға мүмкіндік бермек.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Ақ жол» демпартиясы ӘКК жұмысына қатысты бірқатар сын айтып, депутаттық сауалдар жолдаған болатын. Мысалы, 2020 жылдың 9-желтоқсанында «Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары бизнесті дамыту жолында тежегішке айналды» деп депсауал жолдаған болатын.
Сонымен қатар, 2021 жылы Мәжілістің пленарлық отырысында жеке квазимемлекеитік субъектілердің сатып алулары туралы заң жобасын талқылау барысында «Ақ жол» демпартиясының төрағасы Азат Перуашев «СК-Фармация» немесе «ӘКК» сияқты ұлттық компаниялардың, олардың еншілес ұйымдарының, министрліктер мен әкімдіктерге қарасты әр түрлі РМК мен ЖШС-лардың бюджеттері барынша ашық болып, республикалық және жергілікті бюджеттерге енгізіліп, олардың басшылығы шығындар мен кірістер бойынша қоғам алдында есеп беруі керектігін айтқан болатын.
Ал, 2022 жылдың 5 қазанында Мәжіліс депутаты Дания Еспаева «Ақ жол» фракциясы атынан ҚР Премьер-министрі Ә. Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, ӘКК-ні жойып, олардың барлық қызмет түрлерін бәсекелестік ортаға беру қажет екенін мәлімдеді.
Аталмыш сауалға жауап ретінде Үкімет ӘКК өңірдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдай жасауда жергілікті атқарушы органдарға жәрдемдесу міндеті болып табылатын Өңірлік даму институттарына қайта форматтауды жоспарлап отырғанын хабарлаған. «Ақ жол» фракциясы үкіметтің жауабы бұл сауалда қойылған мәселелерді шешпейді деп санайтынын жеткізіп, ӘКК қызметіне прокурорлық тексеру жүргізуді талап етті.