Солтүстік Қазақстандағы сепаратистерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Солтүстік Қазақстандағы сепаратистерге қатысты қылмыстық іс қозғалды

Бас прокуратура Петропавл қаласында Қазақстаннан бөлінетінін жариялаған "Петропавл қаласы жұмысшыларының халық кеңесі" тобының видеосына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qazaquni.kz ақпарат агенттігі.

Тергеуді Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті жүргізіп жатыр. 30 наурызда аймақта полиция мен ҰҚК тергеушілерінен тұратын топ құрылған. 

"30 наурызда Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен әлеуметтік желілерде "Петропавл қаласы жұмысшыларының халық кеңесі" ("Народный совет трудящихся города Петропавловск") құрылғаны жөніндегі бейнероликті орналастыру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 180-бабының 2-бөлігімен (БАҚ пайдалана отырып адамадар тобымен сепаратизмді насихаттау) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді басталды”, – делінген хабарламада. 

Ондағы мәліметтерге қарағанда, сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында жедел-тергеу іс-шаралары, оның ішінде тінту мен алу жүргізіліп жатыр, сондай-ақ тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Қазір тергеу Бас прокуратураның бақылауында. 

Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге деректер жария етiлуге жатпайды.

Еске салайық, бұған дейін «Қазақ үні» ақпарат агенттігінде Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның «Қызылжардағы жағдай - Ұлттық қауіпсіздік комитеті кімдерге қарсы күреседі?» атты мақаласы жарияланған болатын.