Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауында сайлау учаскесінде дауыс беру тәртібі

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауында сайлау учаскесінде дауыс беру тәртібі

Сайлау учаскесінде осы учаскедегі тізімге енгізілген сайлаушылар, сондай-ақ есептен шығару куәліктерін ұсынған адамдар дауыс бере алады.

17 облыстың сайлау учаскелеріндегі әрбір сайлаушы 5 сайлау бюллетенін алады:

- Парламент Мәжілісінің партиялық тізімдер бойынша сайланатын депутаттарын сайлау жөніндегі;

- Парламент Мәжілісінің бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын депутаттарын сайлау жөніндегі;

- облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының партиялық тізімдер бойынша сайланатын депутаттарын сайлау жөніндегі;

- облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттары бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын депутаттарын сайлау жөніндегі;

- облыстық маңызы бар қалалар мен аудандар мәслихаттарының бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын депутаттарын сайлау жөніндегі.

Тиісінше Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы сайлаушылар 4 сайлау бюллетенін алады.

Басқа өңірлерден, оның ішінде есептен шығару куәліктерімен келген, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде дауыс беретін азаматтар тиісті округ шегінде ғана дауыс береді.Э

Әр сайлаушы жеке дауыс береді.

Сайлау бюллетеньдерін сайлау комиссиясының мүшесі жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде береді. 

Азаматтар сайлау бюллетеньдерін жасырын дауыс беру кабинасында толтырады, онда олар кандидаттың немесе ол дауыс беретін саяси партияның оң жағындағы бос шаршыға немесе «Бәріне қарсымын» деген жолдағы шаршыға белгі қояды.

Бюллетеньді өз бетінше толтыруға мүмкіндігі жоқ сайлаушы өзі сенетін адамның көмегін пайдалануға құқылы және оның тегі сайлаушылар тізімінде сайлаушының бюллетеньді алғандығы туралы қолының тұсына енгізіледі.

Мыналар:

1) сайлау комиссиясының мүшесі;

2) жергілікті өкілді немесе атқарушы органның лауазымды адамы;

3) кандидаттың сенім білдірілген адамы;

4) бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі;

5)тиісті сайлау комиссиясында тіркелген байқаушы ондай адам бола алмайды. 

Толтырылған бюллетеньдерді сайлаушы дауыс беруге арналған жәшікке салады.

Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы