Ұлттық саясат ұжырымдамасы – Ұлттық Мемлекет құруға апарар жол

«Тәуелсіздікті қорғау» халықтық қозғалысының ұсынған Қазақстан Республикасы тұжырымдамасын оқып шықтық. Толығымен мақұлдаймыз, қолдаймыз. Соған сәйкес өз ойларымызды білдіруді жөн көрдік.

 

1. «Негізгі ережелер» – деген тараудың екінші жолын сәл ғана өзгертіп төмендегіше жазса:

«Ұлтық, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет орнықтыруды көздеген қазіргі Қазақстан Республикасы – мемлекет құрушы қазақ ұлтының тарихи отаны және әртүрлі кезеңдерде тарихи отандарынан жер ауып келіп қоныстанған барша диаспоралар мен этникалық топтар тату өмір сүріп жатқан бейбіт ел».

2. «Тарихи кезең сабақтары»- деген тараудың бірінші жолын: Қазақ ұлты қазақ елінің осы ұлан байтақ жерді қорғау үшін, қан төккен, жанын пида еткен ата-бабаларының мұраға қалған жерді аман сақтап, ие болып келе жатқан мемлекет құрушы байырғы ұлт»-деп, басқа ұлт өкілдеріне және тарихтан хабары аз жастар үшін, ашыңқырап жазса.

        Қазақстан халқы ассамблеясы елді ұлттар мен ұлыстарға бөлетін жасанды құрылым, бұл құрылымның халықтың ауыз бірлігі үшін пайдасы жоқ. Себебі, ұлттарға бөлу ұлт өкілдерін оқшауландыра береді. Қазақстан халқы ассамблея құрмай-ақ ежелден тату өмір сүріп келе жатқан ел. Өткен ғасырда Кеңес үкіметінің кезінде Қазақстан – халықтар достығының лаборатриясы атанды. Бұл бекерден бекер емес. Қазақстан халқының татулығы – қазақ халқының дархан кеңдігі мен бейбітшілік сүйгіштігіне негізделген. Соның арқасында қаншама халық келіп қиын кезеңдерде Қазақстаннан жаңа отанын тапты, арамызға сіңіп кетті, өсіп өнді, жайлары жарасып тұрып жатыр. Кеңес үкіметі кезінде тәуеліз ел болған жоқпыз. Ұлы империяның құрамында Кремльдің жұлдызының астына қараған одақтас Республика болдық. Бірақ Қазақстан Республикасы емес – Қазақ Республикасыатандық. Адамдар ұлтына қарай бөлініп оқшауланған жоқ. Мысалы, орыстар қазақтармен аралас тұрды. Олар қазақша сөйлейтін еді. Шоқысу стансасында тұрған Саша деген орыс жігіті қазақша сөйлесіп, қазақтың арасына сіңіп кеткені сондай – «мен шәудірмін» - деп, руын да айтатын.

             Сол сияқты сол кездерде Мұғалжар тауындағы Бершугір стансасында Бершугір теміржол дистансасының бастығы болған социалистік еңбек ері А.П. Тихонов деген орыс азаматы қазақтарды құрмет тұтқанысондай – қазақ тілінде таза сөйледі, қазақтың салт-дәстүрін сақтады. «Құдай жоқ» - деген атеизм дәуірлеген сол заманда мұсылмандықты қабылдады. Соның белгісі өзінен бұрын қайтыс болған әйелін мұсылманша рәсімдеп мұсылман қорымына жерледі. Жалғыз қалған соң балаларының көшіріп алып кетемін дегеніне бармай, Бершугір стансасында зейнет демалысына шыққан соң, біраз жылдар тұрды. Өзін әйелінің жанына мұсылман қорымына қоюды өсиет еткен. Иманы жолдасы болсын, ол өзін «қазақпын, қазақтың ішінде Құлтумамын»-деп дүниеден өтті.

            «Сыйға сый – сыраға бал»-дегендей жергілікті халық та «Алексей Петрович, Алексей Петрович»-деп қадір тұтты. Бұл айтылғандар орыстардың, қазақтардың ішінде сіңуінің бір ғана мысалы. Осындай мысалдар ел ішінде баршылық. Саны аз ұлт өкілдерінің саны көп жергілікті халықтың арасына сіңуі табиғи заңдылық,тек олардың еркін өмір сүруіне мүмкіндік беру керек.

            Қаржы шығарып, ассамблея құрудың қажеті жоқ. Ол қаржыны балалар үйіне, кемтарларға беру керек. Алексей Петровичтен үлгі алған Бершугір стансасында тұрған басқа орыстар да қазақша сөйлейтін. Осы күні де қазақша сөйлеп аралас тұрып жатыр. Той,  садақаларға қазақтармен бірге барады.

             Олардың арасында ынтымақ болмаса, ұлтаралық араздық болған емес. Ұлтаралық татулық жөнінде солардан үлгі алуға болады.

3. «Ұлттық саясаттың ұстанымдары» тарауындағы үшінші жолдың екінші сөйлемін «Сол дәстүрмен ілгергі уақытта да олардың этнос аралық және дін аралық бірлікті сақтаудағы, тілін, рухани құндылықтарын дамытудағы игілікті істеріне қолдау көрсетіп отыратын болады»-деп, жазса деген ұсыныс бар. Өзге ұлт өкілдерінің алдына міндет ала берудің қажеттігі жоқ. бәріне қазақ міндетті бола беруі керек? Қазақ оларды «біздің елге келе гөр»- деп шақырған жоқ. Бірақ қиын уақыттарда жер ауып келгенде құшағын жайып қарсы алды. Ығысып орталарынан орын берді. Қолында барымен бөлісті. Осы жақсылықтары үшін басқа ұлт өкілдері қазаққа қарыздар. Ал қазақтардың оларға еш қарызы жоқ. Оларға билік тарапынан жасалған жақсылық аз емес. Қазақ өз тілі, діні, құндылықтыры үшін күресуі керек. Басқа ұлт, ұлыс  өкілдерін билік бір жағынан, тарихи отандары екінші жағынан қолдайды. Сондықтан олардың мүмкіндігі қазақ ұлтының мүмкіндігінен анағұрлым артық.

4. Ұлттық саясаттың мақсаты мен міндеттері – деген тараудың жетінші жолын «......... факторға айналдыру»; – дегенге қосымша: «сол үшін олардың қазақ тілін толық меңгеруін және қоғамдық орындарда сол тілде сөйлеуін міндет етіп қою» - деген сөйлеммен толықтырса.

5. Ұлттық саясаттың негізгі бағыттары – тарауындағы «2. сыртқы саясат саласында» бөлімінің соңғы жолына жалғастырып осы мақсатпен Өзбекстан, Ресей мемлекеттерінде ежелгі атақоныстарында тұрып жатқан қазақтар үшін, қазақтар жиі қоныстанған аймақтарда қазақтың автономиялық облыс, аудандарын ашу туралы мәселе қойып, жүзеге асыру» - деп жазу керек. Мысалы, Бухара облысының таза қазақтар тұратын Кенимех, Тамды, үшқұдық аудандарын қосып бір автономия ашса, қазақтардың мәртебелері жоғарылап, олардың ана тілінде оқуға, тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай туған болар еді. Жергілікті өз үкіметі болса, бұратана ұлт ретінде шетқақпайлыққа ұшырамаған болар еді. Содан кейін Сейтқұл, Жалаңтөс баһадур, Жәнібек хан, Төле би, Әйтеке би, Қабақ, Қалдыбай, Әзберген, Қарағұл, Жылқаман, Байқазақ, Алтынтаудың Жалымбеті сияқты батыр бабаларымыздың мүрдесі жатқан ата-қоныстарында тұра берген болар еді. Ресей қазақтарының тағдыры қалай  болатыны белгісіз. Себебі, онда мектеп жасындағы балалар ана тілін білмейді. Күй тұрмыстары жаман болмағаннан кейін Ресей қазақтары елге оралуға ықыласты болмауы да мүмкін. Бірақ олар келешекте тілінен айрылғаннан кейін ұлттық қасиеттерінен айырылып, орыс болып кетпей ме?! Біз елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдеріне тілін мәдениетін дамытуға жақсы жағдай жасап жатырмыз. Ннеге Өзбекстан, Ресей мемлекеттері өздерінде тұрып жатқан қазақтарға біздегі өз қандастарына жасағандай жағдай жасамайды? Бұл мәселені мемлекеттер деңгейінде көтеру керек.

             Ресей де, Өзбекстан да көп ұлтты мемлекет. Себебі онда тұратын ұлттар ұлт деген атаудың талаптарына толық сәйкес келеді. Көптеген ұлттардың кеңес үкіметі кезінен автономиялары бар.

            Ресейдің құрамында тәуелсіздік үшін, ғасырлар бойы соғысып келе жатқан Шешенстан бар. Соңғы жылдары онда да бейбітшілік орнады.

          Оларда халық ассамблеясы деген жоқ. Сонда да халықтар татулықпен бейбіт өмір сүріп жатыр .  Себебі оларда барлық ұлттар мемлекет құрушы ұлттың айналасына топтасқан.

Мысалы, Өзбекстанда барлық халық өзбек тілінде сөйлейді. Оларда біздегідей мәңгілікке ұласып бара жатқан таусылмайтын тіл мәселесі жоқ. Барлық халық өзбек ағайындардың мәдениетін, әдет-ғұрпын құрметтейді. Ол жақта тұрып жақан 1,5 млн. қазақ атақонысында турып жатса да мемлекет құрушы Өзбектердің артықшылықтарын мойындаған. Ешбір ұлт өкілі ұлттық, құқықтық мәселе көтеріп таласпайды. Соған қоса өзбек ағайындарда ашық болсын, астыртын болсын өзбектендіру саясаты бар көрінеді. Өзбектер бірінші кезекте қызметке орналасады және басқа ұлт өкілдеріне қарағанда қызмет бабында жоғарылау, мүмкіндіктері де жоғары, қысқасын айтқанда өз елінде өзбек ағайындардың мәртебесі жоғары. Мұны ешкім заңсыздық деп айтпайды. Бұл бүкіл әлемдік заңдылық. Қандай мемлекет болмасын мемлекет құрушы өз ұлтының мүддесіне қызмет етуі керек. Азамат ретінде құқығымыз бірдей болғанмен ұлт ретінде қазақтардың мәртебесі өзбек ағайындардың Өзбекстандағы мәртебесіндей Қазақстанда жоғары болуы керек. Бұл ретте Ресей мен Өзбек ағайындардан үлгі алуымыз керек. Себебі қазақтың жерінде сыртқы жаулардан басқыншылардан қорғап, жер үшін қан төккен, жанын пида еткен, ата-бабаларымыздың құны бар. Олар жанын пида үшін құрбан етті, жерді қорғап қалды, бізге мұраға қалдырды. Елді, жерді қорғаған сол соғыстарда халқымыздың алдыңғы қатарлы азаматтары, асылдары мен жайсандары шаһид болды. Соның бір мысалы, Сайрам соғысында Айтұлы Тілеу бабамыз Жолдыаяқ деген баласымен бірге ерлікпен қаза болған. Мүрделері Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінде жерленген.

            Тілеу бабамыз Сайрам соғысына аттанарда Сұлу анамыз «Бұл соғысқа барма, беліңде Мөңкеден де мықты бала кетіп бара жатыр» деген екен дейді. Қырғыз Ақкісінің қызы Сұлу анамыз сұлу десе, сұлу, ақылды, әулие адам болған ғой. Тілеу бабамыз соғыстан оралмаған. Белінде кеткен бала Мөңке би һәм әулиеден де асқан болғанда, қандай дана, данышпан адам болуы мүмкін?!

            Қазақтардың жауға батырлары бастап, қайраттылары аттанған. Солардың көбі елге оралмаған және өздерімен бірге генефонд асыл тек ұрпақтарды алып кеткен. Олардың құны дүние мүлікпен толар ма? Олардың құны қазақ жерінің қазақ үшін сақталуында, қазақтардың меншігінде болып, қазақтардың игілігінде қызмет етуінде. Қазір қазақ пәлен пайыз, түген пайыз деп біресе көбейтеміз  біресе азайтамыз. Егер ел үшін, жер үшін соғыстарда қырылмаса 10 млн. емес 100 млн. болар ма еді. Оны кім білген? Өзге ұлт өкілдерінің қазақ жері үшін несі шығын болыпты? Олар қазақ жері үшін соғысып, қан төкті ме? Олар келді де дайын жерге орналасты. Қазған құдығымыздан су ішті, нанымызды жеді. Мейлі, бұдан былай да жайы жарасып, аман-есен тұра берсін. Біз оларға кедергі де жасамауымыз керек, ретсіз дәріптемеуіміз керек. Құдайақы көршілік жақсы қарым-қатынаста болуымыз керек, бірақ аузына қарап тәуелді болмауымыз керек.

            Біз моноұлтты мемлекетпіз деп, ұлт патриоттары қазақтардың еліміздегі салмағын 68 пайызға апарып қояды да, билік керісінше азайтып, 63 пайызға түсіріп тастайды. Әңгіме пайызда ма? Үлес салмақта тұрған не бар? Иран ислам Республикасында мемлекет құрушы халық парсылардың үлес салмағы барлық халықтың жартысына да жетпейді – 40 пайыз. Сонда да ұлтына қарамастан барлық халық, әр азамат парсы тілін жетік біледі, ана тіліндей құрметтеп, сүйеді. Парсы тілін, әдебиетін, өнерін, мәдениетін жанын сала насихаттайтын ирандықтардың көбісі басқа ұлт өкілдері. Ұлтына, дініне, әдет-ғұрып, салт-дәстүріне қарамастан ирандықтарды парсы тілінсіз, парсы тілін ирандықтарсыз елестету мүмкін емес. Иран ислам республикасы туралы мағлұматтарды мен «Айқын» газетінен оқыдым. Олай болса, біз де сол дәрежеге жетуіміз керек. Ол үшін халықтың басым көпшілігі болып есептелетін қазақтар ана тілін, діні, әдебиетін, мәдениетін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін өздері қастерлеуі керек. Сонда басқа ұлт өкілдері тез-ақ үйреніп алады.

              Соңғы кездері бізде 130 ұлт тұрады, біз көпұлтты мемлекетпіз деп даурығатын болдық. Бұл   құр даңғазалық. Ғылыми негізге қарағанда Қазақстанда бір ғана ұлт бар, ол-қазақ ұлты. Басқалары диаспоралар. Жақында бір баспасөзде 130 ұлтты тізіпті. Сонда еврейлерді төрт ұлтқа бөліп жазыпты.

              Европалық еврей, грузин еврейі, т.с.с. Тұрып жатқан мекен-жайына қарамастан олар бір ұлт емес пе? 130-ұлт эксимостан бір адам да тұрмайды екен. Жақында Олжас Сүлейменов «Свобода слова» газетіне берген сұхбатында: «Население городов, как уже говорилось, стремительно пополняется за счет пустующего села. Нно при этом, как ни парадоксально, казахов в городах не становится больше. Больше заметно аргынов, адаевцев, конратов, уйсуней,» - деген. Мен, Олжекеңнің бұл сөздеріне түсінбедім. Әлде орекендер Олжас демей, алжас деп атағанға алжасып айтып тұра ма? Болмаса сөздеріне қарағанда қазақтарды көптеп көргісі келмейді. Сонымен бірге Қазақстанды көп ұлтты деп көру ауруы Олжекеңе де жұққан сияқты. Сондықтан да Қазақстанда ұлттар санын 130-140 емес, 200-ге жеткізу үшін, қазақтың руларын әрқайсысын әр ұлт ретінде көргісі келеді.

            Олжекең Президенттікке үміткер болғанда: «Мен Үш жүздің ұлымын» - деп, қазақтардың басын бір жерге қосқысы келді. Қазіргі тірлігіне қарасақ, қазақтың руларын әрқайсысын әр ұлт деп есептеп, азғантай халқымызды бөлшектегісі келген сияқты. Бұл енді Олжабай батырдың алтыншы ұрпағы Олжекеңе сын...

               Құрметті, Олжеке, «Бөлінгенді бөрі жейді» деген халық даналығы. Біз халықты руға да, ұлтқа да бөлмейік. Бір тұтас қазақ халқының айналасына топтасайық – деп үн тастауыңыз керек. Бұл Сіздің азаматтық та, ақындық та парызыңыз.

               Қорыта келгенде, егер Қазақстанда халық тату тұру үшін міндетті түрде доктрина қажет болатын болса, осы тұжырымдамадан артық доктрина керек емес. Бұл жалғыз біздің ғана емес біз сөйлесіп, пікір алмасқан көптеген адамдардың ойы, пікірі.

              Тұжырымдаманы асықпай талқылап, халықтың талқысынан өтіп, нақтыланған нұсқасын «Тәуелсіздікті қорғау» халықтық қозғалысының құрылтайында қабылдау керек. Тұжырымдаманы қабылдайтын құрылтайға Қазақстанда тұратын диаспора өкілдері де, мысалы Герольд Бельгер, Асылы Осман, Владимир Акимов сияқты зиялы қауым өкілдері қатысып сөз сөйлесе дұрыс болар еді.

            Тұжырымдаманың талабына сай Қазақ елі Қазақстан Республикасы емес Қазақ Республикасы атануы керек. Екінші мәселе, Қазақстан көп ұлтты мемлекет деген даңғазадан арылуымыз керек.

Елемес Жұмаұлы, Нұрлыбай Сисенбай, Жақсылық Төлебаев,

 Дархан Жалғасов, Дүйсекеш Тасанов, Жақсылық Шамшатов,

Сматулла  Ноғайқұлов