Азат Перуашев теміржолшылар мен кәсіпкерлерді толғандыратын сұрақтарға жауап берді

Азат Перуашев теміржолшылар мен кәсіпкерлерді толғандыратын сұрақтарға жауап берді

Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» демпартиясы республикалық штабының мүшелері Алматының еңбек ұжымдарымен кездесулерін жалғастыруда.

Бүгін «ақжолдықтар» локомотивтерге техникалық қызмет көрсетіп, жөндеумен айналысатын Қазақстандағы ең ірі кәсіпорын - «Қамқор Локомотив» компаниясының Алматы локомотив депосының ұжымымен кездесті.

«Біздің ұланғайыр жерімізді ескерсек, Қазақстан аумағында біртұтас нарық, біртұтас экономикалық кеңістік болуы үшін барлық өңірлерді, өндірушілер мен тұтынушыларды байланыстыру өте маңызды. Бұл іргелі жұмыста негізгі салмақ теміржолға түседі. Бүкіл ҚТЖ жүйесін Еуропа мен Азияны байланыстыратын көпір қызметін атқаратын халықаралық көлік-логистикалық компанияға айналдыру жобасы әзірленуде. Қытай мен Батыс арасындағы контейнерлік тасымал көлемінің өсіп келе жатқаны да кездейсоқ емес», - деді партия жетекшісі. 

Кездесу барысында Азат Перуашев партияның саяси бағдарламасының алты негізгі бағытын атады: Тәуелсіздік және «Алаш» ұлттық идеясы, демократия және парламентаризм, сыбайлас жемқорлықпен және де-офшоризациямен күрес, әлеуметтік әділеттілік, нарықтық экономика, кәсіпкерлік пен отандық өндірушілерді қолдау, салиқалы сыртқы саясат. 

Компания қызметкерлері ЦТС олигополиясына қатысты мәселелерді көтерді. Демпартия басшысы 2017 жылдан бері «Ақ жол» фракциясы кірме жолдарды рейдерлік басып алу мен «ЦТС» АҚ-ның тарифтерді күрт көтергені туралы бірнеше рет депутаттық сауал жолдағанын еске салды. Бірақ, тек президент Қ.Тоқаевтың тікелей тапсырмасынан кейін ғана монополиясыздандыру жөніндегі үкіметтік комиссия жолдарды заңды иелеріне қайтаруға қол жеткізіп, вагондардың өту тарифтерін 12 есеге төмендетті.

Депо жұмысшылары ипотеканың қолжетімділігі, несиелер бойынша ақылға қонымсыз пайыздар, жалғыз баспананың банктер мен коллекторлардан қорғалуы мәселелеріне қызығушылық танытты. Осы орайда А.Перуашев «Ақ жол» партиясының жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдау жолындағы 8 жылдық күресі, сол заң аясында борышкерлерге жасалған мүмкіндіктер мен шектеулер туралы айтты.

Сонымен қатар, №2 тізімді қайтару мен зиянды және қауіпті еңбек шарттары бар жұмысшылардың зейнет жасын қысқарту мәселесі де көтерілді.

Партия төрағасы «Ақ жол» демпартиясының зиянды және қауіпті еңбек шарттары бар жұмысшылар, яғни, металлургтер, кеншілер, ыстық және қауіпті өндірістер үшін 1 және 2 тізімдерді қайтаруды бірнеше рет талап еткенін атап өтті. Алайда, үкімет пен билік партиясы мұндай ұсыныстарға ұдайы тосқауыл қойып отыр. Мұндай кәсіп иелерінің көбі зейнет жасына жетпей жатады, сондықтан, біз талап етуді жалғастырамыз», - деп жауап берді Азат Перуашев.

Ал, аталмыш кәсіпорында жұмыс істейтін көп балалы ана әлеуметтік баспананы үлестіру мәселесіне назар аударды. Демпартия төрағасы «Ақ жолдың» әркім өз кезегінің қалай өтіп жатқанын бақылауы үшін әлеуметтік тұрғын үйді үлестірудің ашық мониторингін енгізу қажет деп санайтынын тілге тиек етті. Егер әкімдіктер берген тұрғын үйлер үшінші тұлғаларға жалға берілсе немесе сатылып кетсе, мұндай пәтерлер қайтарылып, мүгедектерге, жетім балаларға және кезекте тұрған көп балалы отбасыларға қайта үлестірілуі керек.

Емен-жарқын пікіралмасудан кейін, бірқатар теміржолшы «Ақ жол» демпартиясы қатарына өтуге ниет білдірді.

Сол күні Республикалық штаб мүшелері Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының кәсіпкерлерімен кездесу өткізді. Партияның саяси бағдарламасы таныстырылғаннан кейін А.Перуашев саланың өткір мәселелерін талқылады.

Атап айтқанда, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар мемлекеттік органдардан әділдікті талап етуде.

«2021 жылы бір балаға мемлекеттік балабақшаға бюджеттен 55 мың теңге, жекеменшік балабақшаға 26 мың теңге қаржы бөлінді. Яғни, біз өзімізге жауапкершілік алғанмен, мемлекеттің қолдауы шамалы», – деді бірлестік жетекшісі Любовь Айтхожина.

Азат Перуашев «Ақ жол» демпартиясы жамбылдық және атыраулық әріптестерінің бастамасымен жекеменшік балабақшаларды қорғау мәселесін парламент мінберінен бірнеше рет көтергенін айтты. 

Ал биылғы сайлауда Алматы қалалық мәслихатының депутаттығына «Ақ жолдан» осы саланың өкілі Алина Мурзаева үміткер атанып отырғандықтан, партия бұл мәселелер бойынша тұрақты байланыста болады.

«Ақ жол» демпартиясының республикалық штабы үгіт-насихат кампаниясы аясында халықпен, еңбек ұжымдарымен кездесуін жалғастыруда.

*Материалдың ақысы «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлау қорынан төленді.