Алматы оқушылары сабақта порно көрген: Мектептерде бақылау күшейтілді

Алматы оқушылары сабақта порно көрген: Мектептерде бақылау күшейтілді

Алматы прокурорлары мектеп оқушыларының сабақ үстінде порнографиялық сипаттағы видео көріп, сыныптастарын қорлау дерегіне қатысты түсінік білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде қаладағы оқу орындарының бірінде оқушылардың сабақта анайы видео көріп жатқаны туралы мәлімет тараған болатын.

Осыған байланысты Алматы қаласының прокуратурасы жалпы білім беретін мектеп оқушыларының тыйым салынған ақпараттан қорғалғандығына талдау жасады. Белгілі болғанындай, видео 2022 жылдың қаңтарында түсірілген.

«Мұндай сайттарды бұғаттау бойынша органдардың қабылдап жатқан шараларына қарамастан, іс жүзінде күн сайын жаңалары құрылып жатыр. Осыны ескере отырып, Алматы қаласының прокуратурасы осындай контентке мониторинг жүргізу және олардың оқушылар арасында таралуына жол бермеу жөніндегі жұмысты күшейтіп, қайта қарауды ұсынды», - деп хабарлады қалалық прокуратурадан.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша Білім басқармасы арнайы бұйрық қабылдады.

«Оған сәйкес «Білім берудегі жаңа технологиялардың қалалық ғылыми әдістемелік орталығы» КММ-ге мониторинг жүргізу және «қара тізімді» қалыптастыру міндеті жүктелді. Анықталған тыйым салынған сайттар «School net» корпоративтік желісіне енгізіледі. Бұл оқушылардың жағымсыз контентке қолжетімділігін барынша азайтуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті қадағалау органынан.