Радикализмнің алдын алудағы Қазақстан мен Түркия тәжірибесіндегі жаңа сын-тегеуріндер мен ықтимал шешімдер

Радикализмнің алдын алудағы Қазақстан мен Түркия тәжірибесіндегі жаңа сын-тегеуріндер мен ықтимал шешімдер

Қазақ елі қазіргі таңда күллі әлемге өзінің дінаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың алтын діңгекті ақ ордасы екендігін паш етіп отыр. Бұл бұғанасы қатып бекімеген жас мемлекет үшін үлкен мәртебе. Қазақстан бүгінде зайырлы саясат басшылығымен сатылап дамып келе жатқан, экономикасы ілгеріленген, демократиялық даму жолына түскен, Орталық Азиядағы көшбасшы, халықаралық қоғамдастықта беделді әрі құрметті әріптес деп танылған мемлекетке айналды. Тәуелсіздік алғаннан бергі ең ірі жеңісіміз бен үлкен жетістіктеріміздің бірі – елімізде діни наным-сенім бостандығының толық бекуі, соның ішінде ислам дінінің өркендеуі көрініс тауып отыр. Дін рухани өмірдің негізі, қоғамдық өмірдің ажырамас сыңар бөлігі болып табылады. XX ғасырдың соңында кеңестік империядан соңғы кеңістікте қоғамдық-саяси және әлеуметтік-мәдени ортаның қалыптасуы мен дамуы, бұрынғы кеңестік республикаларда мекен ететін өзге ұлттардың да ұлттық сана-сезімінің өсуіне және рухани бағдарлардың өзгеруіне себепші болды. Кеңестік империя құлаған соң, қарапайым халықтың діни құндылықтар мен дәстүрлерге жаппай бет бұруынан аңғаруға болады.

Бұл үдеріс Қазақстанды да айналып өтпеді. Халқымыздың діни сана-сезімінің арта түсуі бүгінде біршама үйреншікті жағдайға айналды. Сонымен қоса, Қазақстандық қоғамның басты ерекшеліктерінің бірі – Қазақстан халқының діни дәстүрлерінің жаңару мен жаңғыру үдерісі деп атап өтеді зерттеушілер. Осы орайда еліміздің дәстүрлі діні исламның діни санамыздағы орнын көрсетіп, оның қоғамдағы орнына баға беру заман талабы деп есептейміз. 

Қазақтардың дүниеге көзқарасы, рухани және мәдени дамуы сұқбаттық өрісімен ерекшеленеді. Сұқбаттық өріс жалпы түркі тілдес халықтардың рухани мәдениетімен де исламдық дәстүрмен де тығыз байланысты. Тарихи дәуірдің ерекшелігі сыртқы қауіп-қатерлерден қорғану, мәдени, этникалық бірегейлікті сақтаумен байланысты. Тарихи өзгерістер, басқа мәдениет және басқа діни өкілдерімен жақындасудың жолдарын табу кезеңі қазіргі заманғы зерттеушілердің қызығушылығын тудырады. Оның негізгі себебі – қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге төтеп беру үшін ең алдымен ұлттық бірегейлікті сақтау үшін болашаққа қандай мақсаттар мен құндылықтарды ұстанып баратынын анықтау өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қазіргі кезеңдегі діни экстремизм мен терроризм, радикализм мен фундаментализм, жаһандану процестерінің әртүрлі қауіп-қатерлері рухани жетілуді, сананың өзгеруін, гуманистік принциптерді дамытуды және оларды басшылыққа алуды жүктейді. Сондықтан да еліміздегі дәстүрлі ислам дінінің рөліне ғылыми тұрғыдан баға беріп, оның болашағын болжау маңызы мәселе болып табылады. Осы орайда, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультеті Түркия Дін істері басқармасымен (Diyanet) және Turkiye Diyanet Vakfı қорымен (TDV) бірлесіп, Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен 2023 жылдың 23-25 қаңтарында «Радикализмнің алдын алудағы Қазақстан мен Түркияның тәжірибесі: теориялық мәселелер мен практикалық шешімдер» атты Халықаралық қысқы мектебін өткізді. 

Халықаралық Қысқы мектеп тиісті мемлекеттік органдардың, ғылыми институттардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, өңірдегі діни радикализмнің алдын алудың неғұрлым өзекті мәселелері бойынша Қазақстан мен Түркияның жетекші сарапшылары арасында тәжірибе алмасу және осы процеске қарсы тұруға бағытталған ұсыныстар әзірлеу үшін ашық пікірталас алаңы тақырып аясында терең талқылаулар мен шешімдердің ашылуы болды. Радикализмнің алдын алу мәселелері өте өзекті. Бұл мемлекеттің қауіпсіздігі және ішкі тұрақтылықты сақтау үшін маңызды. Қысқы мектептің спикерлері мен модераторлары көрнекті қазақстандық және түрік ғалымдары мен сарапшылары: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультетінің деканы Б.Б. Мейрбаев, дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі А.Д. Құрманалиева, Таяу Шығыс зерттеулері орталығының қауіпсіздік саласындағы зерттеулер бөлімінің директоры Гектуг Сонмез (Түркия); «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Құрманбаев Қайрат (Қазақстан); Түркия Ұлттық полициясы Қауіпсіздік туралы ғылымдар институтының докторы Хақан Қайыжы (Түркия); ҚР БҒМ Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институтының Дінтану бөлімінің бас ғылыми қызметкері Сатершинов Бақытжан (Қазақстан); PhD Осман Түрк (Түркия), Халықаралық қатынастар факультетінің профессоры Л.Ф. Деловарова, Х. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Метин Йылмаз және дінтану және исламтану магистранттары мен докторанттары жалпы саны жүзден аса тыңдарман қатысты.  

«Діни экстремизм теологиясы: қазіргі салафизм қалыптастырушы идеология және оның дамуы ретінде» Осман Түрк мырза бұл тақырыптың терең шешімі ретінде мешіттердегі имамдардың санын күшейту және білім алуына аса мән беріп қадағалауды ұсынып, оң нәтиже беретіні сөзсіз екенін талдап көрсетті. Қайрат Құрманбаев, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры, PhD «Діни мәтіндерді дұрыс түсінудің дерадикализациядағы маңыздылығы» аясында баяндады. Діннің мәтіндері турасында елімізде қасиетті Құран Кәрім жету жолдары тарихнамасы 100 пайыздың деңгейде зерттелгенін айтып, діни мәтіндерді дұрыс түсіну үшін зерттеулер мен оқулықтардың аздығы біріншіден араб тілі білімінің болмауы. Екіншіден, контекстуалды семантикалық талдау қажет етеді. Яғни, мән-мәтін тұтастығы маңызды, негізгі ой жүйесін контекстік деңгейде анықтаумен (Бір тақырыптағы бірнеше хадистерді жинақтау арқылы) қол жеткізеді. Сонымен қатар, Құран мен хадис мәтіндеріне қатысты ілімдер білу маңызды болмақ. Радикализмнің алдын алудағы бірден-бір шешім Діни мәтіндерді терең түсіну деп қорытындылады.

Дегенмен, мемлекет терроризммен сәтті күресу үшін оған азаматтық қоғам өкілдері, БАҚ өкілдерінің жеке секторлардың және бизнес әлемінің қолдауы қажет. Батыс сарапшылары Түркияның шиеленісті аймақта орналасса да, экономикалық зор жетістіктерге жеткенін, бірақ бұл елде секуляризмнің орнын исламшылдық басып келе жатқанын жазады. Осы шара барысында Түркия мемлекеті Хакан Кыйыжы, Полиция Академиясының Қауіпсіздік ғылымдары институтының ғылыми қызметкері, PhD «Экстремизмге қарсы күресте әлеуметтік қолдау жөніндегі іс-шаралар» баяндамасы да құнды ақпараттардың дәлелді тұжырымымен толықты.Экстремизмге қарсы 2016 жылдан бастап белсенді түрде күрес жүргізіп келе жатқан Туркия мемлекеті үшін барлық қауіп-қатердің беті қайтарылғандығы айтылды. Биылғы жылы Қазақстан тәжірибесінде болған Қаңтар оқиғасы да назардан тыс қалмады. Террорлық әрекет қарсы табанды күрес мен нәтижелі жоспардың арқасында үлкен қауіптен азат етілген жас мемлекет үшін үлкен мәртебе екені сөзсіз.  

Х.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, PhD Мэтин Йылмаз «Экстремизмге қарсы күресте дұрыс діни білім беру функциясы (Түркия мысалында)» баяндамасын қазіргі қоғамда көп талқыға түсіп жатқан швециялық саясаткер және адвокат Расмус Палудан Түркия елшілігінің алдында акция өткізіп, Құранның көшірмесін өртеп жіберген әрекетінен бастады. Бұл акцияға Швеция билігі рұқсат беріп, тіпті Полуданның қауіпсіздігін жергілікті полиция қызметкерлері қамтамасыз еткен болатын. Оның айтуынша, Құранды өртеу – шектен шығудың ең үлкені. Бұл әрекет бүкіл әлемге бүлік салып отырғаны анық. Діни радикалдану – қоғам, мәдениет, ғылым-білім мен өнерден ажыраған кезде бірден пайда болатын құбылыс болып табылады. 

Жалпы алғанда жастардың санасы теріс ағымды ұстанушылардың насихатымен уланбауы тиіс десек, оларды бала күнінен қадағалағанымыз дұрыс. Бұл қоғамның басты міндетіне айналғаны жөн деп білемін. Өйткені бүгінгідей ғаламтор дамыған заманда ата-ана, үлкендер жағы балалардың немен айналысып жүргенін назардан шығармай, бақылауда ұстағаны мақұл. Әлеуметтік желілер арқылы қорғаныс иммунитеті әлсіз адамдарға олар шабуыл жасауларын тоқтатпайды. Интернет беттерінен теріс діни ақпараттар алу арқылы бір отбасы мүшелері бір-біріне қарсы шығады. Одан кейін қоғамда түрлі қарама-қайшылықтар пайда болып, жік-жікке бөлініп, еліміздің діни тұрақтылығына әсер етеді. Әрине, құзырлы органдар тарапынан көптеген күдікті сілтемелер бұғатталып жатыр. Алайда, соған қарамастан ата-аналар да өздерінің жауапкершіліктерін сезініп, балаларын бақылауда ұстаған дұрыс.

Еліміздің тәуелсіз, егеменді ел болғанына отыз жылдан асып, шет елдердің көпшілігіне үлгі тұтарлық жағдайда болуы баршамызды қуантады.


Борбасова Қарлығаш Молдагалиқызы

Философия ғылымдарының докторы, доцент

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Алматы

Мұқан Әйгерім Болатқызы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 

Исламтану мамандығының

1 курс докторанты

www.kaznu.kz