Бучадағы киіз үйлер - біздің меценаттардың Украина халқына көмегі - ҚР СІМ

Бучадағы киіз үйлер - біздің меценаттардың Украина халқына көмегі - ҚР СІМ

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Украинаның Буча қаласында қойылған қазақи киіз үйлерге қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Киіз үй қойылды, бұл жерде қандай проблема бар? Киіз үй тігу жеке қазақстандық компаниялардың бастамасы. Азаматтар өздері апарып, көмектесіп жатыр. Өздеріңіз білесіздер киіз үй тез құрылып, тез жиналады. Бұл - біздің меценаттардың Украина халқына көмегі. Сондықтан бұл жерде проблема көріп тұрған жоқпыз. Қазақстанда және Украинада екі елдің диаспоралары бар. Әрине, Украинада жағдай қиын, мүмкін сондықтан бұл ақпарат басқаша көрініп жатқан шығар», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Үкімет үйінде тілшілердің сауалына жауап бере тұрып.

Оның айтуынша, Сыртқы істер министрлігінің және Украинадағы Қазақстан елшілігінің қатысы жоқ.

«Ресейлік әріптесіме айтарым, бұл - өзіміздің, халықтың мәселесі. Сондықтан біз ешқандай ақталып жатқан жоқпыз. Киіз үйлер қойылды. Ресми жауап бермейміз», - дейді ол.

Еске сала кетейік, бұған дейін Украинаның Буча қаласында қазақтың киіз үйлері тігілгені хабарланған болатын. Осы ақпаратқа қатысты Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова «тақырыпты одан әрі қазбалай бермеу үшін және осы мәселеге нүкте қою мақсатында қазақстандық достар ресми түсініктеме бергені дұрыс болар еді» деп мәлімдеген болатын.