Астанада 3 млн теңгеге тауар ұрлаған Яндекс курьері ұсталды

Астанада 3 млн теңгеге тауар ұрлаған Яндекс курьері ұсталды

Елорданың 24 тұрғыны жалған курьерге алданып, 3 млн теңгеден астам шығынға ұшырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана қаласының полиция қызметкерлері алаяқтық әрекеттер жасады деген күдікпен 26 жастағы Көкшетау тұрғынын анықтады», - деді Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек апталық брифингте.

Ер адам Яндекс мобильді қосымшасында тіркелген. Курьер қызметі сылтауымен ол астаналықтардың 3 млн 600 мың теңгеден астам ақшасын иемденген.

«Күдікті тапсырыс берушіден өтінімді қабылдап, дүкенге жаңа тауар алуға барған, бірақ клиентке жеткізбей, өзі иеленіп отырған. Алданған қала тұрғындары курьердің ұялы телефонына хабарласа алмаған. Сондай-ақ, ол ұялы телефондар, ноутбуктер, сымсыз құлаққаптар және басқа да құрылғыларды меншіктеп алған», - деді ресми өкіл.

Алаяқтық әрекеттердің барлық фактілері бойынша ҚК-тің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Оның мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.