“СІЗ БІЗДІҢ СЫНЫМЫЗДЫ ТЫҢДАҒЫҢЫЗ КЕЛМЕЙДІ, АЛ БІЗ ТЫҢДАТАМЫЗ!”- Азат Перуашев (видео)

“СІЗ БІЗДІҢ СЫНЫМЫЗДЫ ТЫҢДАҒЫҢЫЗ КЕЛМЕЙДІ, АЛ БІЗ ТЫҢДАТАМЫЗ!”- Азат Перуашев (видео)

“Өйткені, бұл халық алдындағы міндетіміз, министр мырза”-дейді “Ақжолдық” депутаттар.

Өскеменде жер - Ахметовтыкі, Павлодарда – Бақауовтыкі, Астанада – Шөкеевтікі! 

Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов халыққа тиесілі жерлерді иемденіп алғандардың атын атауды талап етті. 

Мәжіліс отырысында депутат, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Берік Дүйсембинов 5,2 миллион гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарылды деп мәлімдеген Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашүкеевтің баяндамасының растығына күмән келтірді.

Бұл туралы «Қазақ үні» хабарлайды. 

"Сіз әдемі баяндама жасадыңыз жаңа. Бірақ мына сіздің айтып жатқан "мыңдаған гектарды біз қайтарып жатырмыз" деген сөзіңізге мен елдің сәлемін айтайын деп отырмын. Жақында елден келдік. Қай облысқа бармасаңыз жолдың оң жағы да, сол жағы да әкімнің жері. Қайтып жатқан жер жоқ. Мал ұстап отырған, егін егіп отырған кісілер жерге зәру болып отыр. Бірақ қолы күштілер бұрынғы қалпында қалып отыр. Жердің иелерін сіздерге мында шығарып, тақтаға жазып қоюға кім кедергі? Өскеменге барсаңыз жердің бәрі Даниал Ахметовтікі, Павлодарға барсаңыз Бақауовтыкі, Астананың маңайында Шөкеевтікі, оны айтуға қорқып отыр бәрі. Жаңағы сіздің баяндамаңызда айтылған мыңдаған гектардың бәрі өтірік. Ана халықтың бәрі наразы болып отыр. Мал ұстаған кісілерге жер жетпей жатыр. Сіздер әдемі баяндаманың орнына осыны қашан нақты қолға аласыздар? Аты-жөнін жазыңыздар, неге ұяласыздар олардан, тақтаға іліп қоюдан? Бұрынғы отырған байлар солар отыр", – дейді депутат Берік Дүйсембинов. 

Ауыл шаруашылығы министрі тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын және биыл 5,2 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын айтты. 

"Сіздің сыныңызды қабылдамаймын. Биыл 5,2 миллион гектар жерді қайтардық. Бұл бұрынғы олигархтардың, әкімдердің жерлері. Келесі жылы тағы 5 миллион жер қайтарылады. Қазір жұмысты өте белсенді жүргізіп жатырмыз, 1 қаңтардан бастап барлық жерде осы жерлердің иесі кім екені жазылады, яғни барлық ақпарат қолжетімді болады. Біз қазір интерактив картаны жасап жатырмыз, сондықтан олай айтуға болмайды. Өйткені 5,2 миллион гектар бойынша, осы жер иелерінің барлық аты-жөні мен тегін көрсетуге дайынбыз", - деді Қарашөкеев. 

«Ақ жол» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев министрдің баяндамасымен келіспейтінін айтты. 


"Мұндай сынды тыңдағымыз келмейді дейсіз, бірақ біз тыңдауға мәжбүрлейміз, бұл біздің халық алдындағы міндетіміз. Интерактив картаға келетін болсақ – 3-5 жылдан бері талап етіп келеді. Қазір бізді жұбату үшін оның пайда болатынына уәде беріп отырсыз. Әр жолы осылай дейсіз, неге тек мұндай уәделер ғана. Ол қашан жүзеге асырылады және қашан пайда болады? Біздің мақсатымыз сізді қалай да кінәлау немесе басқасы емес. Бірақ сіз Парламент мінберінен осындай ақпаратты айттыңыз, сондықтан ақпарат шынайы болуы керек. Интерактив карта жұмыс істемейді, ол шынымен де солай. Қолжетімді болса, біз білетін едік. Сондықтан мен өз тарапымнан сіздің ақпаратыңызбен келісе алмаймын", - деп ашуланды Мәжіліс депутаты.