МӘДЕНИЕТТЕН жұрдай болып барамыз ба?

0
755

Қала ішіне қатынайтын №128 бағыттағы қоғамдық көлікте отырған болатынмын. Әрбір аялдама сайын жолаушылар толассыз мініп-түсіп жатыр. Автобус келесі бір аялдамаға тоқтаған кезде өрімдей ғана оқушы қыз түсуге дайындалды. Әлгі оқушы қыздың жолда жүру билетін көрген кондуктор:

 

– Сен кімді ақымақ қылып тұрсың, ә? Кәсіптік лицейде оқитын болсаң, сен студент емессің бе? Маған оқушының билетін көрсетіп алдаймын деп тұрсың ба? – деп жағасынан алды.

        Мұндай жағдайды күте қоймаған оқушы қыз да қапияда не дерін білмей сасып қалды да:

– Сіз дұрыс түсініңіз мен кәсіптік лицейдің оқушысымын. Мен студент емеспін, – деп түсіндіргісі келген еді, кондуктор оның сөзіне құлақ асқан да жоқ. Қайта айқайын одан әрі үдете түсті.

– Сен не маған ақыл айтпақшысың ба? Жолақыны түгелімен төле, әйтпесе мына билетіңді бермеймін, – деген кондуктор қоғамдық көлікте отырған бір қауым елді шыбын құрлы көрмей, оқушы қызға әлімжеттік жасайтынын айтып, қорқытып та қойды.

          Оқушы мен кондуктор арасындағы диалог осылайша өрби берді. Осы сәтте араға манадан бері әзер шыдап отырса керек, жасы үлкендеу жігіт ағасы қосылды.

– Айналайындар-ау, ай мен күннің аманында сендерге не көрінді? Екеуің де қазақтың қызы емессіңдер ме? Дүйім жұрттың алдында бұл тірліктерің ұят болады, қойыңдар енді, – деп басу айтты.

– Сіз менің жұмысыма араласпаңыз, мен өзім білемін, – деп әлгі кондуктор ол кісіні де тыйып тастады. Үлкен кісіні тыңдамағаннан кейін, біз сияқты жастардың сөзіне кондуктор апайдың мұрнын шүйіре қарайтындығы анық еді. Автобус аялдамаға келіп тоқтағанмен, айқай-шу әлі басылмады.

– Жолақыны беруге бір жерің шыдамайтын болса, мінбе, енді білдің ба, – деп кондуктор, оқушы қыздың жолда жүру билетін өзіне әзер дегенде қайтарып берді. Жолаушыларды жұлуға дейін барған мәдениеттен мақұрым мұндай кондукторларға айыппұл салса да, артықтық етпейтін сияқты. Кімнің оқушы, кімнің студент екенін айыра алмай тұрып, «кәсіптік лицейде оқыса, ол оқушы ғой» деген жолаушылар сөзін құлағына да ілмеген кондуктордың бұл ісіне қарап «өзің білме, білгеннің тілін алма» деген қысыр сөз осындайда айтылған екен ғой деген ойға қалдым. Дұрысын айтсақ, кәсіптік лицейде оқитын оқушылар студент емес. Олар да кәдімгі мектептің оқушысы тәрізді оқушы. Мәселенің мән-жайын айырып алмай жатып айқайға басқан кондуктордың бұл әрекеті бір ғана адамның емес, автобус ішіндегі халықтың бәрінің мазасыз алды. Қазіргідей қиын қыстау заманда екінің бірінің жүйкесі жұқарған. Ешкім ешкімнің сөзін көтере алмайды. Мұны да ұғыну керекшығар. Басқаның бәрін қойғанда екі қазақтың қызы бір-бірімен көпшіліктің көзінше бажылдасып жатқаны қазақ қызына тән қылық емес қой. Осы тұста айта кететін нәрсе – Алматы өзге қалалалармен салыстыруға келмейтін үлкен қала болғандықтан, қала ішіне қатынайтын қоғамдық көліктердің саны да, ол көліктердің қызметін пайдаланатын халық та көп. Бұл біз көрген бір ғана оқиға. Ал басқа бағыттағы автобустар да қандай жағдайдың орын алып жатқанын кім білсін?! Осы жәйттің бәрін ескере отырып, Алматы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қаладағы қоғамдық көліктердегі тәртіптің сақталуын қадағалайтын белгілі бір шара ұйымдастырып, келеңсіз жағдайлардың орын алуына жол бермесе екен…

Гүлмира САДЫҚОВА

 

 

 

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз