Бақытгүл Хаменова 7 жылға сотталды

Бақытгүл Хаменова 7 жылға сотталды

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменова 7 жылға сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Атырау олысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы қайта жалғасты. Сот оны ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-блімінің 2-тармағымен (Ірі көлемде пара алу) кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

«Сот Бақытгүл Хаменованың қабылдаған антты бұзу арқылы қылмыс жасағанын жазаны ауырлататын жағдай деп таныды. Жеңілдететін мән-жай ретінде жас балаларының бары ескерілді. Сотталушыға өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына, 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Екі жас баласының болуына байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес жазаны өтеу мерзімі 3 жылға кейінге қалдырылды», -делінген соттың хабарламасында.

Сонымен қатар Бақытгүл Хаменова «Құрмет» орденінен айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Атыраудағы №2 қалалық сотта Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот отырысы 11 тамызда басталған еді. Айыптау актісі 55 беттен тұрады.

Сот отырысында Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ.

Қазанның 31 күні өткен сот отырысында прокуратура өкілі Бақытгүл Хаменованы 7 жылға бас бостандығынан, «Құрмет» орденінен айыруды ұсынды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Бақытгүл Хаменованың ісіне қатысты сот отырысы қайта жалғасқанын жазған едік.

Бүгін, 14 қарашада өткен сот отырысында Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға соңғы сөз берілді.

«Менің бұл қылмыстық оқиғаға қатысым болған жоқ. Осы іс бойынша заңға сәйкес ақтау үкімі шығарылуы мүмкін», -деді Бақытгүл Хаменова.