Брекешев Өзбекстанның Қазақстанға жақын жерде АЭС салу жоспарына түсінік берді

Брекешев Өзбекстанның Қазақстанға жақын жерде АЭС салу жоспарына түсінік берді

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Өзбекстанның Қазақстан шекарысына жақын жерде АЭС салу жоспарына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомство басшысының айтуынша, аталған мәселеге қатысты тиісті мемлекеттік органдар қамтылған жұмыс тобы бар. Осы орайда көршілес елмен бұл бағытта тиісті талқылаулар жүріп жатыр.

«Жыл соңына дейін тағы бір кездесу өтеді. Бұл мәселе маңызды екені түсінікті. Сондықтан аталған нысанның құрылысын жүргізу немесе жүргізбеуге қатысты шешім Қазақстанның пікірін назарға ала отырып қабылданады», - деді С. Брекешев Мәжілістегі Үкімет сағатынан кейін тілшілер сауалына жауап бере отырып.

Сонымен қатар ол аталған АЭС-ті салу туралы шешім әлі де қабылданбағанын, бұл тұрғыда Қазақстан жағы өзінің ұстанымында нық тұратынын айтты.

«Осы орайда қауіпсіздіктің экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық талаптары басты назарда болады», - деді министр.

Бұған дейін АЭС шекараға жақын орналасқан Тұзқан көлінің жанынан салынатыны хабарланған еді.