Мемлекеттік тілді білмесең - Қазақстан азаматы емессің! Жаңа заң қабылданады!
2022 ж. 06 қараша
2431
3
“Ақ жол” партиясы талайдан көтеріп келе жатқан Қазақстан азаматтығын алу үшін Мемлекеттік тілден емтихан тапсыру мәселесі заң жүзінде шешіледі.
Ел заңнамасына мемлекеттік тілді білмейтіндерді азаматтыққа қабылдаудан бас тартуды көздейтін түзету әзірленді. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заңға мемлекеттік тілді, тарих пен ұлттық заңнаманың негіздерін білмеуді азаматтыққа қабылдаудан және қалпына келтіруден бас тарту үшін қосымша негіз ретінде көздейтін, сондай-ақ қос азаматтығы фактілерінің алдын алуға бағытталған түзетулер әзірленді», - деп атап өтеді Үкімет басшысы.
Премьер-Министрдің айтуынша, аталған заңнамалық түзетулер Парламент депутаттары бастама жасаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша Парламент депутаттарының түзетулеріне, Үкімет қорытындысының жобасына енгізілді.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаттарының сауалында қоныс аударушылардың қос азаматтығын тексеруге және құқықтық іс-шаралар қабылдауға қатысты мәселелер көтерілген болатын.
Бұл мәселені кезінде “Ақ жол” демократиялық партиясының фракция мүшелері талай жылдан бері көтеріп, бірнеше рет депутаттық сауалдар жолдаған болатын.
Атап айтқанда, 2017 жылы және 2019 жылдары Азат Перуашев Қазақстан азаматтығын алғысы келетіндер үшін Мемлекеттік тіл мен Конституциядан және ел тарихы мен мәдениетінен емтихан тапсыруды енгізуді ұсынды.
2017 жылы 29 наурыздағы ҚР Премьер-Министріне депутаттық сауалында: “Қазақстан лайықты өмірі бар, тартымды мемлекетке айналғандықтан еліміз жақын аймақтардан қашқан босқындар үшін қызығушылық тудыруы мүмкін.
Осыны ескеріп, елімізде миграциялық дағдарысты күтпей-ақ, оны реттеу мен Қазақстандық бірегейлікті қорғау жөнінде алдын алу шараларын қолға алу керек деп есептейміз.
Ең алдымен, заңнаманы Конституцияға сәйкестендіру аясында, «Азаматтық туралы» заңында Қазақстан Республикасының азаматтығын сұраушыларға емтихан тапсыру туралы нормалар қарастырылуы тиіс”-деп атап көрсетілген.
Биылғы 2022 жылдың 27 сәуірінде Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның «Ақ жол» фракциясы атынан ҚР Премьер-Министрі Ә. Смайыловқа жолдаған сауалы «Мемлекеттік тіл есіктен кіре алмай жылап тұрса, біз қалай төрде отырамыз?» деген тақырыппен порталымызда жарияланған болатын. Өз сауалында депутат шұғыл Ұлттық идеология концепциясын қабылдау қажет екенін, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керектігін талап еткен еді. Сонымен қатар Азаматтық алу үшін Мемлекеттік тілден емтихан тапсыруы тиіс деген ұсыныс жасаған еді.
- Қазір геосаяси жағдайларға байланысты біздің елге басқа елдерден қоныс аударушылар ағылып жатқандықтан, Ұлттық қауіпсіздік мақсатында 2017 жылдан бері «Ақ жол» фракциясы бірнеше рет ұсынғандай, Қазақстан Азаматтығын алу үшін мемлекеттік тіл мен ел тарихынан емтихан тапсыруы тиістігін заңмен бекітуіміз керек.
Ресейде азаматтық алу үшін ғана емес, жәй жұмысқа тұру үшін алдымен мемлекеттік тілді білуің керек! Мысалы, Ресейдің мемлекеттік тілін білуі тиіс аула сыпырушысының азаматтық құқы мен құны біздің мемлекеттік тілді білуі тиіс емес, білмейтін министрлерден, әкімдерден, депутаттардан жоғары тұр!- деп қатты айтылған депутаттық сауалда.
“Ақ жол” фракциясының осы өте өзекті мәселеге байланысты төртінші депутаттық сауалын ҚР Премьер-Министрі Ә. Смайыловқа
2022 жылғы 5 қазанда депутат Берік Дүйсембинов жариялады. Онда: “Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, жалпы бүгінде елімізде 350 мың ресей азаматы тұрақты тұрып жатыр. …Олар Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына қалтқысыз бағынуға, тіліміз бен салт-дәстүрімізді құрметтеуге міндетті.”-деп көрсетілген.
Премьер-Министрдің кешегі жауабы осы “Ақ жол” фракциясының депутаттық сауалына байланысты келген.
Сонымен қатар, айта кетеріміз, Үкімет басшысының жауабындағы заң бабы “Халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Парламент Мәжілісі депутаттарының, атап айтқанда Ерлан Смайылов, Қазыбек Иса, Айгүл Жұмабаева, Ғабдол-Ғазиз Құлахметовтердің ұсынуымен ҚР Азаматтық алу туралы заңының 17 бабына толықтыру арқылы жүзеге асуда.
Бір ескертетін жәйт, Қазақстан азаматтығын аларда Мемлекеттік тілден емтихан тапсыру шет елдегі қандастарымызға, яғни этникалық қазақтарға жүрмейді.