"7 жылға дейін сотталуы мүмкін": Рамиль Мухоряповқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

"7 жылға дейін сотталуы мүмкін": Рамиль Мухоряповқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

Алматы полициясы кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың "қазақ тілі туралы" мәлімдемесі бойынша қылмыстық іс қозғады, деп хабарлады Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы журналист Күлтегін Аспанұлы Facebook парақшасында жазды. Оның айтуынша, ол 20 қазанда прокуратураға жолдаған арызына Алматы қалалық ІІД экстремизмге қарсы күрес басқармасынан жауап алған.

"Алматы қаласы ДПБ-ның міндетін атқарушы Д.Е.Әбіқұловтың қол қойған хаты бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 1-бөлігінің 174-бабы “Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық араздықты қоздыруға бағытталған қасақана әрекеттер” бойынша қылмыстық іс қозғалды”, – делінген журналистің хабарламасында.

Әбіқұловтың айтуынша, тергеу аясында психологиялық-лингвистикалық сараптама тағайындалған. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

Осы баптың санкциясында жаза түрлері: айлық есептік көрсеткіштің екі мыңнан жеті мыңға дейінгі мөлшерінде айыппұл салу; екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, сол мерзімге бас бостандығынан айыру.

Бұған дейін ҚР Бас прокурорының орынбасары Әсет Чиндалиев Алматы полициясы кәсіпкер Рамиль Мухоряповтың қазақ тіліне қатысты айтқан сөздерін тексеріп жатқанын айтқан болатын. Мәжілістің бір топ депутаты осындай өтінішпен Қазақстанның Бас прокуроры Берік Асыловқа жүгінген болатын. 

Өткен аптада желіде тараған видеодан кейін Chocofamily холдингінің негізін қалаушы Рамиль Мухоряпов жанжалдың ортасында қалған.